ЖаңалықтарРесми

«Жол картасы»: білім нысандары жөнделеді

Биыл облыстағы 463 білім беру нысанында құрылыс жұмыстары жүргізіледі. Білім ошақтарын күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарына 21 млрд. теңге бөлінді. Бұл туралы облыстың білім басқармасының басшысы Есенғазы ИМАНҒАЛИЕВ мәлімдеді.

463 нысанда құрылыс жұмыстары жүреді

Облыстың білім басқармасының басшысы атап өткендей, биыл өңірдегі білім ошақтарында ауқымды жөндеу жүргізіліп, құрылыс жұмыстары қарқын алады. 15 білім беру нысанында, оның ішінде 7 мектеп, 2 балабақша, 2 Оқушылар сарайы, 3 мектеп ғимаратының жапсаржайы (2 спорт залы және 1 оқу корпусы) және 1 жатақхананың құрылысын жүргізу жоспарланған. Апатты мектептер мәселесін шешіп, орын тапшылығын жою үшін Қарағанды, Жезқазған қалалары мен Жаңаарқа ауданында жаңа ғимараттар салынуда.

Жобаларды іске асыру үшін биылғы жылы 4 млрд. теңге, оның ішінде «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бойынша 1,4 млрд. теңге бөлінді. 4 нысанның құрылыс жұмыстары (Сәтбаев – 2, Жезқазған – 1, Жаңаарқа ауданы – 1) жоспарланып отыр. Сәтбаев қаласындағы 320 орындық балабақша мен Оқушылар сарайының құрылысы өткен жылдан бастап жүргізілуде.

Ал, Жаңаарқа ауданына қарасты Атасу кентіндегі 464 орындық мектеп пен Теректі станциясындағы мектеп бойынша конкурстық рәсімдер басталған жоқ. Себебі, бір нысан бойынша мемлекеттік сараптамаға негізделген жобалық-сметалық құжаттама мамыр айының соңында ғана алынды (Теректі станциясы). Жалпы құрылыс жұмыстары кестеге сәйкес жүргізілуде, – деді Есенғазы Иманғалиев.

Құрылыс жұмыстары – қарқынды

Білім басқармасы басшысының айтуынша, күрделі және ағымдағы жөндеу жұмысы жоспарланған барлық нысандар жаңа оқу жылының басында жөнделіп бітеді. 448 нысанды жөндеуге жалпы сомасы 16,7 млрд. теңге бөлінді. Ғимараттардың 330-ы – мектептер. Сондай-ақ, 91 балабақша, 20 колледж, 7 қосымша білім беру ұйымдары да жөндеу жұмыстарын қажет етіп тұр. Биыл аталған білім ошақтарын жөндеу үш бағыт бойынша жүргізіледі деп күтілуде.

Алғашқы бағыт «Жұмыспен қамтудың Жол картасына» негізделгендіктен, аталған жобаға 10 млрд. теңге бөлініп отыр. Қаражат 223 білім беру нысанына бағытталады. Нысандарды ретке келтіру мақсатында жұмыспен қамту орталықтары арқылы 1 193 жұмыс орны құрылды.

«Жол картасының» екінші бағыты 2020-2023 жылдарға арналған білім беру нысандарының құрылысына бағыттылмақ. «Жол картасы» шеңберінде жалпы сомасы 6,1 млрд. теңгеге 214 ғимаратты жөндеу көзделген. Сонымен қатар, «Жас маман» жобасына енгізілген 15 колледждің арасында Қарағанды жоғары политехникалық, Теміртау жоғары политехникалық колледждерінде жөндеу жұмыстары аяқталды.

Ілгері басу – ілкімді

Биыл «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында ауылдық жерлерде орналасқан 11 білім беру нысанын күрделі жөндеуге 1,1 млрд. теңге бөлінді. Жұмыстар Қарқаралы, Ұлытау аудандарында жалғасын табады. «Жол картасына» сәйкес, санитарлық тораптарды ауыстыру мақсатында аудандардағы 119 аула дәретханаларын ғимараттың ішіне көшіру үшін 357 млн. теңге жоспарланған. Қазіргі таңда Нұра, Осакаров, Бұқар жырау, Шет аудандары мен Жезқазған қаласында дәретханалардың басым көпшілігі ғимараттардың ішіне ауыстырылды. Оларды ауыстыру жұмыстары оқу жылының басында аяқталады деп күтілуде.

Білім ошақтарын бейнебақылаумен қамту шаралары да – назарда. Бүгінгі таңда облыстағы 507 мектептің 482-іне бейнебақылау камералары орнатылды. Ауыл мектептерін бейнекамералармен жарақтандыру үшін 131 млн. 685 мың теңге бөлініп отыр.

-Қазіргі таңда Абай және Бұқар жырау аудандарында камералар толық көлемде орнатылып, бес ауданда орнату жұмыстары жалғасын табуда, – деді білім басқармасының басшысы.

Аяулым СОВЕТ.

Басқа материалдар

Back to top button