Руханият

Абай көшесін іздеу

Абай көшесін бетке алып жүріп келемін,
Тас-түнек маңай, арманым – аппақ, терең үн.
Сәулесін шашар Шығыстан жарық бір жұлдыз,
Маңдайдан енді көремін.

Ентігіп келем, елпілдеп келем баладай,
Өзекті өртеген өкінішке де қарамай.
Хакімнің жырын қайталап тұрған күбірлеп,
Шырайлы шаһар, кеудесі қобыз далам-ай.

Шертілер шерім ішіме сыймас, дендеген,
Не көрсем дағы бір көрем ғазиз елменен.
Асығып келем, көрісер едім еңіреп,
Жол сілтер әрбір пендемен.

Неліктен бұлай түңілдің, деме өмірден,
Алдамшы екен дүние сұлу көрінген.
Біздің дәуірдің «абайлары» бар, қайтейін
Кеудемді өртеп, көше-көшеге бөлінген…

Сан көше баурап, сиқырмен, нұрмен арбайды,
Түсінбес, бірақ, мендегі күйді, мән-жайды.
Барар жер, басар тауым да қалмай барады,
Сеземін жүрек, өз жолын өзі таңдайды.

Бас тартпан, сірә, армандарымнан неше өлген,
Ниетім аппақ жолыма гүл боп төселген.
Жете алмай өтсем, айтарын тағы білемін,
«Жарылқасын» деп көре алмай кеткен көшеңнен.

Құлпырта алмадым қайтсем де бөрі көңілді,
Анау бір қанден, шәуілдеп неге көп үрді?..
Кешіп келемін, кемеңгер ақын кертілмей,
Екі ғасыр бұрын түсінде көрген өмірді.

Тік жүріп келем, қасқая қарап, пәк сөйлеп,
Тасынам кейде, асау жаныма тәтті ой кеп.
Өмір-ай, өмір, қаталсың әрі қамқорсың,
Әкемдей – асқақ, анамдай – адал, ақкөйлек.

Жүре де жүре көшеге келіп тірелдім,
Өзектегі өртті айтқызбай ғана білер кім?..
Оразбайлардан сескенбей енді, ерлерше,
Абайлап емес, Абай боп өмір сүрермін!

Жәлел ҚУАНДЫҚҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button