Ресми

«Президент Жолдауы – жыл тренді»

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» тақырыбындағы Жолдауы талқыланып, берекелі ел болудағы қиын да күрделі жолдың бағдары айтылды. Бұл жолда спикер, облыстық кәсіпкерлер қауымдастығының атқарушы директоры Серік САНАУБАЕВ Президент айтқан жаңа экономикалық саясатқа тоқталса, облыстық мәслихатының бюджет және жергілікті басқару мен өзін-өзі басқаруды дамыту жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Қадиша ОСПАНОВА қоғам сұранысына сай жауап беріліп, оны шешу жолында бірізді кешендер ұсынылғанын айтады. Спикерлер Жолдауға айтылғандардың барлығы тиісінше орындалар болса, проблемалық мәселелердің барлығы шешілетіні анық екенін айтуда.

 

Қадиша Базарбайқызы әлеуметтік мәселелерге жете тоқталды. Өзге елдермен салыстыра отырып, еліміздегі ахуалға баға берген спикер «Жолдауда айтылған бәріне бірдей мүмкіндік беру халықтың әлеуметтік әл-ауқатын арттыра түседі» дейді. Мәселен, Президент денсаулық сақтау саласында біраз реформа жүргізілгенімен, жағдайдың әлі де мәз емес екендігін айтты. Қалтарыста қалмай, қаржы жеткілікті бөлінсе де саладағы қордаланған мәселенің салдарын халық көруде. Сақтандыру жүйесіне қосылғанымен, тегін медициналық қызметке қол жеткізе алмай, ақылы қызметке жүгіну әлі де болса жиі кездеседі. Ал, Үкіметке денсаулық сақтау саласын және жалпы әлеуметтік саланы қаржыландыруды қайта қарауды тапсыруы болашақта осы саладағы мәселені түбегейлі шешетініне сенімді Қадиша Базарбайқызы.

– Ұлттық жоба аясында 32 аудандық аурухана заманға сай жаңарып, енді ауданаралық көпбейінді мекемеге айналады. Онда инсульттен емдеу орталықтары, хирургия, жансақтау және оңалту бөлімдері ашылады. Бұл дегенің ауыл тұрғындарына үлкен мүмкіндік. Яғни, емге зәру науқастар облыс орталығына сабылмастан, медициналық қызметтерді өздерінің тұрғылықты жерлерінен ала алады, – дейді Қадиша Оспанова.

Спикер сондай-ақ, білім саласына қатысты айтылған мәселелерге де тоқталды. Мәселен, әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынады. Ал, 2025 жылға дейін 800 мың бала заманауи мектепте оқуы үшін жағдай жасалады.

Қадиша Оспанова жемқорлардың заңсыз тапқан қаржысы мемлекетке өтіп, түгелдей мектеп құрылысына жұмсалатыны, 1,5 жасқа дейін жөргекақы төленетіні де халықтың көңілінен шыққанын айтады. Мұның барлығы тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік бермек.

Облыстық кәсіпкерлер қауымдастығының атқарушы директоры Серік Санаубаев Мемлекет басшысы Жолдауында үш негізгі мәселеге баса көңіл бөлгенін айтады. Оның біріншісі – шағын және орта бизнестің жұмыс жасауына ешқандай кедергінің болмауы. Яғни, мемлекет бастапқы кезде атап айтқанда, рұқсат беру кезінде ғана араласуы тиіс. Ал, қалғаны – бизнестің өз қолында. Екіншісі – салық саясаты. Қасым-Жомарт Кемелұлының айтуынша, бізге жаңа салық кодексін әзірлеу керек. «Бизнесмендердің көптен бергі арман-тілегі биліктің құлағына жетті» дейді Серік Мәлікұлы.

Президент елімізге инвестиция тарту мәселесіне де ерекше тоқталды. Елдегі экономикалық жағдай соған тікелей байланысты. Демек, бұл өңір басшыларының да тікелей міндетіне кірмек.

– Инвестиция тарту бір жылдың ішінде өз нәтижесін бермесі анық. Бірақ, жақын перспективада, яғни, 4-5 жылда өз нәтижесін беріп, экономикаға, оның ішінде өңір экономикасына оң серпін берері сөзсіз, – дейді Серік Мәлібекұлы.

«Президент Жолдауы – жыл тренді» дейді «Қарағанды медициналық университеті» коммерциялық емес АҚ комплаенс-офицері Александр Урмашов.

– Алда не күтетінін білу мақсатында Жолдауға сүйенеміз. Президент биыл да жастарды назардан тыс қалдырған жоқ. Айтылғандардың дені жастардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Қоғамдық бірлестік мүшесі ретінде мені білім, денсаулық мәселелері бейжай қалдырмайды. Қазір дәрігер жетіспейтінін білесіздер. Енді бұдан былай жекелеген мамандықтарға грант саны 70 пайызға ұлғайып, денсаулық сақтау саласындағы бірқатар мәселелер шешілетін болады, – дейді ол.

Александр Урмашов бұған дейін елімізде болмаған, жастардың білім алуы үшін 2-3% несие берілетіні де қуантарлық жаңалық екенін айтады. Одан бөлек, жатақхана мәселесі де қолға алынады. Қарағанды облысында бұл жағдай баяу болса да жүріп жатқанымен, Президент пәрменінен соң қарқын алатынына сенімді Александр Николаевич.

Салтанат ІЛИЯШ.

 

Басқа материалдар

Back to top button