Ресми

Miras мән берген мәселелер

«AMANAT» партиясының Қарағанды облыстық филиалы жанындағы «MIRAS» мәдениет пен азаматтық қоғамды дамыту жөніндегі Қоғамдық Кеңесінің кезекті отырысы ә деген бетте Кеңес төрағасын сайлаудан басталды.

Әуелден сөз алған «AMANAT» партиясы Қарағанды облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бекзат Алтынбеков қызметінің ауысуына байланысты басқа қалаға қоныс аударған Қамбар Ахметовтің атқарған қызметіне риясыз алғысын білдіре отырып, орнына бірнеше кандидатура ұсынды. Нәтижесінде кеңес мүшесі, академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті Жастар мәселелері жөніндегі департаметінің жетекшісі Марғұлан Тұяқов бірауыздан сайланды.

Кеңес құрамындағы мәдениет майталмандары «алдымен іс-қағаздарын қазақыландыру» мұратын алға тартты. Қазақтың сары тентегі, ақын Қуаныш Мақсұтов баяндамасында кенді аймақта «Жайлы мектеп» жобасының кең өріс алуы, көңілі күпті күрделі қоғамның ішкі саяси орнықтылығы, «Жариялылық» қағидаты, жеріміздің асты мен үстіндегі игілік үлесі, қордаланған құқықтық мәселелерді көлденең тартты.

«Ата-ана өзінің баласын, мұғалім өзгенің баласын сүйеді». Шалғай жерлердегі ауыл мектептерін сақтап қалу, түптеп келгенде ол жерде қараша халықты да, тарихын да аман алып қаламыз, – деп түйіндеді Қуаныш ақын.

Осындай сан қырлы сұрақтарды талқыға салған Кеңес отырысын қорыта келе, көтерілген келелі жайттар барысына ұсынымдар легі даярланып құзіретті мекемелер тарапына жолданатынын тілге тиек етті. Шара соңында жұмыс жоспары бекітіліп, алдағы бағдарлар айқындалды.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ

Басқа материалдар

Back to top button