Жаңалықтар

Жанға араша, жұртқа үміт сыйлады

Жуырда «Алматы-Қостанай» бағытындағы жолаушылар пойызын тексеру барысында Қарағанды-Сұрыптау бекетінің аға лейтенанты Данияр ҚАНАТ көпірден секірмек болған әйелді құтқарды.

Даниярды алғашында ол әйелдің айдаладағы көпірде жалғыздан-жалғыз тұрғаны алаңдатқан. Мұндай кезде дереу тексеруге көшетін әккі маман осы жолы да бұл істе бір гәп барын сезіп, көпірге таяп барады. Данияр күдік тудырған әйелдiң жанынан өте бергенде оның оң аяғын көтеріп, көпipден секірмекке бекінгенін байқайды. Көлігін қаңтара сала бірден әлгі әйелге қарай жүгіріп барып, шапшаң қимылмен оның қолынан ұстап, орны толмас оқиғаның алдын алады.

Осыдан соң, полиция қызметкері өз-өзіне келген әйелмен тілдесіп, оған төменге түсуге жәрдемдеседі. Оқиға кейіпкеріне бөлімшеден медициналық және моральдық-психологиялық көмек көрсетіледі. Кейін, көлік полицейлері әйелдің жеке басын анықтады. Ол Қарағанды қаласының тұрғыны болып шықты. Оның мұндай қадамға барғаны отбасылық жағдайына байланысты көрінеді. Қазіргі уақытта аталған факті бойынша тергеу жүргізілуде.

– Көлік полицияларының басынан осыған ұқсас түрлі жағдай өтіп тұрады. Егер бұл бастан өткерген алғаш оқиғам болса, не істерімді білмей тұрып қалар ма едім, кім білген, – дейді аға лейтенант.

Әрине, бұл сөзінің жаны бар. Әбден қызметінің қыр-сырын жетік меңгерсе де, жеме-жемге келгенде жедел шешім қабылдау екінің бірінің қолынан келмесі хақ. Даниярдың бұл әрекеті қызметтестерінің де, естіген жұртшылықтың да ыстық ықыласына бөленді. Осылайша Қарағанды-Сұрыптау бекетінің аға лейтенанты жедел әрекеттің арқасында жанға араша, жұртқа үміт сыйлады.

Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ. 

Басқа материалдар

Back to top button