Шахтинскіде балабақша ашылды
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні қарсаңында Шахтинск қаласында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында «Інкәрім» балабақшасы ашылды. Салтанатты шараға Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Сергей Ершов және басқа да құрметті қонақтар қатысты.
Жаңа балабақша 270 орынға шақталған. Мұнда 1 жастан 6 жасқа дейінгі балалар тәрбие алады. Мұнда бүлдіршіндер қазақ, орыс және ағылшын тілдерін үйренумен қатар, хореография, театр шеберлігі, изостудия, вокал үйірмелеріне қатыса алады. Балабақша озық үлгідегі материалдық-техникалық базамен жабдықталған. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында балабақшаға көпбалалы және аз қамтамасыз етілген отбасылардың балалары мен оралман мәртебесі бар бүлдіршіндер тегін барады.
Тұсаукесер рәсімінде балабақшаның лентасын облысы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов пен Сенат депутаты Сергей Ершов қиды.
«Інкәрім» мектепке дейінгі академия» ЖШС құрылтайшысы Фархат Маденов қала басшылығына қолдау көрсеткені үшін алғыс білдірді.
Өз тілшімізден