Жаңалықтар

Хиуаздың ізін жалғаған

Қазақ қызы қашанда қайратты. Өзіне тән нәзіктігін сақтай отырып, қоғамдағы кез келген саланы ұршықша иіріп әкетеді. Сондай жанның бірі – қазақтың жауынгер қызы Хиуаз ДОСПАНОВАНЫҢ жолын жалғап, ұшақ штурвалінде жүрген Ардана БОТАЙ.

Ардана үшін бұл кәсіп таңсық емес. Көк жүзін бағындырған қырандар – Нұркен Әбдіров, Петр Теряев, Мартбек Мамыраев және Тоқтар Әубәкіров, шыққан топырақтың тумасы. Бала кезінен армандаған мұратына қол жеткізді. Бүгінде ол – Қазақстан Республикасы Ұлттық гвардиясының ұшқышы. Әрине, штурвалды ешкім оның қолына ұстата салған жоқ. Мектеп қабырғасында жүріп, Елбасының қолдауымен ашылған Мемлекеттік авиация орталығында әуесқой ұшқыштарды даярлайтын курстан өтеді. Осы арқылы ой-қиялындағы аңсаған арманына жол ашылғандай болады. Азаматтық авиация академиясына оқуға түседі. Ал, 2013 жылы Қазақстан мен Финляндия арасында студенттермен алмасу бағдарламасы бойынша ынтымақтастық меморандумына қол қойылып, Финляндиядағы ұшқыштарды даярлайтын мектепте оқу мүмкіндігіне ие болады, – дейді нағашысы Мейрам Әрінов.

Қазақстанда әскери ұшақ штурвалына отырған тұңғыш қазақ қызына жерлесі Тоқтар ағасының қолдауы зор болған екен.

Ардана бала кезінен ұшқыш болуды армандап, жойғыш ұшақты тізгіндеуді мақсат етіпті. Осы арман 16 жастағы бойжеткенді мемлекеттік авиациялық орталыққа жетелеп келген. Орталықта үздіктердің бірі болған курсант ТЛ-2000, Diamond-42 және Techam-P 2002 секілді жеңіл моторлы ұшақтарды жүргізуді үйренеді.
Жоғары ұшқыш санатын ол Қазақстан Республикасының Азаматтық авиация академиясында алған. Оқу аяқталысымен Ардана 2010 жылдың қаңтар айынан бастап Ан-26 әскери-көліктік ұшақ экипажы командирінің көмекшісі болып қызметке келеді. Қазіргі уақытта Балқаш қаласындағы 53898 әскери бөлімінде әскери қызметін өтеп жүр.

– Бағындырмайтын белес жоқ, мақсатың айқын болса. Бұл жай кәсіп емес. Біліміңді үнемі шыңдаумен боласың. Ілкімді ізденіс пен мінез қажет. Шалт қимылға жол жоқ. Жауапкершілік маңызды. Құс секілді самғап жүріп, көк аспанға ғашық болмау мүмкін емес. Бала кезден ұшуды армандайтын едім. Кішкене кезімде әкем екеуміздің Алматыға ұшып барғанымыз есімде. Сол кездің өзінде мен пилоттың ең басты міндеті – кез келген жағдайда дұрыс шешім қабылдау екенін сезіндім. Ұшқыштар – әуедегі қорғаушылар емес пе!? – дейді Ардана бір сұхбатында.

Иә, «көлін қорыған қызғыш құстай» Отанына адал қызмет атқаруға ант қабылдаған ұшқыш қызға қайратың қайтпасын, қанатың талмасын дейміз.

Сағыныш ӘБІЛ.

Басқа материалдар

Back to top button