Жаңалықтар

Жобаға қолдау қажет

Қазақстан жастары елімізде су ресурстарын тиімді пайдалану және басқару механизмдеріне түпкілікті көңіл бөлуді құптайды. Жастар арасында белең алған осы бір жаһандық қозғалысқа Абай атындағы №104 мектеп-гимназиясының оқушылары қатысып, жүлделі орынға ие болды.

«ENACTUS KAZAKHSTAN» және «ШЕВРОН» компаниясының «Kazakhstan Water Race» әлеуметтік жобасына еліміздегі үздік мектептердің оқушылары қатысты. Жобаның мақсаты – жас ұрпақты экологиялық мәселелерді шешуге жұмылдыру. Табиғатты аялап қоршаған ортаның түйткілді мәселелеріне бейжай қарамауға үндеу. Ақтық мәреге өткен 127 өтінімнің ішінен топ жарған «Көл тоғандап суару» жобасы 10 үздік мектеп жобасы қатарына еніп, ІІ орынға табан тіреді. Жоба жетекшісі – география пәнінің мұғалімі Айнұр Жантемірова.

– Су тапшылығы – жаһандық мәселе. Бұл жобаға қатысушылар сол түйінді шешу үшін жиналды. Және айтқандары тек сөзбен ғана шектелмейді. Олар өздері тұрып жатқан өңірге тән мәселелерді көтеріп, олардың шешімін макет түрінде ұсынды. Біз – ауыл шаруашылығы дамыған аймақпыз. Осы орайда, қуаңшылықтың алдын алу, әрі ауыл шаруашылығына қажетті сумен қамтамасыз ету мақсатында қар суын пайдаланудың маңыздылығына тоқталдық. Тоған жұмысы да жобаның өзектілігі болды. Оқушыларым алған білімдерін саналы түрде пайдалана отырып, өз идеяларын әрі қарай дамытуға мән беріп, ілгері жылжуда. Бұл – біздің мектеп үшін үлкен қуаныш. Еңбегіміз зая кетпеді. 700 мың теңге көлемінде грант иеленіп, әрі қарай жобаны іс жүзінде жүзеге асырамыз, – дейді Айнұр Болатқызы.

Жастар бастамашылығын қолдау – оларға деген үлкен сенім. Ойлап қана қоймай, оны іс жүзінде дәлелдеу де жеңіс. Бір айта кетерлігі, жобаны толығымен жүзеге асыруға әлі де демеу қажет. Республика деңгейінде маңызды деп табылған жоба облыстағы ауыл шаруашылығы құрылымдарының назарынан тыс қалмаса екен деген ұсыныс бар.

Сағыныш ӘБІЛ. 

Басқа материалдар

Back to top button