Бас тақырыпРуханият

Ғабиден МҰСТАФИН: өндіріс эстетикасы (Техника өнер және эстетикалық категория тұрғысында)

Туындыгер тұлға Ғабиден МҰСТАФИН – 1902 жылы 26 (кейбір деректер бойынша аталған айдың 29 жұлдызында) қарашада дүниеге келді. Қарағанды өңірі, Бұқар жырау (Тельман) ауданына қарасты, қазіргі Теміртау зауыты тұрғызылған жерге таяу маңда, Нұра өзені бойында, Жауыр, Қожыр тауларының шашыранды жалғасы Сарытөбе етегінде туған екен. Дәстүр сақтаған, жөн білетін ескі әулет перзенті. Ертеден, сақара – тұма бастау, өзен-су, көл жағалай қонған ел – айлы түндер алқа-қотан отырып, алагеуім мезгіл, елең-алаң, таң бозарып атқанға дейін жыр-дастандар желісінен хикаяттар шертеді, қисса-хикметтер айтады, күй тоқтамайды, ән үзілмейді, ұзандар енгізген жөн-жосық, үкі қадаған сал-серілер, ұлық ақындар орнатқан қазақ қоғамы, түйе қомында туып-өскен жұрт, ат жалындағы өркениет, көшіпқонған, киіз туырлықты өмірін әшекейлеген әдет-ғұрып, жас таланттардың жарқырап көрінетін тұсы, игі жақсының жамырап көзге түсетін кезі, өнерпаздың аузына қараған, сөз қадіріне жеткен қара орман халық, төрінде би-шешені қаулай сөйлеген он екі қанат ақ үйлер, ауыл-аймақ, бәрі тегіс жиналады, кеш бойы, түн қатып, тозығы жеткен ескі кітаптан қиял-ғажайып ертегілер оқып, тәмсіл шашып, жыр төгіп, қоралай қоршап, ұйып тыңдаған, аңыз-әфсаналар құшағында ұйықтаған, ұлы номадтар салтын, таңғажайып тыныс-тіршілігін, ой-қырын, қала берді, ұлысын ардақтаған ұлттық сана-сезімге ие.

Сурет автордан

1. ӨНЕГЕЛІ ӨМІР

Ежелгі ел шежіресі бойынша, арғы аталары – қалың Арғын тайпасына жататын Қуандық тармағының бір саласы, белді руы – Мұрат елі.

Өскен ортасы – алпыс үй Елібай ауылы. Бір сөзінде жазушы Елібай, қау көрік Сиқымбай Бегайдардан туады деп көрсетеді.

Жасында ел қорғап, жер қорыған жаужүрек бабасы Матай кейін басына он екі мың қой біткен дәулет иесіне айналады.

Қыдыр бабасы байлығы болмаса да, шаршы топта сөз сөйлеген, ел басқарған кісі деседі. Матайдан Қыдыр, Қыдырдан – Ахмет, Алдаберген, Мақаметше, Мұстафа, Қаметжан – Мұстафадан, өз алдына: Зейне, Ғабиден, Әбдікәрім, Әбдіхалық, Ғазиз тарайды. Қаламгердің өз әкесі Мұстафа екі мәрте қажылыққа барған адам екен, мектеп көрмесе де дінге берік, мінезі томаға-тұйық, момын әрі тілді кісі, құйма құлақ атанған зерек, сергек тұлға. 1952 жылы 87 жасында дүние салады.

«Жол үстіндегі сыр» атты очеркінде Ғ.Мұстафин былай деп жазады: «Мен есімді білер-білмес кезімде жерімізді переселенец алып, алпыс үй Елібай Жауырдан көшеді. Спасск заводының шығыс жағында он жеті километр – «Көкталжарық» деген жерге келіп орналасады (1907 жылдары). Атамекенінен айырылған елдің зары, жермен қоштасқандары, келімсектер мен тұрғын ел арасындағы ұрыс-жанжал, кісі өлімдері менің көңіліме өлмейтін ғажап суреттер қалдырып кетті».

Көзін тырнап ашқалы азан уақытынан дін сабағын оқып, соңыра, «1916 жылы Спасск заводында табельщик болып (жұмыс) істейтін Мауқымның Жүсібі дегеннен бір жыл» орысша сауат ашады. Бес жылдық орыс-қазақ мектебінің бірден төртінші бөліміне оқуға түсіп, оның төртінші жылын толық бітіреді. Бірақ, соңғы жылын аяқтамай кетеді. 1918-1925 жылдар аралығында ауылда болады.

Сосын, 1925-1930 жылдары Қызылорда қаласында, астанада Қазақстан Жоғарғы сотына қатынас қағаздар тіркеуші қызметіне орналасады. Газет-журналдармен араласа бастайды. 1927-1928 жылдары «Сәрсен мен Боқаш» атты алғашқы әңгімесін жазады. «Ер Шойын» атты әңгімелер жинағы 1929 жылы басылып шығады.

«Әліме қарамай Тоғжанов, Сейфуллин сияқтылармен пікір таластыра бастап едім, Сейфуллиннен басқасы әдебиет майданында қағажу көрсетті. Жазғаным өтпей қойған соң жылы май айының ішінде Қарағандыға жұмысқа кеттім… мен жұмысты жер қазудан, темірлердің тотын қырудан бастап, бірнеше сатылардан өткен соң, токарь болып шықтым».

1933-1938 жылдары газет жұмысына сұранып, Сібір асып, Новосібір барады, жат жерде, бөтен қалада «Қызыл ту» басылымында қызмет етеді. Кейін Алматыға оралады. Белсенді шығармашылық кезеңі басталады: «Өмір мен өлім» (1940), «Шығанақ» (1945), «Қарағанды» (1952), «Дауылдан кейін» (1960), «Миллионер» (1948), «Көзкөрген» (1963) туындылары жазылады. Қаһарман қаламгер өнерде болсын, өмірде болсын, ешқашан арманын, ар-ожданын, әріптесін сатқан адам емес, қолға алған ісіне қашанда адал еді, әділдік туын тігіп, шындық жағында болды, сара жолынан тайған жоқ.

2. ЭСТЕТИКА ТҮСІНІГІ

Әлімсақтан аян: философия даналық емес, құштарлық. Құдай ғана данышпан. Бірақ, пенденің ұлы болғысы келеді.

Жаратылыс жан байлығын да, тән сұлулығын да Тәңірдің тамырынан тартады. Ахмет Байтұрсынұлы атақты «Әдебиет танытқышында» кәсіп пен өнер ұғымдары арасына теңдік белгісін қояды: «тірнек өнері» де, «көрнек өнері» де белгілі бір машықты меңгеру, шеберлігін ұштау, әдіс-тәсілді кемел деңгейіне дейін жеткізе білу деп жариялайды. «Тірнектеп жинаған – көрнекті орында».

Түпсіз ақиқатты танығысы келетін адам баласы сұлулықты да шексіз сүйеді. Елге шындық қанша керек болса, әдемілік те сонша қажет. Тегі, ақиқатқа ынтық пенде баласы сұлулықты да дамылсыз іздейді.

Кеше атүсті қарайған мәселе бүгін – орнықты ойға, тиянақты сөзге шақырады. Бұрын кездейсоқ еді – қазір ғылым сала арнаған кең тақырып.

Философияның күретамыр алты тарауының бірі – эстетика. Шындық тартымды болуға тиіс.

Қазақшаласақ, әсемдікке құштарлық. Менің ойымша, дәл айтылған – сөз, мағына, маңыз. Өнер – жеке тұлғаның өмірге деген эстетикалық көзқарасы.

Философиялық сөздіктерде эстетика түсінігін екі топқа бөліп қарастырады: бірі, адамның сырт әлемге деген ізгі көзқарасынан туған (баға беру) құндылық жүйесін, қатынасын зерттейді, бірі, көркем қызметін, шығармашылық еңбегін зерделейді. Ертеде, ескі уақытта, кемеңгер ойшылдар оны эстетика философиясы атағысы келді, кейбіреуі өнер философиясы қатарынан көруді ойлады.

Бір заманда, сөйтіп, эстетика ілімі бірнеше ғылыми пәннен құралады деген тоқтамға бекіді: эстетикалық құндылықтар теориясы, эстетикалық қабылдау (восприятие) теориясы, өнердің жалпылама теориясы. Алайда, эстетикалық құндылықтар мен көркемдік таным арасын ажырату мүмкін емес еді.

Бірақ, көркемдік таным мен адамның эстетикалық белсенділігін бір-бірімен шатастыруға тағы болмайды.

Кезеңдік қорытынды: (1) табиғат пен эстетика ерекшеліктері, екеуара қарым-қатынасы аражігін айыра білген жөн, сонымен қатар, (2) көптікте топтасқан түрлі, нақты модификацияларын (әсемдік пен ұсқынсыздық, биік пен аласа, қасірет пен күлкі) ажырата алғаны абзал (заңдылықтары), (3) эстетикалық құндылыққа баға беру, эстетикалық қабылдау мен өмірдегі эстетикалық бағыт-бағдар байланыстылығын, (4) эстетикалық белсенділіктің адамның әлеуметтік және жеке өміріндегі маңызын түсіне білген жөн.

Демек, эстетикалық талғам мен көркемдік талаптар өнер туындыларында тоғысады. Екінші мұратына назар аударсақ, филогенездің мән-мағынасы онтогенез тарихынан қалыптасатының байқаймыз: тарихи модификация дегеніміз де сол – өнердегі тұтас бір ағымның бағыт-бағдарын (направление) анықтап, әдіс-тәсілін (стиль) игеріп, жазу мәнерін (манера письма) меңгеру мәселесі. Баға – тұлға көзқарасы мен ұстанымынан туындайды. Көзқарас пен ұстаным – эстетикалық бағаның негізі.

Әсілінде, эстетиканың үш қызметі белгілі: ғылыми-танымдық, қасиет-құндылықтарға деген ұмтылысы, идеологиялық маңызы. Тезі – эстетикалық баға берудің шарты немесе эстетикалық құбылыстың даму деңгейін бағалайтын өлшем. Жалпы алғанда, эстетика сұлулықтың мәні мен формасын зерттейтін философиялық (пәндердің) ғылымдардың бірі.

Таң қаларлық жайт: техника көне грек тілінде өнер дегенді білдіреді. Философтар еңбегіне жүгінсек, техника – адам қызметінің нәтижесі әрі дербес болмысы. Күллі өркениеттік (цивилизация) табыстар мен мәдени (культура) жетістіктер мәні. Тезаурус. Сонымен, техника дегеніміз кәсіпорын, өндіріс, тауар (азық-түлік һәм өндірістік) – адам игерген мәдени кеңістіктің бір-бір бөлшегі. Өмірді, өндіріс әлемін эстетикалық кеңістікке айналдыру үшін оны өнер дәрежесіне көтеруіміз керек. Немесе тірнек өнерді көрнек өнердің деңгейіне жеткізуге тиістіміз.

Біз көркемдікті біржақты түсініп үйренгенбіз. Эстетика десек көз алдымызға мінсіз сұлулық елестейді. Бірақ, эстетика деген сұлулықтың өзі емес, сұлулыққа деген көзқарас, таным.

Әдетте, көркем әдебиеттен тек қана сұлулықты талап етеміз. Ал қорқыныш эстетикасы мен ұсқынсыздық эстетикасын қайтеміз. Эстетикалық талап-тілектің екі құрамы бар: бірі, «нормативтік» эстетика (классицизм), екіншісі «анти-нормативтік» эстетика (романтизм). ХХ ғасырдың басында қалыптаса бастаған модернизм рационалистік эстетиканы талап етті. Босаған консерві қаңылтырларынан түрлі мүсін жасаған Уорхол еңбектерін өнер туындылары қатарына жатқыза аламыз ба? Классицизм ресми өнерге қайшы бола қойған жоқ, алайда романтизм екеуі бір-біріне қарама-қарсы еді. Түрлі ағымдардың басын қосып, бір ұғымға айналдырған модернистік теория модерн-туындылар эстетикасын түзді. Бастауында рационализм тұр. Өнер: дадаизм, экспрессионизм, футуризм, сюрреализм, экзистенциализм эстетикасымен толықтырылды, «жаңа роман», абсурд театры және реализм талаптары жаңа әдеби орта қалыптастырды.

3. «ҚАН» және тағы да басқа әңгімелері туралы

Бірде, 1827 жылы Гетенің хатшысы Эккерман ұлы ойшылдың қазіргі кезде «әлем әдебиеті қалыптасып келеді» деген (Weltliteratur) тарихи сөзін қойын дәптеріне түртіп жазып қойған екен. Сөйтіп, неміс халқының кемеңгер перзенті Гете сөзінен үздік ұлттық туындылардан құралған дүниежүзілік әдебиет шежіресі басталады. Озық шығарма оқысақ не көзге түсіп жатса, немесе, таныса қалсақ, әлем әдбиетінің асыл қазынасына енген туынды деп баға беріп жатамыз. Бұл жоғары баға. Әлем әдебиеті қатарына кірді, қосылды деген қорытынды қалам иесінің шүбәсіз, сөзсіз дарындылығын білдіреді.

Ғабиден Мұстафин шығармашылығы – әлі де болса толық ашылмай жатқан алтын көмбе, адамзаттың аса қымбат асыл қазынасы. Жазушы Ғабиден Мұстафин өз шығармашылығы жолында әлем әдебиетінің тарихи даңғыл жолын жүріп өтті. Ол (қазақ әдебиеті) – дүниежүзілік үздік ұлттық әдебиеттер топтамасының бір шоғыры. Бір бөлшегі.

Қайта Өрлеу әкелген бостан, еркін өнер артынан барокко («әсемдіктің теріс формасы»), классицизм (антикалық әлемге еліктеген, XVII) туындайды, кейін ағартушылық – классицизм, реализм, сентиментализм, алдыңғы романтизм ағымдарына ұласады, одан рококо дамиды, сахнаға пастораль, бейәдеп, мемуарлық, галанттық проза көтеріледі (XVIII), романтизм, реализм, натурализм (XIX) ағымдары қалыптасады. Сосын, модернизм билеп-төстеген заман келеді. Кеңес тұсында соцреализм өрбиді.

Бұл – модерн-әңгіме: сөз нығыз, сөйлем ықшам, шығарма көлемі шағын. Әрекеті анық. Қалам бейнелеген қаһарманы жасанды не әсіре белсенді емес, пафос мүлдем жоқ, жазғаны – байыпты, бейтарап, әуезді.

Автор – сөз зергері. Екі заманның алтын көпірі.

Мерген, ділмар шешен, бірақ ауызекі тіл мен әдеби тіл екеуін айырып тұрған тәртіп екенін аңғарады. Тәртіп – мәдениет белгісі.

Сөзінде – салмақ, ойында сауалы бар. Модерндік шарт: уақиға жоқ жерде іс-әрекет көбейеді. Ертеде, Фолкнерден байқаған едік, ол Борхестен үйрендік дейді, Борхес әлем әдебиетінен көрген шығар. Ғ.Мұстафин тәлім алған екі ұстазы анық: Лев Толстой мен Виктор Гюго. Кейін Мұхтар Әуезов пен Ғабит Мүсіреповтің жазғандарын ұната бастайды.

Қара сөзіңде бір құдірет бар. Автордың жазған сайын жазғысы келеді. Біз оқимыз. Көркем лирикалық мәтінді тастап, өндіріс бейнесін асқақ эстетикалық биікте көрсете білген жаңа прозаға өту оңай шешім бола қоймағаны рас.

«Біз екеу едік. Қойтастың қалың бұйратын қақ жара, Қонай шоқысын бетке алып, жүріп келеміз, жақын жерде ел болатын сиқы жоқ. Ұры-қарыдан да қауіпсіз емеспіз. Қарайған көрінсе, жүрегіміз өрепки бастайды. Ат қатты пысқырып қалса да, жолдасым жамандатқырлап шаужайға қағады».

Задында, әлем әдебиетінде бір үлкен мәселе бар – ол, шығарма бастау мәселесі. Бірінші, сөйлемнің формалық ізденістері сабақтасқан кейінгі мәтінге жарық түсіріп тұрады: «Біз екеу едік».

«Әзір ел қарасы көрінбейді. Жүрген сайын Қонай шоқысы көз ұшында бұлдырап, артымызда қалып барады. Алдыңғы жақтан екенін айырғысыз көгілдір, мұнар ма, ала бұтаның түтіні ме, әлде ел ме, әйтеуір бір мұнартқан көріне бастады».

Негізі, сөз өнерінің көркемдігі оның дәлдігінде жатыр. Жазған сөзі айқын мәтін контексте ғана күңгірт, ұсақ-түйек дүние, майда деталь қысқа эпизодтарда сейілген тұман тәрізді ашық, ағарып атқан таң секілді тұнық, мөлдіреген судай таза көрінеді.

«Тыңдап тұрыстық… біз тұрған жерден қашықтау сияқты. Масаның ызыңындай ғана өлеусіреген дауыс естілді. Анықтап білейік деп кідіре тұрдық… Бір кезекте дауыс жақындап, анықталғандай болды. Дүбірлеген тасыр-тұсырмен жер жаңғырықты. Азынаған ащы дауыс «аттандап» құлақтан өтті, бұдан әрі тұра беруге мен шыдамадым, жүрегім аттай тулап, кеудеме сыймады. Буындарым қалтырап, дір-дір етті. Кідірген сайын тасыр бізге қарай таянған тәрізденді».

Ғабиден Мұстафин модернизм дәуірінде өмір сүрді. Еуропада жүріп жатқан өзгерістер қазақ прозасына да дәнекер әдеби үлгілер арқылы ене бастады. Мұхтар Әуезовтің «Көксерек», Ғабит Мүсіреповтің «Ұлпаны», Спандияр Көбеевтің «Қалың малы», Ғабиден Мұстафиннің «Kөзкөргені» көрнекті мысал бола алады.

«Тағы да біраз кідіріп тыңдап едік, аттан дауысы қойылып, жамыраған сөз естілді. «Түсіріп алған екен, жүр» – деп Ахмет жорта жөнелді. Лез болмай жылқыға да келіп қалдық. Жылқы ішінде жиырма-отыз кісі жүр екен, «елміз, сауға» деп Ахмет іштеріне кіріп кетті».

«Қан» әңгімесінде тыныштық бар. Тыныштық көшедегі шуды, даладағы ылаңды естіртеді. Бірақ, басқа айқай-шуды басып, ылаңды тұңшықтырады. Үйде бір жерде су тамып тұрса, онда жаза беріңіз, тыныштық орнады деген сөз.

«Тұрғандардың ортасында екі жігіт қатарынан сұлап жатыр. Екеуінің де басы қып-қызыл қан, бауырдай боп қатып қапты. Аяқ жақтарында жатқан қос ақтабан сойылға дейін қызыл қанмен бояулы, оның үстіне біреуінің аяғы сынып, жинап ала алмай жатқандай көрінді».

Озық әдебиет үлгілері кеңістігіне – модерндік талғам үстемдік орнатқан кезде – қазақ зиялы қауымы қазақ тіліне орысшадан классикалық дүниелер мен жаңа ағымдар тудырған шығармаларды аудара бастады. Біздің мысалымызда ол мынадан көрінді: бірінші, Ғабиден Мұстафин шығармалары ықшам, екінші, сөйлемі қысқа, үшінші, көңілді алаңдатар, мәтін атмосферасынан адастырар, лингвистикалық ауытқулар жоққа тән, бір сөйлемде бүтін бір оқиға жүреді, бесінші, өзіне қойған талаптар бұлжытпай орындалады.

«Cоққыға жығылып жатқан екеудің бірі – Бәлкен байдың Шойын деген жылқышысы екен. Екінші жатқан – Төкіш мырзаның жігіті болып шықты. Төкіш өткен қыс жері мұздақ болып қалып, екі елдің шекара жері Қараөзекте жылқыларын қостап шығарады. Бәлкен ол жерді қашаннан бауыр басып жүр екен. Кісі жіберіп Төкіштің қосына «көшесің» дейді. Қос кеше қоймаған соң, үш-төрт ат, айғырды ұстатып алып, басқа жылқыларын қуып тастапты…».

Әңгіме жеңіл жазылған – жеңіл оқылады. Әр тұстан шыққан дыбыс, түн жарып жеткен үн, сайын даланы дүрліктірген жылқы дүбірі төңіректе бір айқас, шағын қақтығыс жүріп жатқанын айғақтайды. Серігі Ахмет барымташылардың қолға түскенін, жағдайдың күрт өзгергенін, кімнің кім екенін жау аңдыған жігіттердің түнгі оқшау-оқшау, жарқын-жарқын сөйлеген дауыстарынан танып қояды. Қараңғы далаға қарап тұрып, қиқудың қай жақтан шыққанын ажырата білген Ахмет бәрін түсініп отыр, атыс-шабыстың бағыт-бағдарын күндізгідей дәл анықтайды. «Қан» әңгімесі шығармашылық жөн-жосық, жоба-жоспарын айқындаған алғашқы әдеби қадамы еді. Бұл туындымен бірге жарияланған «Қашқын», «Тұтқын», «Қадірлі қонақ» әңгімелері – «Қанмен» деңгейлес дүниелер.

«Содан бері Төкіштің көкейінен кекті алу шықпай жүріп, бүгін бес-алты жігітті барымтаға аттандырған. Барымташылар кешке жақын «Қос емшекке» келіп бекініп жатқанын жылқышылар көріп қалады. Жаудың бесеуі бірден бытырамастан тіле қосып отырған, Шойын жеткен соң, араларын ашып ортаға алып қапты. Бес сойыл бесеуі бірден тиіп ат-матымен Шойын сол жерде тоңқалаң аса жығылады, бір аяғы аттың астында қалып, жіліншігін сындырып жібереді».

Қаламгер бір кезде көңілі құлаған ұстанымына қылдай да бір қиянат жасамаған екен. Модернизм әлем әдебиетіне жаңа машық әкелді, қысқаша айтқанда, форманы жаңартты. Жазу мәнері өзгерді, мұраты ауысты, ең қызығы, жазу технологиясы ашылды.

«Міне, мен көрген сынық аяқ қара жігіт – Шойын. Оның қасында жатқан ілмиген сұрша жігіт Көкіштің жігіті екен. Түсірген жерде арттан жеткендер ұрып қалтыратып тастаған сияқты. Жиылып тұрғандардың арасында әлі де ашуы қайтпағандары нұқып кетіп жүрді. Жау түсіріп, көңілі көтерілген ел жамырай сөйлеп, ауылдарына бет алды. Қанға көміліп, жарамен күптелген қос азаматқа, қабақ шытқан жан шамалы көрінді. Ахмет екеуміз Талдының аяқ жағында отырған нағашыларға бұрылдық».

«Алыптың кереметтері», «Шыныдан туған қозы», «Күлмеген адам», «Құлаған құз», «Туған жерде», «Жезқазған», «Жаппархан» көркем әңгіменің өзі не көркем әңгімеге жедеқабыл туындылар. Жанры көрсетілмеген, бірақ, бұл – топтамаға енген, кіші проза жанры үлгісіндегі жинақтың басы мен аяғында тұрған екі очеркті оқығандағы туған ой. Кітапты жетілдіре, кемелдендіре түседі. Сюжеті емес, ерекше атмосферасы елді оқуға тартып, жетелеп шақырып тұрады.

Қысқа сөйлемде нүкте де маңызды. Нүкте сөйлемнің аяқталғанын ғана білдірмейді, ол мәтін еркіндігін, сөздің шексіздігін, таным шектеулігін аңдатады. Шекара әдетте кеңістіктің көлемін белгілейді, кез келген нәрсенің ауданын анықтау үшін белгілі бір кезеңде оның не енін, не биіктігін, не ұзындығын, қала берді, үшеуін де қатар шектейді.

Бірақ, нүкте қойылған жерден жаңа сөйлем басталады. Тыныс белгілері сөздің бір қырын ашады. Көп нүктеде төмен пафос бар. Айқай-шу да – жоғары пафос. Әуелден қалыптасқан атмосфераны тек үтір мен нүкте ғана бірқалыпты күйінде сақтайды. «Қан» әңгімесінде бұл талап-тілектің бәрі бар. Бұл тұста аустралиялық жазушы Ральфа де Буасье пікірін келтіре кеткенді жөн көрдік: «Сіз қарапайым әрі ықшам жазасыз, халқыңызға бәрі анық, қысқа сөзіңіз поэзияға толы. Сабырлылық, байыптылық, шекара, ұстаным, тіпті, эмоцияның өзі бейтарап күйінен өзгермейді».

Дидар АМАНТАЙ,

жазушы.

27.06.2022 ж. (Жалғасы бар).

Басқа материалдар

Back to top button