Жаңалықтар

Полицияның адамгершілік сипаты

Билік пен заңның белді өкілі – полиция қызметкері өзінің кәсіби қызметінде немқұрайдылыққа, ұқыпсыздыққа, құқыққа қайшы әрекеттерді саралай алуда біліксіздікке бой алдырмауы тиіс. Қызметі көптің алдында өтетіндіктен, адамгершілік тұрғыдан қателіктерге жол беруге еш құқығы жоқ. Кез келген жағдайда мінез-құлқы жалпы адамдықтың жоғары стандарттарына сай мінсіз болуы шарт. Өйткені ол күнделiктi тұрмыс-тiршiлiгiнде әрдайым адамдармен қарым-қатынас жасайды, көпшiлiктiң алдында, қалың ортасында жүредi, Қазақстан Республикасының халқына бірден-бір құқықтық қызмет көрсетуші.

Бүгінде азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау міндеті жүктелген заң қызметкерлерінің жаңа тұрпаттағы бейнесін қалыптастыру іске асырылуда. Әлбетте, полицияның өзі өмір сүріп отырған қоғамда өресінің биік болғанын, заңға құлықты мінез-құлқы мен жоғары мәдениеті өзгелерге өнеге болғанын, кәсібиліктің эталонына айналғанын қалаймыз. Жүзеге аспайтын арман жоқ. Бір философтың айтатыны бар: «Жүзеге асатынды ғана армандау керек» дейтін. Біз де осыған жүгінгенді құп көреміз. Кейбір түсінігі саяз біреулер қанша жерден ішкі істер органдарын «сұрқаптал суық мекеме» деп күстаналаса да, осы бір қасаң түсінікті жоққа шығаратын, құқықтық және демократиялық қоғамда моральдық-имандылық тұрғыдан да үлгі бола білуге тиісті адам – өндірдей офицер полицейлер болмақ екені аян. Олар мінсіз нәрсе жоқ дейтін біржақты түсініктен ада, әлеуметтік мәселелер мен кемшіліктердің ағынында кетпей, керісінше, әлеуметтік зұлымдыққа қарсы тұру қабілеті бар және өздерінің қорғауындағы адамдарға көмектесуге ұдайы дайын тұлға болуы шарт.

Күн сайын әлеуметтік әділетсіздікке бетпе-бет келетін де солар. Ендеше біздің қызметкерлердің бойында әділетсіздіктерге қарсы иммунитеті болуы қажет. Қызметтің басында-ақ үміткерлерді құқық қорғау қызметінің ерекшелігі мен ішкі істер органдары қызметкеріне қойылатын талаптар туралы толық ақпараттандыру, кәсіби деңгейде дайындау, аға ұрпақтың ішкі істер органдарының үздік тәжірибесі мен дәстүр жалғастығы арқылы қалыптастырсақ, нұр үстіне нұр. Азаматтық қоғаммен ынтымақтастықтағы полицияның жаңа бейнесін жасау мәселесінде білім мен тәрбиенің алатын орны ерекше.

Қазіргі тарихымыздың соңғы онжылдығына көз жүгіртсек, сымдай тартылып жүрер жас ұрпақтан биіктен шалар қасиет көре алмай жүргеніміз ащы болса ақиқат. Кейінгі буынның жетесіз ұл мен қиясыз қыз атанып, көп жерде есесін жіберіп, бекзаттық қалпын жоғалтуын қоғамымыздағы тәрбиелік жұмыстардың ақаулықтарынан деп білген жөн шығар. Байлық, күш, билік, қанағатсыздық белең алуда. Төл жүйемізде адалдық, мәдениеттілік, риясыздық, өзін-өзі құрбан қылу сықылды ізгі қасиеттер өзінің құндылығынан айырылмағаны абзал. Әйтсе де полиция қызметкерлерінің қызметтік борышына берілген табандылығы мен ымырасыздығы халықтан қолдау таба бермейтіні орны толмас өкініш. Жақсыға, игілікке үгіт-насихаттың жоқтығынан, ішкі істер органдарының адал қызметкерінің бейнесі БАҚ, теледидар бетінде көбі елеусіз қалуда. Құқыққа қайшы әрекетке төзбеушілік қағидатын берік ұстанатын шыншыл полиция қызметкерінің бейнесі бұқаралық медиа өніміне айналса екен дейсің.

Көптеген факторлардың, соның ішінде, қоғамның пікірі мен қызметкерлердің және олардың отбасы мүшелерінің әлеуметтік қорғалуының жеткіліксіздігі әсерінен қоғам арасындағы полиция қызметкері мамандығының беделі төмендесе де, алдағы уақытқа үмітпен қарап отырмыз.

Ал, адамгершілікті сөз етер босла, адами нормалар адам ғұмырының әр саласында қылаң береді. Кез келген қызметтің белгілі бір шарттары, мақсаты мен мазмұны заңдылықты ғана емес, сондай-ақ адамгершілік, моральдық нормаларды сақтап, дұрыс қолдануды қажет етеді. Ол кей күрделі мәселелерді шешуге септігін тигізеді. Бұл әсіресе полицей секілді мемлекеттік қызметкерлердің, кәсіби қызметінде анық көрініс табады. Ендеше қоғаммен ашық диалог орнатып, құқық қорғау органдарына кешенді және терең реформа жүргізу – қойылған міндеттердің бірі болып отыр. Мәселен, жуырда «Алматы-Қостанай» бағытындағы жолаушылар пойызын тексеру барысында Қарағанды-Сұрыптау бекетінің аға лейтенанты Данияр Қанат көпірден секірмек болған әйелді құтқарды. Көлік полицияларының басынан осыған ұқсас түрлі жағдай өтіп тұрады. Әбден қызметінің қыр-сырын жетік меңгерген полицей ғана жеме-жемге келгенде жедел шешім қабылдай алмақ.

Бізше, ұрпақтар арасындағы байланысты, дәстүр жалғастығын қалпына келтіруге ерекше назар аудару қажет. Ішкі істер министрлігінде ардагерлер ұйымы мыңнан астам адамды құрайды, олар жастарға құнды тәжірибе беруге дайын. Жас қызметкерлерге, қызметтің ең алғашқы жылдарында туындайтын кәсіпқойлықпен қатар адамгершілікті сіңіру парыз.

Ішкі істер органдарындағы қызмет – жеңіл емес. Полиция қызметкерлері, әдетте, қоғамның ең өткір мәселелерімен, өмірдің ең келеңсіз жақтарымен бірінші болып бетпе-бет келеді. Ішкі істер органдарына қызметке келген рухы әлсіз әлжуаз адамды адал жолдан тайдыру оп-оңай-ақ.

Жас қызметкер өз ісіңіздің қас шебері болуы да мүмкін (қылмыстарды ашудың жетік әдісін меңгеру, жедел жұмысқа қажетті еп-дағдыларды меңгеру), бірақ бұл жерде басты мәселе бұл секілді кәсіби шеберлік кімге немесе неге қызмет етуінде жатыр. Адамдар әдетте өздерінің нағыз көмекшісі және сенімді қорғаушысы деп танып, мойындағандарға ғана сенім артады. Халық үшін құрылған заманауи полиция дәл осындай болуы тиіс.

Жас қызметкердің кейінгі өмірінде мәнді, мазмұнды ғұмыр кешуі қоғам мен адам мүдделерінің етене қабысқан өзара бірлігінен туындайды. Азаматтың ар-ұяты, бостандық-еркіндігі, отбасындағы келісім үйлесімділігі, яки, бір сөзбен айтқанда, тағдыры ішкі істер органдары қызметіне тікелей байланысты. Оның сүйенетіні заң және адамгершілік негіздер болмақ. Ендеше олардың әрекеттері заң талаптарына ғана емес, сондай-ақ адамгершілік мұраттарға да қатаң сәйкес болуы шарт, басқаша айтқанда, полиция алдындағы қызметтік мақсаттар заңды негізге ала отырып, адамгершілік жолдармен шешімін табуға тиіс. Тоты құс қанатына қарап түрленіп, аяғына қарап қорланады дейді. Ішкі істер органдарының қызметкерлеріне қарап қорланатындай болмайық, ағайын.

Елеужан СЕРІМОВ,

Қарағанды-Сұрыптау станциясы

ЖПБ ІжСКБ-нің жетекші маманы.

 

Басқа материалдар

Back to top button