Жаңалықтар

Ұлық мейрам құтты болсын!

Аса мейірімді, ерекше рақымды Алланың атымен бастаймын! Қасиетті де, қастерлі Құрбан айт мейрамына аман-есен жеткізген Раббымызға сансыз шүкірлер болсын! Құрметті қарағандылық­тар, қадірменді бауырлар! Баршаңызды ұлық мерекемен шын жүректен құттықтаймын!

Һижри жыл санауы бойынша 1443 жылдың зұлхижжа айының басталуы 30 маусым болып бекітілді. Ал, арапа күні 8 шілдеге сәйкес келеді. 9 шілде – Құрбан айт мерекесінің бірінші күні. Зұлхижжа айының алғашқы он күнінде барынша ықыласпен ғибадат етіп, көбірек ізгі істер мен жақсы амалдар жасауға тырысу керек. Өйткені, хадистерде сол уақытта орындалған игі істердің сауабы еселеніп жазылатыны айтылған. Ал, арапа күні ораза тұту – сүннет. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Арапа күні ораза ұстау арқылы Алладан өткен және келесі жылдың күнәсін кешіруді үміт етемін», – деген. Құрбан айт намазынан кейін үш күн ішінде жағдайы келген мұсылманға құрбандық шалу – міндет. Алла Тағала қасиетті Құранда: «Раббыңның разылығы үшін намаз оқы және құрбандық шал» («Кәусар» сүресі, 2-аят) деп бұйырған. Құрбан айт – жүрекке жылу сыйлайтын, жер жаһандағы адамзаттың барлығын татулық пен бірлікке, сыйластық пен ауызбірлікке, кешірімге шақыратын күн. Адамзат баласы бұл күні құлшылық, ғибадаттарын арттырып, құрбандық шалу сияқты сауапты істерімен Аллаға жақындай түсуге ұмытылады.

Құрбан сөзінің өзі араб тілінен аударғанда «жақындау» деген мағынаны береді. Әлем мұсылмандарының басы бір жерде қосылып, қажылық парызын өтейтін де осы кез.

Құрметті мұсылман бауырлар мен отандастар! Ұлық мереке құтты болсын! Айт күнгі ізгі ниеттеріңіз бен шалған құрбандықтарыңызды Алла Тағала қабыл етсін. Әрбір отбасына бақыт, береке қонғай! Көп ұлт пен ұлысты Отанымызға бірлік пен ынтымақ бергей! Жаратушы иеміз сүйікті Қазақстанымыздың мерейін үстем етіп, халқымыздың ауызбірлігін арттыра бергей! Еліміз аман, жұртымыз тыныш, Тәуелсіздігіміз баянды болғай! Әумин!

Ізгі ниетпен шалатын құрбандығымыз, қажылық сапарында жүрген жерлестеріміздің қажылығы қабыл болғай. Әмин!

Өмірзақ қажы БЕКҚОЖА, ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша өкіл имамы.

Басқа материалдар

Back to top button