Қазақстанда халық саны 27 миллионнан асуы мүмкін

«Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ Болжамдау департаментінің сарапшылары туу, өлім және көші-қон көрсеткіштерінің негізінде демографиялық болжам дайындады. Талдауға сәйкес Қазақстан халқы саны 2030 жылға қарай 20,8 млн-нан 21,5 млн-ға дейін, ал 2050 жылға қарай 23,5 млн-нан 27,7 млн-ға дейін өсуі мүмкін, – деп хабарлайды Ortalyq.kz тілшісі Egemen.kz сайтына сілтеме жасап. 

«Бұл ретте, егер өлім мен туу көрсеткіштері 2021 жылғы деңгейде, ал сыртқы және өңіраралық көші-қон 2017-2021 жылдардағы орташа мәнде сақталса, Қазақстан халқының саны 2030 жылға қарай 20 млн 958 мың адамға, ал 2050 жылға қарай 27 млн 192 мың адамға дейін жетеді», деді Еңбек ресурстарын дамыту орталығының директоры Дмитрий Шумеков.

Ол ЕРДО таңдалған базалық жылға, туу деңгейіне, өлім-жітімге және көші-қонға байланысты әр өңір бойынша 27 негізгі болжамды атап өтті. Сондай-ақ халықтың санын осы негізгі көрсеткіштер шеңберінен тыс модельдеуге мүмкіндік беретін механизм жасалды, мысалы, туу көрсеткішін жоғарылату немесе өлімді белгілі бір пайызға төмендету.

Оның мәліметінше, 2030 жылға қарай болжам бойынша халық саны Нұр-Сұлтан қаласында – 420 мың адамға немесе 33%-ға, 1,7 млн адамға дейін, Алматы қаласында 414 мың адамға немесе 20%-ға, 2 млн 466 мың адамға дейін, Шымкент қаласында 369 мың адамға немесе 32%-ға, 1,5 млн адамға дейін өседі.

Бұдан басқа, Түркістан облысында халық саны 207 мың адамға, Маңғыстау облысында 170 мың адамға, Алматы облысында 145 мың адамға ұлғаяды. Шығыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Павлодар және Ақмола облыстарында халық санының қысқаруы күтілуде.