Жыл сайынғы «Парыз 2022» конкурсына қатысуға өтінімдерді қабылдау басталады

Қарағанды облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы облыстың жұмыс берушілері мен кәсіпкерлерінің назарына ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау Министрлігі, жұмыс берушілердің Ұлттық палатасы, Қазақстан Республикасының кәсіподақтар Федерациясы 2022 жылы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «Парыз» республикалық конкурсын өткізудің басталғаны туралы хабарлағанын жеткізеді. Байқау қорытындысы жыл соңында шығарылады.

Конкурс жеке кәсіпкерлік субъектілерінің қоғам алдындағы өзінің корпоративтік әлеуметтік жауапкершілігін қалыптастыруға және арттыруға бағытталған.

Осыған байланысты облыстың қалалары мен аудандарында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу, жоғары корпоративтік жауапкершілігі бар өңір кәсіпорындарының оң тәжірибесін, өткен жылдардағы «Парыз» конкурсының жеңімпаздарын насихаттау жоспарланып отыр.

Конкурстың өңірлік және республикалық кезеңдеріне қатысу тегін.

Байқау 4 номинация бойынша өткізіледі:

1) «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын».

Бұл номинацияда өз персоналын қолдауға, өңірдің әлеуметтік жобаларын іске асыруға қатысуға, мүмкіндіктері шектеулі адамдарды әлеуметтік бейімдеуге және жалпы қоғамның әл-ауқатын жақсартуға бағытталған әлеуметтік бағдарламаларды (еңбекке ақы төлеуді және әлеуметтік төлемдерді ұйымдастыру, кадрларды кәсіптік даярлау және қайта даярлау жүйелері, мүмкіндіктері шектеулі адамдардың барынша көп санын жұмысқа орналастыру және т.б.) іске асыратын үміткерлердің қызметі қаралады.

2) «Еңбекті қорғау саласындағы үздік кәсіпорын».

Бұл номинацияда еңбек қызметі процесінде қызметкерлердің денсаулығын сақтауға мүмкіндік беретін еңбек жағдайларын жасайтын үміткерлердің қызметі қаралады.

3) «Үздік ұжымдық шарт».

Бұл номинацияда Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген қызметкерлердің еңбек және әлеуметтік құқықтарын едәуір жақсартатын және нығайтатын ұжымдық шарттар қаралады.

4) «Экологияға қосқан үлесі үшін».

Бұл номинацияда қоршаған ортаның жай-күйін жақсартуға бағытталған табиғатты қорғау (экологиялық) бағдарламаларын іске асыруда ерекше көзге түскен үміткерлердің қызметі қаралады.

Сонымен қатар, Конкурста «Жылдың үздік әлеуметтік жобасы» арнайы сыйлығы бекітіледі.

Бұл арнайы сыйлықта бизнес іске асыратын, халықтың әлеуметтік осал және аз қамтылған топтарының жұмыспен қамтылуына және (немесе) тұрмыс жағдайларын жақсартуға ықпал ететін әлеуметтік жобалар қарастырылады.

«Парыз 2022» конкурсына қатысу қағидалары мен тәртібі туралы толық ақпарат алу үшін ұйымның орналасқан жері бойынша қалалық және аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдеріне жүгінулеріңізді сұраймыз. Сондай-ақ барлық ақпаратты «Қарағанды облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы» ММ сайтынан ала аласыздар.