Қарағанды облысында жол апатынан 2 дәрігер қаза болды
Қарағанды облысында жол апатынан 2 дәрігер қаза болды. Ақтоғай ауданы Сарышаған ауылының маңында болған жол апатынан 2 дәрігер қаза тауып, 8 медицина қызметкері зардап шекті. Олар Қазақмыс компаниясының қызметкерлерін медициналық тексеруден қайтып келе жатқан.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі қайғылы оқиғаға байланысты көңіл айтты.
«Жол-көлік апатынан Балқаш қаласындағы «Жезған медициналық орталығы» ЖШС емханасының 2 дәрігері қаза болып, 8 медицина қызметкері зардап шекті. Дәрігерлер Балқаш қаласындағы «Қазақмыс» компаниясының жұмысшыларын профилактикалық қарап-тексеруден өткізіп, қайтып келе жатқан. Олар мінген автобус МАЗ маркалы жүк автокөлігімен соқтығысып, жантүршігерлік жол апатына ұшырады.
Министрлік атынан мезгілсіз көз жұмған Кенжеханова Виктория Ислямқызы мен Қыстаубаева Бақыт Рашитқызының жақындары мен отбасына қайғыра көңіл айтамыз.
Отоларинголог Виктория Кенжеханова мен офтольмолог дәрігер Бақыт Қыстаубаева азаматтардың денсаулығын қорғауға ондаған жыл ғұмырын сарп еткен нағыз кәсіби мамандар еді. Аймақтық денсаулық сақтау саласы орны толмас ауыр қазаға душар болды, – делінген министрлік хабарламасында.
“Орталық Қазақстан” газетінің Instagram парақшасынан да оқыңыз.
Сілтемесі: Ortalyq.kz “Орталық Қазақстан” газеті (@ortalyq.kz) • Фото и видео в Instagram