Жаңалықтар

Дәулескер күйші

Күй құдіреті көңіл көкжиегінің кілті іспетті. Түсінсең, түйсінсең күй алпыс екі тамырыңды иітер тылсым күшке ие. Адам жанынан ақтарылып, қос ішекті домбырадан күмбірлей шыққан үн, үт сияқты жүрекке сәулесін түсіріп, үзілген үмітті жалғап, тілмен жеткізе алмас дүниені жария қылғанда тамсанасың.

Сурет Ж.Нәдірбековтің жеке мұрағатынан

Домбыра күні қарсаңында киелі аспапты жанына серік еткен күйшілермен тілдестік. Түркі әлемінде тұңғыш рет жасалған домбырада ойнап үйренудің компьютерлік бағдарламасының авторы, күйші – сазгер Жақсылық Нәдірбековті әңгімеге тартқан едік.

Айта кетейік, күй өнеріне деген сұраныстың, үгіт-насихат жұ­мыс­тары­ның аздығы киелі өнердің дамуына кері әсерін тигізіп жататындығы ақи­қат. Бабадан қалған асыл мұраның үзіл­меуі­не үн қосып, мағыналы ғұмырында қастерлі күй өне­ріне мұрындық болған, мақсаты биік ағаларды көргенде, көңілің марқаяды. Осындай ардақты жандардың бі­регейі – біздің әңгімеміздің ар­қауы болар домбырашы, күйші, сазгер Жақсы­лық Нәдірбеков. Бұл кі­сі­ні Бал­қаш өңірінде біл­мей­тін жан жоқ шығар. Қара дом­бырамен қалың жұртты қанаттандырып, саусағына күй саулатқан сұң­ғыла аға­ның шәкірттері шартарап­қа таралып, шерт­пе күй­дің шеберлеріне ай­нал­­ған. Биік адамдар аласа жерге отырса да, биік болып қала береді. «Жақсылық Рзаханұлы кім?» деген сұраққа жауап іздесек, ауыз толтырып айтар толымды жа­уап табылады.

Біріншіден білікті, ұстамды, жаңашыл ұстаз, екінші­ден дарынды домбырашы, үшіншіден күйші, төртінші­ден күй өнерін жеткізуші, зерттеуші, бесіншіден күй күмбезі Тәттімбеттің, Сарыарқаның саңлағы Сармантайдың Ахметжанының күй­ле­рі­нің насихатшысы, алтыншыдан мықты музыкант, жетіншіден сазгер. Осынау қасиет­тің барлығы Жақсылық аға­ның бойынан табылады.

Тарқата айтсақ, таңды-таңға жалғар тарауы мол әңгіме. Кіндік қаны Балқаш қаласында тамған Жақсылық аға Балқаш станциясының №157 орта мектебінің түлегі. 12 жасынан домбыраны жанына серік етіпті. Алғашқы ұстазы, мәдениет қайраткері, талантты ұстаз Төлеутай Жиенбайұлы екен. Кейін Алматыдағы П.Чайковский атындағы музыкалық училищесінде оқығанда күйші Біләл Ысқақовтан, Алматы консерваториясының домбыра класынан күй­ші Орынбай Дүйсенов деген белгілі күйшіден тәлім ал­ған. Қазақтың қайталанбас күйшісі Мағауия Хамзинмен шығармашылық байланыста болып, аға ақылына жү­гініп, бірнеше күйді түр­лен­діріп дамытуға атсалысыпты. Алдына келген Жақсылық ағаға Мағауия күйші «Мықты музыкант» деп өз бағасын беріпті. Еңбек жолын Балқаш қаласының Өнер мектебінен бастаған Жақсылық аға 40 жыл айтулы білім ордасында ұстаздық қызмет атқарған. 2011 жылдан бастап Балқаш гуманитарлы-техникалық колледжінде шәкірт тәрбиелеп келеді. «Күй» кітабының авторы Жақсылық Нәдірбеков Ахметжан Сармантаевтың табылған күй­лерінің барлығын нотаға тү­сірген. Сонымен қатар, ақын-сазгер Әлихан Жәңгір­дің және ел ішінде көп орын­далмай жүр­ген күйлер­ді, өзінің елге таралып кеткен «Бала наз», «Құ­лақ күйі», «Тел бұрау», «Тойға шашу», «Жаңылтпаш», «Тартыс», «Секіртпе», «Балдыз» «Мағауия», «Толғау» ат­ты күйлерін нотаға тү­сіріп, топтастырған. 1975 жылы жазған «Айқара аш, жаным, әйнегіңді» атты әні күні бү­гінге дейін әншілер қауымының аузында айтылып жүр. Бұдан бө­лек, Түркі әлемінде тұң­ғыш рет ұлт­тық аспапта, оның ішінде домбырада ойнап үй­ренудің компьютерлік бағдарламасын жасаған жан. «ДОМБЫРА СОФТ-«DS» деп ата­латын бағдарламасы талайдың таң­дандырған. 2014 жылы авторлық бағдарламасын куәландыратын құжатын алған.

–2014 жылы «Домбыра-софт» атты компьютерлік бағдарламам жарық көрді. Артқы он жылдай уақытты дәстүрлі күй қағидасын (традиционная теория домбровой музыки) зерттеумен келемін. Зерттеу арқылы білген-түйгенімді компьютерлік бағдарламаның концепциясы ретінде қолдандым. Бағдарламаны домбыра үйренгісі келетін де, күй шығаруды үйренгісі келетін де пайдалана алады. Әріптестерім де көмекші құрал ретінде пайдаланса артықшылық болмайды. Сабақта қанша үйреткенмен бала үйіне жеткенше білгенін ұмытып қалуы мүмкін ғой, сол кезде «Домбыра софт» репетитор рөлін атқара алады, – дейді Жақсы­лық Нәдірбеков.

Қазіргі уа­қытта бағдарламаны жетіл­діріп, екінші нұсқасын әзірлеген. Бұл музыкалық сауаты жоқ қарапайым адамдар үшін және жаз­ған шығармасын нотаға түсіргісі келетін әуесқой сазгерлерге таптырмас құралға айнал­ған. Автор домбыра бөлшектерінің дәс­түрлі атау­ларын және оған қатысты ұлттық ұғымдарды сақтай отырып, екі ішекті аспапта ойнап үйренудің тың әдісін күрделендіруді қолға алыпты. Алға қойған мақсаты айтулы бағдарламасын білім саласының оқу бағдарламасына енгізу.

«Шәкіртсіз ұстаз тұл». Жақсылық Рзаханұлының тәлімін алған талантты шә­кірттерінің әрісі халықаралық, республикалық бай­қау­лардың, берісі қалалық күй жарыстарының жеңімпазы. Атай кетсек, Қуаныш Төребаев, Арман Айнабаев, Айгерім Кенжекаримова, Қуаныш Рахмет болса, қаламызда өзімен бірге бір салада ең­бек жасаған Гүлжихан Жексембекова, Гүлмира Елеубекова, Айжан Нұрбековалар Жақсылық аға­ның төл шәкірттері екен. Ұстаз аты аталған шәкірт­терімен мақтанатындығын да жасырмады. Таяу жылы колледжді тәмамдаған Аман­жол Шәймерденовті және өзінен дәріс алған Айдана Талғатованың болашағынан үлкен үміт күте­тін­дігін айтып қалды. Бұл – Жақ­сылық ағадан сұрағанда есіне тү­сіріп, моншақтай тіз­ген шәкірттері. Ал, аты аталмай қалған шәкірттері де жетер­лік. Біз әңгіме барысында жерлесіміздің елеулі еңбе­гі­нің бір парасын ғана аштық. Білімі терең, еңбегі ерен азамат жайлы әлі де мардымды мақалалардың жазылары хақ. Қазақ руханиятының қызғыш құсына айналған тұл­ға­ның тамам елге берері таусылмасын. 

Нұрдос КӘРІМ.

БАЛҚАШ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button