Жаңалықтар

Кемел келешекке атсалысайық

Тәуелсіз еліміздің Ата Заңына конституциялық өзгерістер енгізу жөніндегі 5 маусымда өтетін бүкілхалықтық референдум – барлық реформалардың бастауы деп білемін. Референдумға шығарылатын өзгерістер елдің көкейінде көптен жүрген мәселелер екендігі айдан анық. Тек енді сол конституциялық түзетулер қабылдануы үшін әр азамат жауапкершілікті өзінен бастағаны ләзім. Қоғамның сенімінсіз ешбір демократиялық қадамдар да жүзеге аспайтынын білеміз. Сондықтан да, республикалық референдумды бізге берілген тарихи мүмкіндік деп пайдаланып, отандастарымды, жерлестерім мен замандастарымды, әсіресе, жастарды белсенділік танытуға шақырамын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қасіретті қаңтар» оқиғасынан кейінгі Қазақстан халқына Жолдауында:

«…Алдымызда Парламенттің рөлін күшейту міндеті тұр. Бұл «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын табысты жүзеге асыруға жол ашады. Біз болашақта қандай ел болатынымызды нақты білеміз. Жаңа Қазақстанды азаматтық қоғамы қалыптасқан тиімді мемлекетке айналдырамыз. Бүгін мен осы стратегиялық мақсатымызға жетуге мүмкіндік беретін бірқатар бастамаларды ұсынамын…» деп атап көрсеткені белгілі.

Президент Ата Заң баптарының үштен бірі өзгеретінін жеткізді. Бұл дегеніміз – ел тарихында аса маңызды қадам. Мемлекет басшысы айтқан реформаның маңыздылығы – Президенттің өкілеттілігін күшейту емес, ықпалды Парламент құру арқылы халыққа есеп беретін Үкімет қалыптастыру.

Бұл жолғы референдумның басты ерекшелігінің бірі – Президент өкілеттілігінің белгілі дәрежеде шектелетінінде, бұл жаңарған Қазақстанның жарқын қадамы деп бағалауға болады. Сонымен қатар, сот билігіне де елеулі өзгерістер ұсынылды.

Оның бастысы – Президент Конституциялық сот құруды ұсынып отыр.

Жалпы айтқанда, билік тармақтарының міндеттері, өкілеттілігі референдум арқылы өзгереді.

Конституцияға енгізілетін түзетулердің халықтың көңілінен шығатын – ол жер және оның қойнауы, су, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі және тағы басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі. Бұл норма Ата Заңымызға түпкілікті және біржақты бекітілген. Мемлекет халық атынан меншік құқығын жүзеге асыратын болады.

Қорыта айтсақ, Конституция енгізілгелі отырған бұл өзгерістер еліміздің болашағының қарқынды дамуына серпін беретіні анық. Сондықтан, Қазақстан ұрпағының жарқын болашағы, кемел келешегі үшін аянбай атсалысайық!

Рымбала ОМАРБЕКОВА, 

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. 

Басқа материалдар

Back to top button