Нан қымбаттамауы тиіс

Украинадағы жағдай әлемдік экономикаға әсерін тигізіп отырғаны белгілі. Әсіресе, санкция құрсауында қалған Ресеймен көршілес елдер үшін де бұл үлкен сын болғалы тұр. Ресеймен экономикалық тығыз байланыстағы елімізге оңай соқпайтын секілді. Қазірден бастап қымбатшылық белең алды. Міне, осы қымбатшылықтың алдын алу мақсатында облыстың ауыл шаруашылығы басқармасы Ақтоғай ауданының наубайханалары үшін, жеңілдетілген бағада І сұрыпты ұн бөлді. Сәйкесінше, алдағы уақытта аудан наубайханаларында пісірілген бір бөлке нанның бағасы дүкендерде 105 теңгеден сатылатын болды.

Әлбетте, қымбатшылықты ырықтап, ас атасы – нанның бағасын тұрақтандыру бүгінгі күнгі жергілікті басшылардың басты ұстанымы болып отырғаны – халық үшін жақсылықтың нышаны. Сондай-ақ, аудан орталығында наубайхана ұстап, нан өнімдерін аудандық кәсіпкерлік бөлімі шектеп берген бағадан асырмай отырған шағын кәсіпкерлерге де елдің айтар алғысы шексіз.

Мүсіркеп СЕЙДАХМЕТ.

АҚТОҒАЙ ауданы.