Жаңалықтар

“Өзіңе сен, өзіңді алып шығар…”

Жауынгерге мергендік пен желаяқтық ауадай қажет. Осындай қажетті спорт түрлерінен сарбаздардың ептілігін тексеріп, тәжірибесін арттыру мақсатында Қарағанды облысының Қарабас кентінде Ұлттық Ұлан «Орталық» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшілері арасында штаттық қарудан ату және жеңіл атлетика бойынша іріктеу турнирі өтті.

Аталған турнирге Қарағанды, Теміртау, Петропавл және Степногорск қалаларының іріктелген құрамалары қатысып, бақ сынасты.

Былай қарасақ, жеңіл атлетика мен мергендік жай дүние сияқты. Шындап келгенде олай емес екен. Өйткені, желаяққа шаршамай мәреге уақытылы жету үшін дұрыс тыныс алу, бірден қатты жүгірмеу сынды талаптарды орындау керек. Мергендікте де мылтық ұстаудың, дәлдеудің, өзіңе зиян келтірмей атудың қыр-сырын жетік білу қажет. Осы талаптарды қатысушылар мығым орындап, мықты дайындығын аңғартты.

Нәтижесінде, жеңіл атлетика сайысы қорытындысында І орынды 5516 әскери бөлімі (Теміртау қ.), ІІ орынды 6505 әскери бөлімі (Қарағанды қ.) иеленді. Ал, ІІІ орын биігінен 6637 әскери бөлімі (Петропавл қ.) көрінді. Жоғары көрсеткішпен көзге түскен 3517 әскери бөлімі (Степногорск қ.) ІV орынға лайық деп танылды. Ал, штаттық қарудан ату, нысананы дәл көздеу сайысында І орынды – 6505, ІІ орынды – 6637, ІІІ орынды – 3517 әскери бөлімі иеленді. ІV орынға 5516 әскери бөлімі табан тіреді. Жеңіл атлетикадан іріктеу турниріне 5516 әскери бөлімінің әскери қызметшісі, кіші сержант Ержан Мұңбаев қатысып, жүлдегер атанғанын атап өткен жөн.

– Іріктеу турнирі жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Қарсыластар да жоғары деңгейде өнер көрсетті. Мен де барымды салып, жүлдегер атандым. Өйткені, командирлеріміз өзіңе сенбесең, жеңіске жету қиын екенін құлағымызға құйып, үйреткен. Сенімім алдамады, – дейді Ержан Мұңбаев.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button