Жаңалықтар

Асқақ рух һәм кие

Түрлі додаларда келеңсіз оқиғалар орын алатынын көріп жүрміз. Әсіресе, жеңімпаздың құрметіне қойылатын мемлекеттік Әнұранды шатастырып жатады. Сондай жайттың бірі 2019 жылы Үндістанда өткен Азия чемпионатында орын алған еді. Ел атынан сынға түскен құрама команданың кезекті ойын алдында қойылуы тиіс Әнұран техникалық ақауларға байланысты өшіп қалған. Соған қарамастан, ел атынан барған спортшылар бар дауысқа салып, ғимарат ішін қоңыр үнге бөлеген. Сол спортшылардың қатарында қарағандылық Олжас ҚАНЫШ та бар еді…

2019 жыл. Үндістанның Бангалор қаласында су добынан 2002- 2003 жылы туған жасөспірімдер арасында Азия чемпионаты өткен болатын. Сол уақытта ел намысын қорғап, ұлдар мен қыздар құрама командасы бақ сынады. Додаға қатысқан 10-нан астам мемлекет ішінде қыздардан жасақталған құрам жүлделі ІІІ орын, ұлдар құрамасы ІІ орын еншілеп, көк туды төбесіне көтеріп қайтқан еді.
– Әр матчтың алдында қос команданың әнұраны шырқалады. Қателеспесем, жарыстың 3 күні болуы керек, қыздар құрамасы кезекті ойын алдында сапта тұр. Сайрап тұрған құрылғы өшіп қалмасы бар ма? Үлкен арена ішінен тынды да қалды. Әнұранның сөзіне қосылып шырқап тұрған біздің дауыс естілмейді. Сол-ақ екен, құдды бір келісіп алғандай бәріміз бар дауысқа салып, әнұранды шырқай жөнелдік. Тыныштық күйге түскен зал іші қас қағым сәтте әнге бөленді. Сол уақыттағы көңіл-күйді сөзбен жеткізе алсамшы?!. Толқып та мақтанып айтқан әр спортшының жүзінен үлкен сезім байқадым.

«Намысын бермеген, Қазағым мықты ғой!»… Осы бір жолды айтқанымда кеудемді үлкен мақтаныш сезімі кернеді. Бізде – бәрі бар. Бақытты ұрпақпыз. Өзге елдермен тереземіз тең. Қатпар-қатпар тарих та, асты-үсті толы байлық та бар. Ал, осы байлықты, теңдесі жоқ мұраны қалдырған бабалар еңбегін естен шығармау – парыз. Осы күнге жетуіміз сол батыр бабалардың арқасы. Біздің елді күллі мемлекет біледі. Тарих – баршаға мәлім. Осының бәрін ойлағанымда кеудемді рух кернеп қоя берді. Бабаларыммен, қалың тарихыммен мақтандым. Тәуелсіздігіміз бен бейбітшілігіміз үшін мақтандым. Қалай мақтанбасқа? Әнұран шырқап тұрғанымда осы сәттің бәрі көз алдымнан ескі фотопленкадай өте шықты. Сол уақытта дауысымның қалай екпіндеп шыққанын өзім де байқамай қалыппын. Бабалардың тұяғы, мұрагері де – мына біздер. Ал, осының бәрін игеру – бізге артылған міндет. Абыроймен атқару үшін бабалар киесі қолдасын! – деді Олжас Ардақұлы.
Иә, Бірлігі жарасқан, Тәуелсіз еліміз жасай бергей!

Ербол ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Back to top button