«Мен – елімнің патриотымын»

«Елдің атын – ер шығарар» деген сөз бар қазақта. Мектеп жасынан елдің атын шығарып, әнұранды шырқатып, көк байрақты желбіретіп жүрген оқушылар бар. Шыбықтай жас буын елдің жүгін мойнына артып, ел үмітін ақтаса, оларды нағыз «ерге» теңеуге болар.

Бұл – білім саласының патриотизмді қалыптастырудағы озық жемісі десек артық емес секілді. Отанға құрмет көрсету, Отанды сүю – рәміздерді қадірлеуден басталады. Мектептің ішкі өмірінде Әнұран мен Елтаңба, көк Ту қалай дәріптеледі?

Жамбыл атындағы мектептің оқушылары

Мектепте мемлекеттік рәміздер күнде дәріптеледі. Оны сіз бен біз байқай бермеуіміз мүмкін. Әр мектеп апта басын Әнұранмен бастайды, Туға құрмет көрсетеді.

Мектепті үздік бітірген түлектер 25 мамырда көк туды көкке көтереді. Бұл мәртебеге ие болудың өзі – түлек үшін бір бақыт.

– Жамбыл атындағы мектеп әр аптаның басын Әнұранмен бастайды. Оқушылар дүйсенбі күні Туға қарап сап түзеп, әнұран орындайды. Жасы кіші оқушы да осыны біледі. Қазір менің жиі байқайтыным – балалар, көбінесе, мектепте рәміздер орналасқан бұрышқа барып суретке түседі. Себебін сұрасам, оқушылар: «Мен өз елімнің патриотымын, көк Туды мақтан тұтамын» деп жауап береді. Осыны көріп, ұлтжанды азаматтар өсіп келе жатқанына іштей қуанамын. Мектепте одан бөлек, оқушылардың патриотизмін қалыптастыру мақсатында түрлі шаралар ұйымдастырылады. Патриот азаматтарды тәрбиелеп шығару – біздің міндет, – дейді Жамбыл атындағы мамандандырылған мектеп-интернатының директоры Бектөре Бөкенов.

Сондай-ақ, білім мекемелерінде өтетін іс-шаралар, жиындар міндетті түрде Әнұранмен басталады. Бұл игі дәстүрге айналып келеді.

Халықаралық олимпиадаларда жеңімпаз атанып, Қазақстанды танытып, көк байрақты желбіреткен оқушылар бар. Солардың бірі – №2 Білім-инновация лицейінің оқушылары А.Жамелова, Д.Омарова, І.Жекебатырова 2016 жылы Грузияда өткен халықаралық «Жас зерттеуші» олимпиадасында жоба қорғап, Қазақстанның атын әлемге танытып, көк байрақты желбіреткен екен. Бұл – елдің атын шығаратын патриот жастардың мектептен-ақ қалыптасатынының дәлелі болса керек.

Білімімен, өнерімен, күшімен талайды тамсандырған балалардың бойында Отанға деген құрмет бар. Қарағанды облысында балаларды ерте жастан спортқа баулитын, әлемдік додаларға дайындайтын мектеп-интернат-колледжі де соны мақсат етеді.

– Біздің спортшыларымыз әлемдік жарыстарда, олимпиадаларда көк байрағымызды желбіретіп, әнұранымызды шырқап жүр. Біз осы үшін еңбек етудеміз. 50 жылдық тарихы бар қарашаңырақ – Әлия Молдағұлова атындағы облыстық мамандандырылған олимпиадалық резервтегі мектеп-интернат-колледжі спортшыларды ерте жастан дайындайды. Лондон олимпиадасының чемпионы Серік Сәпиев осы мектептен қанаттанды. Сол секілді спортшылардың ізінен ерген жас өрендерді патриотизмге, отансүйгіштікке, әлем алдында әнұран шырқатуға, көк байрақты желбіретуге бар күшімізді саламыз. Біз осыған әрқашан дайынбыз, – дейді мектеп-интернат-колледж директоры Ерден Халилин.

Осылайша әнұранды асқақтатып, көк байрақтың мәртебесі биік, тұғыры берік болуына спорт мектебі барынша үлес қосуда.

Отан сүю – мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсетуден басталады. Жас ұрпақ көк байрақты желбіретіп, елдің таңбасын әлемге танытса, Әнұранды әуелетсе, мұны – ұстаздардың берген тәрбиесі деп білу керек. Рәміздерге құрмет – Отанға құрмет екенін оқушылар ұмытпауы тиіс.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.