Мектептер жаңа үлгіде салынбақ

Қазақстанда 2023 жылдан бастап мектептер мемлекеттік стандартқа сай салынбақ. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ айтты.

(Сурет интернеттен алынды)

Министр қазіргі уақытта мектептер салынғанымен, лицензиялау кезінде барлық қажетті құрал-жабдықтың жетіспейтінін алға тартты. Робототехника, физика, химия пәндік кабинеттері қажет болса, мектеп соған сай жабдықталуы қажет. Сонымен қоса, 2 ауысымды мектептерде оқитын оқушылар үшін бір спорт зал тарлық ететінін айтты.

Министр «Қолайлы мектеп» жобасында құрылыс материалдарының сапасы және бастауыш пен жоғары сынып оқушыларын блоктарға бөлу мәселесі де қарастырылатынын тілге тиек етті.

– Бұл жоба бойынша бізде қосымша 800 мыңнан астам орын беріледі. Бүгінде еліміз бойынша мектептерде 250 мыңнан астам орын тапшылығы бар. Егер біз осы мәселені қазір шешпесек, 2026 жылға қарай жалпы тапшылық 1 млн 200 мыңға дейін жетеді. Былтыр біз Президенттің тапсырмасы аясында 277 мектеп салдық. Биыл 225-тен аса мектеп салынуда. Мектеп құрылысы мен қаржыландыруды әкімдіктер жүргізеді, – деді министр.

Еске сала кетейік, Қарағанды облысында 2025 жылға дейін 19 мектеп, соның ішінде апатты мектептердің орнына 2 мектеп салынады. «Осы жылдың жоспарында 4 мектептің құрылысы жүріп жатыр. 142 білім беру нысаны жөнделеді, – деген болатын облыс әкімі Жеңіс Қасымбек.

Өз тілшімізден.