Жаңалықтар

Паллиативтік орталық – балаға қамқорлық

Қарағандыда мүмкіндігі шектеулі және онкологиялық аурулары бар балаларға арналған паллиативтік орталық ашылды. Пациенттер мен олардың ата-аналарына медициналық, әлеуметтік, психологиялық және заңгерлік көмек көрсетілетін болады.

Светлана Алтынбекова – жаңа орталықтың алғашқы келушілерінің бірі. Көпбалалы ана екі ерекше бала тәрбиелеп отыр. Оның ұлы Шыңғыс церебральды сал ауруымен ауырады. Әйел ұзақ жылдар бойы Қарағандыда дәл осындай орталықтың ашылуын күткенін айтады.

– Мен қалада осындай орталық пайда болғанына қуаныштымын. Ерекше балалардың ата-аналарына өз проблемалармен жалғыз күресу ауыр. Бізге көбінде моральдық қолдау қажет, – деді Светлана.

Орталық Қазақстан паллиативтік көмек көрсету қауымдастығының бастамасымен және AMANAT партиясы депутаттарының қолдауымен ашылды.

Ашылу күні кішкентайларға аниматорлар ойын-сауық бағдарламасын көрсетті. Ал, аналарға сыйлықтар, гүлдер, азық-түлік себеттер табыс етілді.

– Паллиативті медициналық көмек көрсету – қауіпті ауруларға байланысты проблемаларға тап болған пациенттер мен олардың отбасыларының өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған тәсіл. Ерте диагностика мен емдеу, физикалық, психоәлеуметтік, рухани қолдау арқылы паллиативтік көмек біраз қиындықты жеңілдетуге мүмкіндік береді, – дейді Қазақстан балаларына паллиативтік көмек қауымдастығының директоры Әлия Қадырәлиева.

Орталық қызметкерлері өз қамқорлығындағы адамдарға сапалы көмек көрсету үшін медициналық қызметкерлер мен ата-аналарға оқыту курстарын өткізбекші. Қазір арнайы пациенттер кіретін клиенттік база толтырылуда. Сонымен қатар, мобильді топ құру жоспарланған.

Алғашқы паллиативтік орталық Алматы облысында ашылған. Біраз уақыттан бері ерекше балаларды қабылдап келеді. Қарағандыда мұндай мекеме Әлиханов көшесі, 20 мекен-жайында орналасқан.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Back to top button