Жаңалықтар

Елорда – ән орда

Астанамыз Арқа төріне ауысқалы бері жүзден аса ән жазылыпты. Ақын-сазгерлер әсем қаланың сұлулығын, боямасыз бейнесін жырмен кестелеп, әнмен әрледі. Арасында ел аузына кең таралып, хит болғандары да бар.

Ақмола қаласы Астана болып жарияланған тұста қала жайлы үздік әнге байқау жарияланады. Ақын Амангелді Жұмабек сөзін жазған Ескермес Иманбайдың «Ақмола – бас қалам» әні жеңіске жетеді. Бұл ән кезінде елорданың халықаралық тұсаукесерінде шырқалыпты.

Кейіннен жаңа әндер дүниеге келген соң аталған шығарма ұмыт қалған.

Астана туралы әндердің тууына бірден-бір себеп байқау екені анық. Ұзақ жылдан бері өткізіліп келген «Ән жүрегім – Астана» байқауының арқасында қаншама ән дүниеге келді.

Байқауда Елорда жайлы бұрын-соңды орындалмаған әндер шырқалуы шарт болғандықтан, Астанаға арналған әндер қатары артты.

Тағы бір өміршең әндердің бірі – «Елімнің жүрегі – Астана» әні. Бұл туынды бастапқыда махаббат тақырыбына арналған деседі. Әрі осы әнді концертте тыңдаған

Төлеген Мұхамеджанов көзіне жас алған екен. Әнін Қайрат Жәнібеков пен композитор Махамбет Түгелбаев жазыпты. Сөзі – ақын Сараш Қоңырбаевтікі. Нақышына келтіре орындайтын – Алтынай Жорабаева. «Первое утро столицы» әні де өз тыңдарманын тапқан. Бұл әнді «Елорданың заңдастырылмаған әнұраны» дейтіндер де табылады. Нағима Есқалиева мен Бауыржан Исаевтың дуэті көптің көңілінен шығып, ойында жатталды. Ән авторы Еркеш Шакеевтің басқа да әндері бар астанаға арналған. Мысалы, өзбек композиторы Фарух Закировпен бірге жазған «Город над рекой» әнін «Ялла» тобы орындайды. Одан кейін Нұрлан Абдулинге жазып берген «Путь от Алматы до Астаны» туындысы бар.

Осы секілді Елорданы әнмен әлдилеп жүргендер көп. Тәуелсіздіктің тұғырына айналған бас қала жайлы әлі талай туынды жазылатыны хақ.

Әмина ӨМІРЗАҚОВА,

О.Әлібаев мектебінің 11-сынып оқушысы.

Басқа материалдар

Back to top button