Жаңалықтар

Тағы бір әулетте баспана бар

Біз жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған елдің ұрпағымыз. Қанға сіңген осы бір асыл қасиет күні бүгінге дейін жан-тәнімізден ажыраған жоқ. Жақсының жақсылығын жарыса айтып, жоқтың жоғын түгендеп жүрген арда азаматтарымыздың қатары да жыл санап артып келеді. Сондай жанашыр жандардың бірі – Asar ume қайырымдылық қорының азаматтары. Осыдан 3 жыл бұрын құрылған қор бүгінде 440 көпбалалы отбасына қуаныш сыйлап үлгерді. Биыл Asar joly jaqsylyqta 20 000 km форумын қолға алып, 5 бала тәрбиелеп отырған жалғызбасты Евгения ВАСИЛЬЕВАҒА Сұрыптау кентінен 4 бөлмелі үйдің кілтін табыстады. Аталмыш форумға Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің вице-министрі Александр ДАНИЛОВ, облыс әкімінің орынбасары Ербол ӘЛІҚҰЛОВ пен облыстың бас имамы Өмірзақ қажы БЕКҚОЖА арнайы қатысып, жылы лебізін білдірді.

 – Біз сіздермен тарихы терең, салт-дәстүрді құрметтей білетін қасиетті Сарыарқа жерінде қауышқанымызға қуаныштымыз. Ата-бабамыздан келе жатқан қайырымдылық жасау үлгісі қарқынды дамып келеді. Игі іске отбасынан ұлттық тәрбиені сусындап өскен белсенді жас азаматтар ұйтықы болып отыр. Бір өңірден екінші өңірге халықтың жан жылуын таратуға арналған игі шара сәтімен болсын. Парасатты әрі адал азаматтар жандарыңыздан табыла берсін, – деді Ербол Шымкентбайұлы құттықтау сөзінде.

Құрылғанына 3 жыл енді толған қордың бүгінгі жетістігі – осы. Көмекке мұқтаж 440 отбасына, яғни 2 600 балаға баспана сыйлау. Ал, былтырғы жылы Қарағанды өңірінің өзінде 10 отбасы баспаналы болыпты.

Ертеден келе жатқан асар дәстүріміз бар ғой. Сол дәстүрдің жаңа форматы десек те болады. Қазіргі таңда көмекке мұқтаж талай отбасы бар. Соларға көмек көрсетуіміз қажет. Сол мақсатта Asar ume қоры құрылған болатын. Кейін, «Неге біз бір қаламен шектеліп қалуымыз керек?» деген ой туды. Қазір республика көлемінде аралап, көмекке зәру отбасыларына қол ұшын созуға шықтық. «Asar joly jaqsylyqta 20 000 km» турын ұйымдастырдық. Негізгі жоспар, тур аясында форум өткізіп, мұқтаж отбасына баспана кілтін табыстау. Қазір бәрі ойдағыдай жүріп жатыр. Форум елордада басталып, кеншілер қаласында жалғасты. Енді Көкшетау, Қостанай, Петропавл, содан кейін, оңтүстікке жолға шығамыз, – деді Asar ume қайырымдылық қорының президенті Асхат Нұрмашев.

Евгения Васильева бұған дейін терезесінен жел үріп, қабырғасы сөгілген үйде 5 баламен тұрып келген. Тұрақты жұмысы да жоқ. Тек Үкіметтің тағайындаған жәрдемақысына күнелтеді.

Көп жылдар бойы үй жалдап тұрдық. Балалар әлі кішкентай болғандықтан тұрақты жұмысқа орналаса алмадым. Бірақ, жалдамалы жұмысқа шығып, азды-көпті ақша тауып жүрмін. Қазір көпбалалыларға төленетін жәрдемақыға өмір сүріп жатырмыз. Өткен жылы «Шаңырақ» көпбалалы аналарды қолдау орталығының қызметкерлерімен таныстым. Олар балаларға азық-түлік әкеліп, моральдық тұрғыдан да көмектесті. Осы жолы аталмыш орталықтың қызметкерлері форумға қатысу керек екендігімді айтып, осында шақырды. Кенет үйдің кілтін қолыма ұстатқанда көз жасымды тия алмадым. Менің өз үйім бар. Осы сөзді айтудың өзі керемет. Енді балаларым алаңсыз өседі. Бәріне алғысым шексіз, – деді Евгения Васильева.

Сонымен қатар, қалталы кәсіпкерлер көпбалалы анаға тұрмыстық техника, кілем және көшіп-қонуға кететін шығынын өтеуге ақша да жинап берді.

Осыдан 8 ай бұрын Asar ume қайырымдылық қоры тоғыз баланың анасы Ольга Кудрявцеваға Курьяновский ауылынан бес бөлмелі үйдің кілтін табыстаған еді. Ұйымдастырушылар аталмыш форумға кейіпкердің өзін арнайы шақыртыпты. Соңғы жылдары 10 үйге көшіп, үлкен ұлы 4 мәрте мектебін ауыстырған көрінеді. Бұл – олардың өткен өмірі. Ал, қазір жағдайы бір басқа.

Баспаналы болғаннан кейін жағдайымыз күрт өзгерді. Балалардың оқу үлгерімі де жақсарып, денсаулығы оңалды. Ауладағы бос алқапқа көкөніс отырғыздық. Енді соның жемісін күтіп отырмыз. Ал, мен сүйікті ісіммен айналыса бастадым. Клинингтік қызмет көрсетіп, нәпақамды айырып жүрмін. Алдағы уақытта ісімді кеңейтуді ойлап жүрмін, – деді ол.

Форум демеушілері жалғызбасты жанға кәсібін дөңгелетуі үшін кәсіби шаңсорғыш сыйға тартты. Сонымен қатар, үйінің аумағын кеңейтіп беруге уәде берді.

Жақсы істің жаршысы болып жүрген қор мүшелері қайырымды істер марафонын жалғастырады. Ойға алған жоспарлары, бетке алған бағыты – айқын. Осы жолда тек қуаныштың көз жасы ғана төгілсін.

Ербол ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Back to top button