Жаңалықтар

Туымыз ту-талақай болмасын десек…

Дәл мереке қарсаңында былайша қалам тербейтін жөніміз жоқ та еді. Дегенмен «Көк Туымызды өзіміз ту-талақайға айналдырып алмас па екенбіз?» деген ішкі қам қамшы сілтетті. Әлеуметтік желіден «Ирина Кайратовна» тобының мүшесі мен жастар жағына жақсы таныс Shiza Туды қолтығына қыстырып алып, сахна үстінде аузынан ақ ит кіріп, көк ит шыққанын көпшілік көрді. Қоғам кірпідей жиырылды. Сахнада кие барын ұмытқан әлгілердің видеосы көп қазақтың жүрегін ауыртты. Заңды да әрине. Өйткені, Көк Туынсыз бұл қазақтың жоқ құны…

Еске салудың әсте қажеті бар-жоғын білмеймін, бірақ қаралы қаңтар кезіндегі митингте өзі жарақат ала тұра, Туымызды тік ұстап көтеріп келе жатқан Берік Әбішев есімді жігіттің суреті рухымызды асқақтатқан еді. Ол шақ – елдігімізге қауіп төніп тұрған тұс еді. Ал, айдың, күннің аманында өрескелдікке жол берген әлгі қос әншінің қазақ елі заңмен жазаланғанын талап етуде. Мен қуандым. Әлгілердің әрекетіне емес. Жалауға жаны ашып, жанымен сүйген, намысын жыртқан жұрттың көптігіне. Әлеуметтік желінің құдіреті сол, ел ду етті. Бұл мәселеге Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі үн қатты. Ғалым Қаныш Сәтбаевтың сөзін мысалға ала отырып, тиісті заңдарға түзетулер енгізу керек екенін де атап өтті. «Жастардың отаншылдық рухын күшейту керек. Қазір әлеуметтік желіде мемлекеттік Туды қадірлеу туралы көптеген ой-пікірлер айтылып жатыр. Өкінішке қарай, қасиетті Көк Туымызға байланысты орын алған жағымсыз жағдайлар азаймай тұр. Сондықтан, байрағымызды пайдалану тәртібін қайта қарау керек деп ойлаймын. Қажет болса, тиісті заңдарға өзгертулер енгізуге болады. Өйткені, Көк Туымыз – қастерлі Тәуелсіздігіміздің символы. «Туған жерге туыңды тік» деп халқымыз бекер айтпаған. Біз – Туын әрқашан биік ұстаған елміз. Осы ретте Қаныш Сәтбаевтың бір ойы өзекті болып отырған сияқты: «Өз елінің қара тасын мақтан ете алмаған, өзге жердің алтынын да мақтап жарытпақ емес». Мемлекеттік рәміздерімізді қастерлеу – әр азаматтың перзенттік парызы. Осыны өскелең ұрпақтың санасына сіңіретін ең әуелі – сіздер, яғни зиялы қауым», – деді Мемлекет басшысы.

Иә, Көк Тудың тек көк мата емес екенін, онда Алты Алаштың аманаты, қазақ елінің намысы һәм ары барын білетін, Көк Тудың қадір-қасиетін ұғынған ұрпақ керек бізге.

Жоқ емес, бар. Мынау неге өз сөзіне өзі қарсы шығып отыр деген шығарсыз. Жақында ғана Шымкент қаласындағы Қажымұқан атындағы стадионда «Ақсу» мен «Ордабасы» ойыны кезінде ауа райының қолайсыздығына байланысты құлаған бірнеше тонна шатыр астынан Туды алып шықты жігіттер. Оны да әлеуметтік желіден көріп, разы болдық. Жігіттердің ішінде болған шымкенттік Нұркен Намаз «Тудың суреті бар заттың өзін жерде жатса жоғары көтеріп қоямын» дейді. Сол кездегі уақиғаны былай түсіндірді бізге:

«Ойын көру үшін билет алғанбыз. Футбол басталмас бұрын жаңбыр жауды себелеп. Ойын басталған сәттен шамамен 20 минут өткенде жел тұрды. Ғимараттың бір жағынан шатыр жерге ұшып түсті. Салмағы әжептәуір. Барлығымыз сонда жүгіріп бардық. Шатыр астында адам қалды ма деген оймен. Бір топ жігіт шатырды шетінен көтеріп көріп жатты. Ту жатқанын көрдік. Туды жерден көтеру керек болды. Басында ала алмады. Өйткені, шатыр зілдей. Соңынан мен де кірдім. Бойымда ешқандай қорқыныш болмады. Туды көріп, рухым оянып кетті. Қасымда тағы 2 жігіт болды. Шатырды жылжытып, тартып алып шықтық. Жалпы, Ту деген жерде жатпауы тиіс. Тудың суреті бар зат болса да жерден жоғары көтеріп жүремін», – дейді Нұркен Әбдікәрімұлы.

Көк Туды жерден көкке желбіретіп алып шыққан жігіттер көпшілікке үлгі боларлық-ақ.

Несін жасырамыз, заңмен бекітілген Тудың ілінуі тиіс орындарда жыртылғанша қараусыз тұра беру оқиғалары соңғы бірнеше жыл ішінде жиі кезікті. Сонда деймін де, мекемедегі қызметкерлер қастерлі заттың тозғанын көріп, қадірін қалай сезіне алмады екен?

Бірақ, тәубе. Мұның бәрі жолға қойылды қазір. Мемлекеттік Туды, басқа да рәміздерді дұрыс қолданбаудың жазасы күшейтілгеннен кейін…

Алайда, лайықты дәрежеде әлі де қастерлей алмай келеміз. Оны мойындауымыз керек.

Ақын Мирас Асан айтады: «Көк Туда Көк түріктің киесі бар, Қорлаған оны адамның оңбас түбі» дейді. Кие барын ұғынуымыз керек…

Қасымхан ҒАЛЫМ.

Басқа материалдар

Back to top button