Үздіктер шеруі

Қарағандыдағы беделді оқу орындарының бірі М.Жұмабаев атындағы гимназияда «Дарынды ұрпақ – ұлт болашағы» атты үздіктер шеруі өтті. Мектеп даңқын асырып, биік белестерді бағындырған түрлі байқау, олимпиада, интеллектуалдық сайыстардың жеңімпаздары мен озат оқушылар марапатталды.

Биыл гимназиядағы 157 оқушы мектепті үздік бітірді.

Салтанатты шарада гимназия директоры Абылай Жәлелов құттықтау сөз сөйлеп, мектеп оқушылары білімнің қасиетті туын мәңгі желбірете берсін деген тілек білдірді. Сондай-ақ, мектеп үздіктері мен мақтаныштарына мақтау қағазын табыс етті.

Мағжан гимназиясының оқушылары қалалық қана емес, облыстық, республикалық, халықаралық деңгейдегі түрлі байқауларда топ жарып келеді. Оның ішінде ғылыми жоба мен интеллектуалды сайыстардың, халықаралық робототехника фестивалінің жеңімпаздары, байқауларда биіктен көрініп жүрген үлгілі «Шолпан» би ансамблінің бишілері, әскери және спорттық жарыстардың жеңімпаздары мен еріктілер, көркем сөз оқу байқауының жүлдегерлері және мектептің жас блогер-журналистері «Үздіктер шеруінде» марапатталды.

Атап айтқанда, 2021-2022 оқу жылының қорытындысы бойынша жалпы білім беретін пәндерді үздік бағаға аяқтап, облыстық, республикалық пән олимпиадалары, ғылыми жоба, халықаралық интеллектуалды сайыстарда жеңіске жеткен бастауыш сынып оқушысы Асанәлі Аршынов пен 8-сынып оқушысы Мерей Бағдат, 11-сынып оқушысы Ақнұр Сақтаған «Жыл дарыны» атанып, мектеп даңқын асырды.

Қарағанды қаласы білім бөлімінің ұйымдастыруымен өткен ХІ қалалық «Жыл оқушысы – 2022» байқауы нәтижесінде 10-сынып оқушысы Әнел Шәкенова «Бас жүлдені» жеңіп алса, 8-сынып оқушысы Аружан Каригулова қалалық байқауда I орынға ие болып, дипломмен марапатталды. «Жыл оқушысы – 2022» байқауының қорытындысы бойынша 7-сынып оқушысы Мәриям Аманжол II орын жүлдегері атанды.

Бүгінгі жас ұрпақты білім нәрімен сусындатып, тәрбие мен білім беру – үлкен ерлік. Ұстаз тәрбиелеген ұрпақ – ертеңгі елдің тірегі болмақ. Тәуелсіздіктің тұғырын, еліміздің тыныштығын сақтап қалатын да солар. Елімізді өркендетіп, қоғамға пайдасы тиетін азаматтарды тәрбиелеу – әр ұстаздың борышы.

Халықаралық деңгейде өнер көрсетіп жүрген гимназия мақтаныштары құралған үлгілі «Шолпан би» ансамблі, «Мағжан ұрпақтары» хоры өнер көрсетіп, салтанатты жиынға қатысушыларға ерекше көңіл күй сыйлады.

Соңғы қоңырау салтанатында сөз сөйлеп, үздіктерді құттықтаған ата-аналар оқушыларға алдағы оқу жылына сәттілік тіледі. Жыл өткен сайын үздіктер қатары көбейе берсін деп тілек білдірді.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.