Ел сүйінер игі іс көп
Нұра кентіндегі «Тәуелсіздік» саябағына 100 қарағай отырғызылды. Жұрт жұмыла қатысқан сенбілік өтті. Сонымен қатар, мереке қарсаңында төрт отбасы баспаналы болды.
Саялы саябақ – көпке ортақ
Алғаш тоқтаған жеріміз – «Тәуелсіздік» саябағында сенбілік жүріп жатыр екен. Аудан әкімі Аян Шалмағанбетов те ортадан табылды. Және бір үлкен ұлағатты үрдіс – 100 қарағай отырғызылды. Үрдіске айналды дейтініміз, былтыр дәл осы саябаққа 400-дей қарағай отырғызылыпты. Ендігі бой тіктеп, жайқалып тұр. Бұл жер – аудан тұрғындарының жиі жиналатын саябағы. Мұнда 23 элементтен тұратын балалар ойын алаңы жақын арада бой көтереді. Сонымен қатар, жүгіру алаңының құрылысы басталыпты. Енді, тұрғындар мұнда тек демалып қана қоймай, спортпен де шұғылдана алады. Және баскетбол алаңына да жергілікті бюджеттен 8 млн. теңге бөлініпті. Бұл жоба да биыл аяқталуы тиіс.
– Саябаққа тұрғындар жиі келеді. Орталықта орналасқан. Кешкілік жастардың да серуен құратын жері – осы. Сондықтан, бір жағынан бұқаралық спортпен шұғылдануына да қолайлы жағдай жасайық деп шештік. Бүлдіршіндеріміздің ойын алаңында асыр салып ойнап жүргені үлкен қуаныш қой. Қандай да бір мәселені қолға алмас бұрын тұрғындарға қолайлы болса екен дейміз, – дейді аудандық мәслихат депутаты Қуаныш Жүнісбеков.
Ал, Жауынгер–интернационалистер саябағындағы футбол алаңына 8 млн. теңге қаражат бөлініпті. Біз барғанда әрлеу-сырлау жұмыстары жүріп жатыр екен. Бір-екі күн ішінде бітеді деп уәде етті. Әйтпесе, балалар күні-түні осы жерге жиылып алып, мердігерлерді асықтырып жүр екен. Футбол алаңының қоршауы сымнан емес, темірден салынған. Және ойын аумағының жарықтандырылғанын да айта кетейік.
Кент көркі – сәулетті ғимараттар
Бүркіт Ысқақов атындағы аудандық орталық кітапхана күрделі жөндеуден өтуде. Осыдан тоғыз жыл бұрын ағымдағы жөндеуден ғана өткен мәдени ошақтың шатырын, есік-терезесін ауыстыру жоспарланған. Мердігер компания – «Стройальянс НС» ЖШС. Сәуір айының басында кірісіпті жұмысқа. Қыркүйек айына дейін құрылыс жұмыстары толық аяқталып, кітапхана қалыпты жұмысына оралады деп күтілуде.
– Жергілікті атқарушы билікке үлкен алғысымызды білдіреміз. Мекемеміз тозыңқырап қалған еді. Бізде 54 000 кітап бар. Мәдениет үйінің ішіне көштік. Оқырман саны азайған жоқ. Заман талабына сәйкес онлайн да жұмыстар жүргізіліп жатыр. Дегенмен, жаңарған мекемемізге көшуді асыға күтіп жүрміз, – дейді аталған кітапхана директоры Сүлеймен Жұмабеков.
Орталықтағы алаңға былтыр 80-ге жуық қарағай отырғызылыпты. Мұнда да жұмыс қызу десек те болады.
– Осы жердегі субұрқақтың салынғанына – 10 жыл. Және Ұлы Отан соғысының ардагерлерінің ескерткішіне де біраз уақыт болып қалды. Осы айдың ортасынан бастап ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргіземіз деп отырмыз. Сонымен қатар, кенттегі Абай және Сейфуллин көшелеріне ақтерек отырғызамыз. Кентімізде демалатын алаңдар көп. Соны сапалы ету – біздің мақсатымыз. Кент көркі көз тойдыру үшін осындай жұмыстарды әрі қарай да қолға ала береміз, – дейді кент әкімі Мұратбек Тұраров.
Шағын аудан – шаттық мекені
Жоғарыда айтқанымыздай, аудан әкімі Аян Шалмағанбетов төрт отбасыға баспана кілтін табыстады. Кезекте тұрған тұрғындардың бұл қуанышты көп күткені көрініп-ақ тұр.
Дильфуза Рысалиева – бес баланың анасы. Пәтер кезегінде тұрғанына 10 жыл болыпты.
– Қуанышымда шек жоқ. Үш бөлмелі үйдің кілтін бүгін алу бақыты бұйырыпты. Бөлмелері кең әрі жарық екен. Жуынатын бөлмесі де бөлек. Үйіміз қатты ұнады. Аудан басшылығына алғыс білдіремін. Рамазан айының соңғы күнінде үлкен қуанышқа кенеліп жатырмыз. Енді, жаңа үйімізге жиһаздар, жабдықтар аламыз, – дейді Дильфуза Елікбайқызы.
– «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 40 пәтер беруді жоспарлағанбыз. Біз бүгін – Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында төрт отбасыны қуанттық. Кезекте 10 жыл, 12 жыл тұрғандар бар. Алдағы мереке қарсаңында тағы 2 үйдің кілтін табыстаймыз. Тұрғындарға жаңа қоныстары ұнап жатыр. Біз сапаға қатты мән береміз, – дейді аудан басшысы.
Аудандық тұрғын үй–коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Нұржан Оралбаевтың айтуынша бұл аумақты асфальттау да жоспарда бар екен. Жаңа үйдің тұрғындарына аумағын қоршауға, үйінің маңында құрылыс жұмыстарын жүргізуге рұқсат етіліпті. Біз байқап үлгердік, баспана кілті ерте берілген тұрғындардың бірі қора салып жатыр екен. Енді бірі үйін қоршауға кірісіпті. Жаңа аймақта тіршілік қыза түсті десе де болады.
Көрші-қолаң арқа-жарқа күй кешуде. Баспана кілтін табыстаған тұста бәрі жиналып, жаңа көршілерін қарсы алуда, қуаныштарын бөлісуде.
Иә, шағын аудан – шаттық мекені.
Спортқа қамқорлық зор
Нұра кентінде хоккей корты да салынып жатыр. Мердігер компания – «Ақжол Қарағанды». Құрылыс жұмыстары былтыр жазда басталған. Құрылыс учаскесінің басшысы Ахмедия Баймағанбетовтің айтуынша, мамыр айының соңында нысан толық тапсырылады. Қыста – хоккей, жазда футбол ойнайтын орталық болғалы тұр. Жалпы, Нұрада спорттың жақсы жолға қойылғанын байқауға болады.
Былтыр көпфункционалды спорт кешені іске қосылған еді. Мұнда жүгіре аласыз, футбол, баскетбол теннис ойнайсыз. Сонымен қатар, күрес, бокс, үстел теннисінің алаңы да бар. Біз барған күні волейболдан турнир өтіп жатыр екен. Бұл жердің босамайтынын айтады спорт бөліміндегілер. Күн сайын спорттың әр түрінен түрлі жарыстар өтеді дейді. Енді, спорттан нұралықтар үлкен нәтиже көрсетеміз деп отыр. Спорт нысандарының аумағы да абаттандырылыпты. Мұнда да кішігірім саябақ бар. Қарағай шыбықтары отырғызылған. Жарықтандандырылған, сәкілермен жабдықталған.
Қысқасы, жарты күндік сапардан ырыс пен несібенің алтын бесігі – Нұраның шынымен нұрланған келбетін көріп қайттық…
Қасымхан ҒАЛЫМ.
Суреттерді түсірген автор.
НҰРА ауданы.