Жаңалықтар

Тіл мәселесі талқыланды

Өткен аптада «AMANAT» партиясы жанындағы азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі «Miras» аймақтық қоғамдық кеңесінің отырысы өтті. Кеңес жиынында «AMANAT» партиясы облыстық филиалының атқарушы хатшысы Бекзат АЛТЫНБЕКОВ жаңарған кеңес мүшелерін таныстырды. Сонымен қатар, кеңес төрағалығына «Saryarqa aqparat» медиахолдингінің директоры Қамбар АХМЕТОВТІ ұсынып, кеңес мүшелері бірауыздан қолдады. Әрі қарай күн тәртібінде кеңес жоспары, Ұлттық құрылтайдың мақсаты мен міндеті, мемлекеттік тіл мәртебесі және мекемелердегі мемлекеттік тілдің қолданылу деңгейі талқыланды.

Қоғамдық кеңес облысымызда бірқатар мәселелерді шешуге мұрындық болып келеді. Соның бірі кеңесте өткір көтеріліп, қолдау тапқан – Октябрь ауданына Алаш арысы Әлихан Бөкейханның есімін беру болатын. Бұл туралы ҚР Мәдениет саласының ардагері, қоғам қайраткері Рымбала Омарбекова атап өтті.

– Жалпы «Miras» алаңында қоғамдағы өзекті дүниелер талқыланады және олар шешілу үшін кеңес жүйелі жұмыс жасауы керек, – деді Рымбала Кенжебалақызы.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда айтқан Жаңа Қазақстанды құру жолындағы басты бағыттары, оның ішінде мемлекеттік тіл мәртебесі айтылды.

«Осы саладағы жұмысымызды даңғаза жасамай, табандылықпен жүргізуіміз қажет. Қазақ мемлекеті аман тұрғанда, қазақ тілі жасай береді», – деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар, облысымыздағы өзекті мәселелердің бірі мемлекеттік тілдің мәртебесі, оны дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар және мекемелер мен ұйымдардағы тілдің қолданысы жөнінде айтылды. Белгілі тіл жанашыры Эльмира Орынбаева «Көрнекі ақпарат пен жарнама тілін біріздендіру» жобасы аясында жасалған жұмыстар туралы баяндады. Ол 2020 жылдан бері іске қосылған жоба аясында 500-ден аса нысанды аралаған.

Банктер, халыққа қызмет көрсету орталықтары, дүкен, мектеп, балабақша тағы басқа мекемелердегі қазақша ақпараттар мен жарнамалардағы қателерді түзетуге атсалысып келеді. Яғни, мекеме басшылары мен кәсіпкерлерге қазақ тіліне қатысты Заңды сауатты түсіндіру арқылы нәтижелі жұмыс істеуде. Және 2021 жылы бекітілген «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көрнекі ақпарат және діни қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы туралы айтып берді.

Мектепке дейінгі ұйымдар мен мектептерде Мемлекеттік тілде оқыту мәселелері бойынша облыстық білім басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметова баяндама жасады.

– Облыста 521 (47 762 бала) мектепке дейінгі ұйым бар. Оның ішінде, қазақ тілінде оқытатын мектепке дейінгі ұйым саны – 254 (12073 бала), орыс тілінде оқытатын – 85 (5 599 бала), аралас – 182 (қазақ тобы – 14 543, орыс тобы – 15 547). Келесі жылға дейін Қарағанды, Сәтбаев, Теміртау қалаларында және Абай ауданында қазақ тілінде тәрбие беретін 5 балабақша ашу жоспарлануда. Жезқазған, Саран қаласында, Осакаров ауданында жұмыс істейтін 6 мектепке дейінгі ұйымда қазақ топтары ұлғайтылатын болады. Соңғы бес жылда аралас тілде оқытатын Бұқар жырау, Жаңаарқа аудандарындағы 4 мектеп қазақ тілінде оқытуға көшті. Орыс тілінде оқытатын Жезқазған, Теміртау, Сәтбаев қалалары мен Осакаров ауданындағы 6 мектепте қазақ тілінде оқытатын сыныптар ашылды, – дейді Гүлсім Шабданқызы.

2020 жылы Қарағанды қаласында тек мемлекеттік тілде оқытатын «Абай атындағы мектеп-гимназиясы» ашылды. Биыл Теміртау қаласындағы аралас тілді бір мектепті қазақ тілді мектепке ауыстыру және мемлекеттік тілде оқытатын тағы Қарағанды мен Жаңарқада екі мектеп ашу жоспарлануда. Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен 15 білім ордасына Абай Құнанбайұлы, Бауыржан Момышұлы, Әлихан Бөкейхан, Сәкен Сейфуллин, Қаныш Сәтбаев және тағы басқа тұлғалардың есімдері берілгенін де айта кетті басқарма басшысы. Мұның барлығы қазақ тілінің мәртебесін арттыруға айтарлық сеп екені белгілі. Осы бағытта әрі қарай да жұмыстар жалғасатынын жеткізді.

Жиында кеңес мүшелері тұщымды ұсыныстарын ортаға салды. Жиын соңында төраға Қамбар Жұмағалиұлы келесі кездесудің алдағы айда өтетінін мәлімдеді.

Қасымхан ҒАЛЫМ.

Басқа материалдар

Back to top button