Жаңалықтар

«Адамдық негізі – әйел…»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ Қазақстан халқына арналған жаңа жылдық үндеуінде «Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық – бұл біздің жалпыұлттық міндетіміз» дей келе, биылғы жылды «Балалар жылы» деп жариялаған болатын. Осы мақсатта облыста біраз шаралар атқарылуда. Соның бірі – Теміртау қаласындағы «Мой дом» халыққа әлеуметтік көмек көрсету және дамыту орталығы» қоғамдық бірлестігі Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты базасында өткізген «ҚР сот ісін жүргізуде гендерлік теңдікті іске асырудағы инновациялық тәсіл» атты дөңгелек үстел.

«Мой Дом» халыққа әлеуметтік көмек көрсету және дамыту орталығы өмірлік қиын жағдайда қалған адамдарға әлеуметтік-бағытталған қызметтерді көрсетумен айналысады.

Бүгінде аталған ұйым командасы Біріккен Ұлттар Ұйымының Гендерлік теңдік және әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері жөніндегі құрылымының қолдауымен Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған «Луч света» бастамасының өңірлік бағдарламасы шеңберінде жобаны жүзеге асыруда.

Тренингтің негізгі міндеті – қоғам мен отбасында әуелден қалыптасып қалған ер мен әйелге қатысты қатып қалған стереотиптердің күшін жойып, әйелге қатысты жасалатын зорлық-зомбылықтың алдын алу. Сондай-ақ, гендерлік теңдікті ескере отырып, сот шешімдерін қабылдау маңыздылығын тыңдаушыларға жеткізу.

«Мой дом» ҚБ жетекшісі Ирина Жданова бұл шараның өмірлік қиын жағдайдағы әйелдер мен балалардың мәселелерін шешуге ықпал еткенін айтады.

– Біздің қоғамда әлі де әйелге қатысты кемсітушілік бар. Көп жағдайда «ер-азаматым» деп таңдаған жарынан жапа шегіп, мүгедек болып, тіпті көз жұматындарын да естіп те, көріп те жүрміз. Осының алдын алу мақсатында өткен бүгінгі шара, шынымен де, біраз мәселенің бетін ашып, түйткілді мәселелердің шешілуіне ықпал етпек. Ұйымдастырушы ретінде біз де ризамыз. Бұған қоса үкіметтік емес сектор мен мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылы бойынша көптеген нақты шешімдер қабылданды, – дейді Ирина Владимировна.

Сот төрағасы Динара Мутубаева болса, шара – өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы жалпыұлттық міндетін іске асыруға арналғанын атап өтті.

Дөңгелек үстелге қатысушылар әйелдердің мүмкіндіктеріне тиімді ықпал ету және ілгерілету үшін сот шешімдерін қабылдаудың маңыздылығын талқылады.

Салтанат ІЛИЯШ.

Басқа материалдар

Back to top button