Жаңалықтар

Татамидегі тартыс

Қазыналы Қаражалдағы «JUDO» спорт кешенінің мамандандырылған залында 2006-2007 жылдары туылған жасөспірімдер мен қыздар арасында дзюдодан республикалық турнир өтті. Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Жезқазған, Сәтбаев, Семей және Қаражал қалалары, Жарық және Жәйрем кенттерінің, Шет және Жаңаарқа аудандарының жас спортшылары қатысқан дзюдо додасы саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске түсіруге арналды.

Турнирдің ашылу салтанатында қатысушылар мен қонақтарды ҚР еңбегі сіңген төрешісі Дүйсенбай Тәжкеев, Қаражал қаласы әкімінің орынбасары Дәурен Жақыпов, «AMANAT» партиясы қалалық филиалының атқарушы хатшысы Айгүл Мауленина, қалалық мәслихат депутаты Ләззат Қошмағамбетова құттықтап, сәттілік тіледі. Екі күнге созылған татами үстіндегі текетіреске ұлттық дәрежедегі төрешілер Талғат Әбдішев (бас төреші), Тілек Несекеев, Жәнібек Тыныбаев, Мадияр Мағауияұлы, Тілеужан Күзембаев, Абзал Жақанов, Шахмұрат Әлқуат қазылық жасады.

Байрақты бәсекеде өз салмақ дәрежесі бойынша қаражалдық Әйгерім Ермек, Аяулым Ермек, Алина Тарелкина, Әмірлан Әбілхайыр, Ақерке Ерболқызы, Қуаныш Төлеген, Нұржан Егінтаев, жаңаарқалық Айболат Куаныш, сәтбаевтық Руслан Сәрсенбай, Диас Тәшкенбай, қарағандылық Гүлнұр Нүрпейісова, Ақжол Елеусіз, Әлихан Хамитжан жеңіс тұғырына көтерілді.

120-дан астам жас спортшы қатысқан турнирде 7 алтын, 3 күміс, 4 қола медаль иеленген қаражалдықтар жалпы командалық есепте көш бастады.

Әлібек ӘБДІРАШ.

ҚАРАЖАЛ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button