Жаңалықтар

«Ғасырға қадам «MUSEUM – 90» музей түні ашылды

18 мамыр – Халықаралық музейлер күніне орай Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейінің 90 жылдығын мерекелеу аясында «Ғасырға қадам «MUSEUM – 90» атты көптен күткен «Музей түні – 2022» акциясы жалауын желбіретті.

Ауқымды іс-шараны аталған рухани қарашаңырақтың директоры Ержан НҰРМАҒАМБЕТОВ сөз сөйлеп, жұртшылықты айтулы шарамен құттықтап, ашып берді.
Оған Қарағанды қаласының тұрғындары мен қонақтары, қоғамдық және мектеп музейлерінің өкілдері, ЖОО мен колледж студенттері, жастар ұйымдарының өкілдері қатысуда.
Іс-шараның мақсаты – «Ғасырға қадам «MUSEUM – 90» атты «Музей түні – 2022» акциясы арқылы заманауи музейлердің ресурстарын, мүмкіндіктері мен әлеуетін көрсету, музей қызметін таныстыруда жаңа, креативті тәсілдерді анықтау, мәдени-интеллектуалдық уақыт өткізу үшін музейге келушілерді көбірек тарту.


Айта кету керек, іс-шара сағ. 19.00-ден түнгі сағ. 24.00-ге дейін жалғасады.
Келем деушілер болса, мұражайдың мекенжайы С.Ерубаев к-сі., 38 үй екенін хабарлаймыз. Билет құны бар-жоғы – 250 тг.
Бала-шағаңызбен келіп, тамашалайтын, уақытты пайдалы өткізетін көптеген қызық күтіп тұр, мұнда.


Атап айтсақ, бағдарламада:
Музей экспозициясы бойынша «Жанданған тарих» театрландырылған экскурсия;
Музей қорынан «Жәдігерлер шеруі» мерейтойлық жобасы бойынша тарихи-тұрмыстық коллекция көрмесі;
«Неге» ғылыми-ойын сауық балалар көрмесі;
Шебер-фест: сәндік-қолданбалы өнер мастер-кластары және жұмыстардың көрме-сатылымы: қолдан жасалған бұйымдар, кәдесыйлар және т. б.
«Білім алғырлары», «Ғарышқа саяхат» және т.б. квест ойындар;
«Сакралды Сарыарқа» зияткерлік өлкетану викторинасы;
«Тарихи лото» ұтыс ойыны;
«Түркі жазбалары» алаңы, «Көшпелі өркениет мұрасы» халықаралық Қоғамдық қоры маманының түркі жазуы бойынша шеберлік сабағы;
Ретро-көліктер көрмесі;
Аквагрим және қынамен сурет салу;
Музей алаңында «Музей кафесі» сынды және басқа да көптеген қызықты әрі берері мол дүниелер күтіп тұр.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button