Жаңалықтар

«Достық үйіне» саяхат

Атамекендерінен жырақтап, қиын-қыстау кезеңде татулығы – тыныштыққа, бірлігі – берекеге бастаған қазақ елінің көңіл жомарттығын, қиын кезеңде ауызындағы асын жырып берген жанқиярлығын көрген өзге ұлт өкілдерінің ұрпақтары әлі күнге аңыз етіп, ризашылықпен айтады. Бүгінде бір тарихқа айналып, біртұтас шаңырақтың астында бірлігі жарасып күн кешкен 25 ұлттың 22 этно-мәдени бірлестігі бар облысымызда. Олар Қарағандының «Достық үйінде» шоғырланған. Ал, осы татулық ордасының мұражайына бара қалсаңыз, әр ұлттың тарихына, салт-дәстүріне, өмір салтына куә боласыз. Қалада осындай бірегей орынның бар екенін қарағандылықтардың бірі білсе, бірі білмеуі де мүмкін. Қазақстан ардагерлер қозғалысының құрылғанына 35 жыл толуына орай «Достық үйінің» қызметкерлері бастама көтеріп, «Достық үйінің» жұмысымен, сондай-ақ, мұражай экспонаттарымен таныстыруды жөн көрген.

– «Достық үйімізге» еліміздің облыстары ғана емес, өзге мемлекеттерден келгендер де қызығушылық танытады. Содан бізде «Осындай әдемілікті неге қарағандылықтар ғана көруі керек, облыстың өзге өңірлерінің тұрғындарына да неге көрсетпеске?» деген ой туындады. Оның үстіне биыл Қазақстан ардагерлер қозғалысының құрылғанына 35 жыл әрі «Балалар жылы» деп жарияланғандықтан, «Қарттарым – асыл қазынам» және «Сарыарқа – достықтың аймағы» атты екі бағытта жұмыс істеуді бастадық, – дейді Мүгілсім Шибаева.

«Қарттарым – асыл қазынам» бағыты бойынша өңірдегі ардагерлер кеңестерінің төрағаларымен ақылдаса отырып, ардагерлерді «Достық үйінің» жұмысымен таныстыруды жөн санаған. Бірақ, Әлихан Бөкейхан атындағы ауданның ардагерлер ұйымының төрағасы Марат Аймағамбетов ардагерлермен қатар, аталған ауданға қарасты Мартбек Мамыраев атындағы әскери-техникалық мектептің курсанттарымен бірге келуге шешім қабылдаған.

Екі топқа бөлінген курсанттарды «Достық үйімен» мұражай қызметкері Мүгілсім Шибаева мен дамыту бөлімінің жетекшісі Данагүл Садырбаева таныстырды.

Мұражайдың негізін қалаған Мүгілсім Шибаева үшін осындағы әр экспонат ыстық. Әрқайсысы жайлы ерекше ықыласпен курсанттарға таныстыруды да бастап кетті. Бірінші витрина – грузин ұлтына арналған. Ұлттық киімдері, тұрмыста тұтынған заттары жайлы қызықты ақпаратпен бөлісті. Осы жерге грузиндердің керамикалық «квеври» ыдысы да қойылған. Мүгілсім Шибаеваның айтуынша, отбасында ұл дүниеге келгенде әр грузин кемі 300-400 литрлік квевриге шарап толтырып, жерге көмген. Оны ұл өсіп, өзі отбасылы болғанда шығарған.

Келесі витрина шешендер мен ингуштарға арналған. Осында Меккеден әкелінген тәспиық та бар.

Мүгілсім Шибаева курсанттардың назарын украиндықтарға арналған витринадағы қолына жауынгердің абырой-беделін көрсететін «булава» ұстаған «гетманға» аударды. «Гетман» – біздіңше батыр. Мұнда украин тіліне аударылған «Абай» кітабын да табасыз.

«Орыс келісімі» атты витринада орыстың ұлттық киіміндегі қуыршақ, сондай-ақ, ұлттық аспаптары да қойылған.

14-ші және 20-шы ғасырлар аралығында Оңтүстік-Шығыс Еуропа, Батыс Азия және Солтүстік Африканың бөліктерін басқарған Осман империясының белгісін, сұлтанның кубогын және шербет ішкен ыдысын көргіңіз келсе, осында келсеңіз болады.

Кавказдықтың қанжары, өзбектің ала шапаны, армян тілінде шыққан газет саны, еврейлердің көне «Тора» кітабы, және тағысын тағылар. Әр ұлтқа арналған витриналарда орналасқан заттардың өзіндік тарихы бар. Бірі – көне дүниелер, бірі – кейіннен жасалған.

Ал, қазақ ұлтына арналған витринада киіз үйдің шағын макеті және әшекей бұйымдар бар. Экскурсия экспонаттармен ғана емес, Мүгілсім Шибаеваның курсанттардың танымын арттыру мақсатында түрлі сұрақтар қойып, білімдерін жетілдіріп отыруымен де қызықты болды.

Руслан ТӨЛЕН, әскери-техникалық мектептің курсанты:

– Бүгін біз талай қызықты дүниелерді, әр ұлттың өзіндік ерекшеліктерін көріп, олардың тұрмыс-салттарымен таныстық. Бүгінгі шара өзіміз үшін ғана емес, болашақ үшін де өте пайдалы. Тарихты білуіміз әрі ұмытпауымыз керек. Көпұлтты еліміздің тарихын өзіміз біліп қана қоймай, балаларымызға жеткізуде бүгінгі шараның маңыздылығы жоғары.

Мұражайдан кейін курсанттар «Достық үйіндегі» орталықтарымен, кітапханамен танысты.

Әлихан Бөкейхан ауданының ардагерлер ұйымы төрағасының орынбасары Светлана Омарова шараның маңыздылығына тоқталды.

– Мақсат – ардагерлерді және Мартбек Мамыраев атындағы әскери-техникалық мектеп курсанттарын «Достық үйімен» таныстыру. Біз жастарымыз көпұлтты Қазақстан халқы жайлы білгенін қаладық. Ұлтымызға қарамастан, барлығымыз қазақстандықтармыз. Біз – бөлінбейтін халықпыз. Осы достықтың, бауырмалдылықтың көрінісі «Достық үйі». Курсанттардың қызығушылығын бар екенін қойған сұрақтарынан көреміз. Әр ұлттың тарихын, өмір салтын қызықты жеткізе білген Данагүл Садырбаеваның еңбегін ерекше атау керек. Шынында да, осындай экскурсия ұйымдастырып, түрлі қызықты мәліметтермен бөліскен қызметкерлерге алғысымыз шексіз, – дейді Светлана Омарова.

Курсанттарды бастап келген әскери-техникалық мектептің нұсқаушысы Серік Әбен ерекше әсерін жеткізді.

– «Достық үйіне» келгенімізге өте қуаныштымыз. Жаңа дүниелерді көріп, біліміміз толыға түсті. Әсіресе, мұражай, ондағы экспонаттар ерекше. Бізде өзге облыстардан да келген балалар оқиды. Солардың қызығушылығы айрықша. Олар біздің, яғни, Қарағандының «Достық үйі» туралы айтып жүретініне сенімдімін. Қызықты ақпаратпен бөлісіп, түсіндіріп, көрсетіп жүрген қызметкерлерге ризамыз, – дейді ол.

Салтанат ІЛИЯШ.

Басқа материалдар

Back to top button