Балқаш көлінің маңынан Қоңырат мыс-порфир кен орнын ашқан ленинградтық инженер-геолог Михаил РУСАКОВТЫҢ дүрбісі Балқаш тарихи-өлкетану музейінде сақтаулы тұр. Көне жәдігерді геологтың әйелі М.Русакова 1975 жылы тапсырған екен.
– Біз үшін бұл өңірдің тарихи дүниелері қымбат. Солардың арасында аса құнды саналатын жәдігердің бірі – геолог-инженер Михаил Русаковтың дүрбісі. 1928 жылы Балқаш көлінің солтүстік жағалауына геолог-инженер мыс кені орнына бірінші бұрғы салды. Сол сәт Қоңырат кенішінің ресми ашылуы болып саналады. Балқаш бойында алғашқы кен орнын ашушы геолог тұтынған «Carl Zeiss Jena» маркалы неміс дүрбісінің бізде сақталғанына 45 жыл болды. Дүрбіні 1940 жылдан бері геологиялық барлау жұмысына шыққанда өзімен бірге алып жүрген екен, – дейді музей қызметкері Асыл Серікқызы.
Айта кетейік, музейде Михаил Русаковтың арнайы жұмыс кабинеті ашылып, тұлғаның тұтынған заттары қойылған.
Нұрдос КӘРІМ.
БАЛҚАШ қаласы.