“ҚҰРСАУЛЫ ҚАРА БУРАНЫҢ” ДЕМІН ҮЗГЕН немесе танк талқандаушы “төбе иттер”
Ресейдің Волгоград қаласындағы арқасына қоржын ілген иттің ескерткішін білмейтін жан кемде-кем. Бұл – сонау 1942 жылдың көктемінде әскерге иттердің иелерімен бірге аттандырылған қилы кезең еді. Мәскеуден полигонға арнайы итімен алдырылған нұсқаушылардан-ақ бұл иттердің майдан даласына құр үру үшін келмегені бесенеден белгілі. «История боев за Ростов 1942 года» атты белгісіз сарбаздың хатында «Алекс» атты овчарка жайлы айтылады. Оның хатқа түсіргендегі өкініші – жасынан асыраған күшігін өз қолымен атуы…
1930 жылы әскери ит өсіру курстарының зерттеушісі Шошин иттерді танкілерге қарсы қолдануды алғаш рет ұсынды. Ал, 7-ші байланыс полкінің взвод командирі Нитц дәл осы ұсынысқа техникалық негіздеме қосты. Осылайша, 1931-1932 жылдары Ульяновск аудандық қызметтік ит өсіру орнында алғашқы сынақтар өткізілді. Кейінірек сынақтар Саратов броньды көліктер мектебінде және Балтық жағалауындағы 57-ші әскери лагерьлерде, сондай-ақ, 1935 жылы Кубинкадағы автобронетанк ғылыми-зерттеу полигонында жалғасын тапты.
Иттер жаттығу барысында аш күйінде ұсталды. Оларға тамақ тек қарсы жүріп келе жатқан танктің астындағы қозғалтқыш қуысына тығып берілді. Алғашында гүрілдеген қозғалтқыштың үнінен үріккен иттер танкке таяна алмады. Дегенмен, қу құлқыны үшін не де болса бағынады емес пе?! Аштықтан алдындағы еңгезердей қырық аяқ құрсаулы алып техникадан да қорқу сейілді.
1941 жылдың екінші жартысында физика-математика ғылымдарының докторы Н.Рейновтың бастамасымен иттер арқалап жүретін жарылғыш зат ойлап табылды.
Ол – 12 келілік «ТНТ», «ТМ-41» қысыммен жарылғыш миналары. Иттің белдемесіне қоржын секілді салынып, белінен таңылады. Шошайған антенна алыстан пультпен басқаруға мүмкіндік берді. Бірақ, сақтандырғышы шешілген 12 келілік жарылғыш зат асқа асығып, апыл-ғұпыл танкінің астына сүңгіген иттің ас ішкенін күтіп тұрмақ емес. Шошаңдаған екі сүйем сымның (антеннаның) танкі теміріне тиюуі мұң-ақ екен бұрқ етіп жарылады.
Немістер бұл иттерді «Hundimen» деп атаған. Олардың түсінігінде бұл иттер – Кеңес әскерінің тапқыр шешімі. Көкжиектен көк ит көрінсе, қол қусырып отыруға болмайды. «Бірден атып тастау керек» деген бұйрық бар. Негізгі мәліметке сүйенсек, жау әскерінің 300- ге жуық танкісі осы иттердің арқасында күйреген.
Әсіресе, Мәскеу, Сталинград, Воронеж маңындағы шайқастарда «құрсаулы қара бураға» (танкіге) қарсы тұрған иттер кеңінен танылды. Және шабуылдары нәтижесіз емес. 1941-1942 жылдар аралығында 13 батальон итті әскер құрылды. Әр взводта нұсқаушысымен 55-65 танк жойғыш иттер сапта сақадай сай тұрған.
Ең елеулі тарихта қалған ерліктері 1942 жылы 22 шілдеде Дондағы Ростовтың солтүстік-батысында орын алды. 64 ит фашистің 24 танкісін тас-талқан етті.
Ал, Сталинград шайқасында НКВД-ның 10-шы дивизиясының құрамында Анатолий Куниннің басшылығымен иттер жау танктеріне мүмкіндігінше жақын жеткізіліп, жою мүмкіндігін арттырды. Осылайша, ол шайқаста 32 танк жойылды.
Дәл осы шайқаста ең үздік ит нұсқаушысы деп Аркадий Самсонов II дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапатталады.
Сонымен қатар, 1943 жылдың жазында Курск доғасындағы шайқаста 12 неміс танкі иттердің көмегімен жойылды. Кейіннен әккіленген жау әскері танкілерінің астын иттер кіре алмайтын темір тормен қаптап қоятын болған.
– «Әкем әкеп берген кішкене көк күшікке бауыр басып қалдым. Атын «Алекс» деп атап, жанымнан тастамаушы едім. Кейін әскер қатарына шақырылғанда, ит пен иесі әскерге бірге қабылданады және олар арнайы құпия тапсырма орындайды дегенді естіп өз еркіммен әскер қатарына өттім. Осылайша ит даярлайтын жерге келдім. Онда иттерімен бірге қабылданған 200-ге жуық сарбаз болды. Біздің иттердің дайындығы тасжүрек жанның да жанына тиердей еді. Аштықтан бұратылып алып, ыңырана қозғалған танкінің астына тамаққа кіргізгенде көзіме жас іркілуші еді. Кейін үстеріне салмағы 11-12 келілік сөмкелер іліне бастады. Дәл осы кезеңнен бастап, мен итімді өзіммен қоса ала келгеніме өкініп жүрдім. Майданның ашық алаңы, менің алдымда 4 нұсқаушы бар, олардан кейінгі кезек менікі. Алаңда жау әскерінің 6 танкі, Кеңес әскерін тықсырып барады. Кенет бұйрық беріліп, «Алексті» ертіп окоптың шығаберісіне келдім. Мойнындағы қарғы бауын ағытып қоя бердім. Таңнан тамақ ішпеген «Алекс» көк ала шаңды бұрқыратқан жау танкілеріне қарай іркілместен тұра ұмтылды. Артынан дүрбімен көз қадап мен қалдым. Қарсы келген қос танкінің астын кезек түрткен «Алекс» кірерге саңылау таппай жүр. Әбден біздің иттерден зәрезап болған жау әскері танкілердің астын темір сым торлармен қаптап тастаған. Бірнеше әрекеттен соң «Алекс» қайта қайтып келеді. Окопқа 50 метр қалғанда «Ат» деген бұйрықты құлағым шалып, қарауылға ілінген өз итімді жайратып салдым». («История боев за Ростов 1942 года» атты белгісіз сарбаз хатынан үзінді).
Кейін соғыстан аман оралған 50 итке «Қызыл алаңға» сарбаздармен бірге жүру мәртебесі берілді. Ал, 2010 жылы Волгоград қаласында осынау иттердің иесіне адалдығы һәм жеңіске бірден-бір себепкер болғаны үшін «А.Куниннің иттері» деп арнайы ескерткіш орнатылды.
Адалдығын ақтық демі біткенше дәлелдеген «Алекстің» жанталасы осы түйінге дәлел.
Қазақта «төбет» деп отар қорғап, көкжалға қарсы тұрған нағыз бөрібасар иттерді айтады. Осынау овчаркаларға одан да бетер мәртебе мен құрмет көрсетілуі керек-ау! «Төбет» емес «төбе ит» деп айтуға тұрарлықтай. «Ешкім де ештеңе де ұмытылмақ емес»…
Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.