Қазақы нақышты қадір тұтқан

Сан ұлтқа саялы мекен болған, ынтымақ пен бірлігі бекем болған Ақтоғай ауданына қарасты Шашубай кенті. Аядай қоныста жүзі басқа болса да жүрегі бір, тілі басқа болса да тілегі бір ағайынның татулығы әрқашан жоғары тұрады. Кенттегі түрлі ұлт өкілдерінің арасындағы қазақтың дәстүрі мен тілін қастер тұтатын жандар, тұрғындар тарапынан аса құрметке ие. Қазақтың ұлттық киімін үлгі тұтып киіп жүретін орыс әйелді үнемі көзім шалып қалатын. Сүйсіне қарайтынмын. Тек мерекелі мейрамдарда ғана емес күнделікті жұмыс барысында үстінен кестелі кәжекейі түспейтін жанмен Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі қарсаңында жолығып, әңгімелесудің сәті түскен еді.

– Аты, жөнім Ольга Ивановна Коваленко. Балқаш қаласында 1973 жылы дүниеге келдім. Туған жерімде орта мектепті бітіріп, Жезқазған қаласындағы бұрынғы мәдениет училищесін «Хореграфия» мамандығы бойынша аяқтадым. Одан кейін Балқаш қаласындағы Мәдениет сарайында балетмейстр болып еңбек еттім. 2017 жылдан бастап Шашубай кентіндегі «Жеңіс» мәдениет үйіндегі «Самал жел» бишілер тобына жетекшілік етемін. Жалпы ауыл мәдениетінің ауқымын кеңейту жолында еңбектеніп жатырмын десем болар. «Театр – киім ілгіштен» басталады демекші, қоныс мәдениеті де клубтан бастау алып келеді. Көпшілік мәдениет деген ән айту, күй тарту деп ойлайды. Бұл – дұрыс ұғым емес. Оның мағынасы өте кең. Биылғы жылы «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында «Жеңіс» мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтіп ел игілігіне берілді. Кент жастары өте өнерлі, олардың түрлі деңгейдегі байқаулардан қанжығалары бос қайтқан емес. Шәкірттерімнің арқасында менің де мерейім үстем болып республикалық, аймақтық, өңірлік мадақтарға ие болып, алғысқа бөленіп келемін. Қазақ елі бізді ешқашан жатсынған жоқ. Бөліну деген ұғымды тіпті білмейміз. Қазақ тілін, дәстүрін де құрметтеймін. Ата-әжелеріміз сендер қазаққа қарыздарсыңдар деп санамызға сіңіріп келді. Үнемі ауыздан алғыстарың түспесін дейтін. Бір үзім нанын бөліп, төрінен орын берген қазаққа, Қазақстанға қалай рахмет айтсақ та жарасады. Жыл сайын асыға күтетін бірлік мерекесі де келіп жетті. Қазақ халқында «Бірлік болмай тірлік болмас» деген жақсы сөз бар. Осы қағиданы ұстанған Шашубай кенті тұрғындары үшін бұл мейрамның орны ерекше, – дейді Ольга шынайы пейілмен.
Иә, Қазақстан халқының бірлігі күні – түрлі ұлт өкілдерінің бір-біріне деген сый-құрметін арттырып, ортақ құндылықты насихаттайтын мейрам. Қоныстың бүгінгі татулықты ту еткен тірлігі тек бірлігімен келгенін айтпай-ақ аңғартып тұрғандай.

Манаргүл МҮТӘЛІП.

АҚТОҒАЙ ауданы.