Кеншілер қаласында мектепке дейінгі 24 мекеме бар. Оның 15-і мемлекеттік және біреуі жекеменшік, 8-і мектеп жанындағы шағын орталық. Биыл үш балабақшаны күрделі жөндеуден өткізу көзделген, оған жергілікті бюджеттен 890 млн. 705 мың теңге қаражат қарастырылған. Жөндеуге жұмылдырылған 223 адамның 112-сі жұмыспен қамту орталығының жолдамасымен келген.
– Сметалық жоба бойынша күрделі жөндеуден өтетін мектепке дейінгі үш мекемеде шатырды ауыстыру, ғимараттың қасбеті мен жертөлесін жаңғырту, терезе мен есікті ауыстыру, әрлеу, жылу мен су құбырын, канализацияны, желдету және өртке қарсы дабыл қағу жүйесін ауыстыру, электр-монтаж жұмысын жүргізу керек. Жұмыс мамырда басталды. Атқарылатын жұмыс көлеміне қарай белгіленген кестеге сәйкес “KZ Центр” ЖШС №26 «Қарлығаш» бөбекжай-балабақшасында — қыркүйекке, “Құрылыс” жеке кәсіпкерлігі №29 “Балдаурен” бөбекжайбалабақшасында — Қарашаға, “Самға»” ЖШС №31 “Балапан” бөбекжайбалабақшасында желтоқсанға дейін жөндеуді тәмамдауға тиіс, — дейді, қалалық білім бөлімінің басшысы Берік Ақышбеков.
Қалалық бюджеттік бағдарламаның орындалысы мен білім беру және денсаулық сақтау нысанындағы жөндеу жұмысына мониторинг пен бақылау жасайтын жұмыс тобы таяуда екі балабақшаның құрылыс алаңында болды. Жөндеу кестеге сәйкес жүргізілуде, жұмыс күші жеткілікті, құрылыс материалымен жабдықтау жолға қойылған. Мұндай бақылау жөндеу толық аяқталғанша жүргізіледі.
Әлібек ӘБДІРАШ.
СӘТБАЕВ қаласы.