Жаңалықтар

Әке туралы толғаныс

Мен әкемді мақтан тұтамын. Менің көз алдымда әкемнің сұр шинель киген соғыс сарбазы болған кезі тұрады. Барлық халыққа арылмас қайғы-қасірет әкелген Ұлы Отан соғысы біздің де отбасын айналып өтпеген еді. 1903 жылы дүниеге келген әкем Қайса Біләлов сұрапыл соғысқа ес білген 39 жасында отбасын елге қалдырып, аттаныпты. Оның Берлин түбіндегі шайқаста болғанын, соғыстан ауыр жараланып елге оралғанын әрдайым ел ішінде айтып отыратын. Мен жас болсам да, сол бір аяусыз соғыстың сұлбасын қорқынышпен қабылдайтынмын. Десек те, өз жері үшін жан пида еткен қаншама жауынгерлердің жанынан Отанға аман-есен оралған әкем үшін кеудемді ерекше қуаныш кернеп тұратын. Егер, әкем сол соғыстан оралмаса, менің және менің бауырларымның дүние есігін ашпасына кім кепіл?! Бұл да бір әулеттің тарихы, таусылмас сыры сияқты. Сондықтан, қашан да әкем туралы толғанып жаза бергім келеді. Көзі тірі болса деп армандағанмен болмайды. Туғанына биыл 119 жыл толған әке тағдыры менің жүрегімде ерекше орын алады. Анам Рымкеш Қазбалина екеуі отбасында 6 бала тәрбиелеп, тату-тәтті өмір сүрген еді. Әкемнің ер – азаматқа сай қажырлылықпен еңбектенгені, отбасын асырап-сақтауы, анам екеуінің өзара сыйластығы, ағайынның арасындағы абырой-беделі әлі күнге дейін көз алдымда. Әкем соғыстан келген соң, ауыл уәкілі болып қызмет атқарған. Өзінің ауыр жарақатын да ұмытып, қартайғанға шейін ат құлағында ойнауы біздерді таң қалдыратын. Бойындағы батырлыққа тән қуаты, қайсар мінезі ауыл жастарына үлгі болды. Ауылдың үлкен-кіші бала-шағасын қазаққа тән имандылыққа үйреткен дара жан болды. Қартайғанға шейін халқы өзі таңдаған жеті бірдей ауылдың имамы болған менің әкем туралы естеліктер халық арасында айтылып келеді. Әкемнің жылы жүзінде өз еліне деген махаббаты көрініп тұратын еді.
– Кеудесін оққа тосқан батыр ма едің,
Тоқсаннан асқан жасың ғасыр ма едің?!
Отанын оттан қорғап, жан қиярдай
Атадан ерек туған асыл ма едің?!
Аспанды найзағайдай тіліп түсер,
Сөйлесең, ақиқатшыл, жасын ба едің?!
Әрқашан алдыңызда иіледі,
Жан әке, асқар тауым, басым менің!- деген жыр жолдары еріксіз көңілге оралады.
«Әке көрген – оқ жонар, шеше көрген – тон пішер» деген асыл сөз бекерге айтылмаған. Мен әкемнің бойынан батылдық пен қайсарлықты, білімділікті, көрегендікті көріп өстім. Мен әкемді өзімнен биіктен көремін. Әрдайым тұғыры биік орын болса, ол орын әкенің орны дер едім. Нұрға бөленген мейірлі де мейірімді ісімен өмірде бізге тірек болған, жол көрсетер шың бар ма десе, мен әкемді көрсетер едім. Олар, анам екеуі біз үшін бәйтеректей беделді жандар. Шөлдесең, сусындар мөлдір бұлақтай сөздері күні бүгінге шейін көкейімде тұрады. Ыстықтасаң, саялы көлеңкең болатын еді-ау, шіркін! Арманға жетелеп, қанатымызды бекітіп, ұядан ұшқанша мәпелеп өсірген еңбектерін қалай өтермін?! Басымнан сипап күле қарағанының өзі бойыма қанат бітіретін еді! Көңіліме жаз самалындай жайлылық беретін еді. Амал нешік, бүгінде ортамызда ойсырап орыны қалды. Ол орынды басып жүрген ағаларымның барына шүкір етемін. Ойымды қорытындылай келе, жас ұрпаққа айтарым: «Асқар тау әкеңді құрметтей біл, айтқанын екі етпе, жаныңдағы шырағыңдай аяла. Ол шырақ өшкен соң, өміріңнің шырағын маздататын жан табу қиын. Үлкенді құрметтеуді, алдымен, әкеңді құрметтеуден баста».

Айман БЛЯЛОВА,

36 жалпы білім беретін

мектептің

кітапхана меңгерушісі.

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button