Туымыз жығылмасын!
Қай мемлекеттің болсын, оның мемлекеттігін айқындап, белгілейтін 3 қастерлі рәмізі бар. Олар – сол елдің Әнұраны, Елтаңбасы және Туы. Соның ішінде, Ту ерекше мәнге ие. Оны ұстап, көтеріп шыққанда немесе қадап, тіккенде, ол адамға рух беріп, одан сайын жігерлендірген. Бұрынғы өткен адамзат тарихында да, күні бүгін де солай болып қала береді де. Ал, Ту жығылып, не жоғалса, одан артық масқара болмаған. Мұндай жағдайда Туы жығылған әскер жеңіліп, Туын жоғалтқан әскери бөлімдер таратылып тынған. Сондықтан да, біздің қазақта ер-азаматтарға әлі күнге «Туың жығылмасын!» деген бата-тілек айтылады.
Арғы-бергі тарихта осы қасиетті Туға байланысты мысалдар аз емес. Мәселен, өткен ғасырдың қырқыншы жылдары Қытайдың Шығыс Түркістандағы ұлт-азаттық көтерілісінің көсемі Оспан батыр оны бастарда аруақты батыр Ер Жәнібектің Ақ туын ұрпақтарынан қалап алып, гоминданшылармен болған қанды шайқастарда жеңістен жеңіске жеткен. Өйткені, туы желбіреп тұрғанда, жауынгерлер тіптен аруақтанып, жауына атой салған. Кейде, жалпы, түркі жұрты Туды «Байрақ» деп атайды. Сол себептен де, Сүйінбай ақын:
«Бөрілі менің Байрағым,
Байрағымды көтерсем,
Қозып кетер қайдағым», – деп жырлаған ғой.
Себебі, түркілердің Байрағында олардың киесі бөрінің басы салынған.
Керісінше, майдан даласында Туы жығылған әскердің берекесі кетіп, алды-артына қарамай тым-тырақай қашып, жеңіліске ұшырайды. Мұндай оқиға 1402 жылғы 25 шілдеде Анкара түбінде болған атақты Ақсақ Темір мен Осман империясының даңқты сұлтаны Иылдырым Баязид І арасындағы қантөгіс соғыста орын алған. Осы жерде қарсы келген екі жақтың қалың қолы табан тіресіп, екі күнгі айқаста бірін бірі ала алмайды. Сонда Ақсақ Темір қулыққа көшіп, Осман армиясының Ту ұстаушысын алтын беріп сатып алады. Ол қолындағы Туды жығысымен түріктер тоз-тоз болып, Ақсақ Темір жеңіске жетеді де, Баязидтің өзі тұтқынға түседі.
Ежелден жауынгер қазақ баласы да осыншама ұланғайыр Ұлы Даланы ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап, Туын құлатпау дәстүрін берік сақтаған. Бұл орайда батыр бабалардың жанкешті ерлігі бүгінгі өскелең ұрпаққа үлгі боларлық. Атап айтқанда, Әз Тәуке ханның заманындағы қазақ-қалмақ соғысында біздің әскердің Ту ұстаушысы Айдабол бидің баласы Бозқозы батыр болған екен. Сондай бір қым-қуат шайқастың кезінде төбе басында Ту ұстап тұрған Бозқозының қара санына қалмақ мергенінің уланған садақ жебесі тиеді. Удың уыты бойына жайыла бастағанын сезген батыр жалма-жан қолындағы Туды жанындағы бір серігіне ұстата салып, қолдың арт жағында ас дайындап жатқан бақауылдарға қарай шаба жөнелді. Құйғытып келген бетінде ол оқ тиген оң аяғына ердің қасына көлденең салып, қылышымен жамбас түбінен бір-ақ шауып, қанжығасына байлайды да, қан сорғалаған санының тұқылын ат үстінен қайнап тұрған қазанға бір матырып алып, қайта шабады. Төбеге жетіп, қашан ұрыс біткенше, Туды тапжылтпай ұстап тұрады. Бұл соғыста қазақтар жеңіп, келіп қараса, Бозқозы батыр бір қолында Ту, бір қолында найзасы, ат үстінде өліп кеткен екен. Ал, сүйенген найзасының сабы жерге сүйем қарыс кіріп кетіпті дейді.
Бұдан кейін Абылай ханның дәуірінде Ту ұстау мәртебесі тағы да Айдабол бидің шөбересі, Орта жүзге ұран болған Олжабай батырға тиіпті. Кезекті бір соғыста қалмақ қонтайшысы, асқан мерген Қалдан Сереннің өзі қолына мылтығын алады. Бұл мылтықты ол Ресейдің Тула қаласындағы қару-жарақ зауытында арнайы жасатқан көрінеді. Сонымен, құралайды көзге ататын Қалдан Серен Олжабайдың Ту ұстаған қолының дәл шынтағының қоспасынан көздейді. Бірақ, атқан оғы тимей, бұлшық етін үңірейтіп тесіп өтеді. Олжабай батыр бұған мыңқ етпей, шапанының шалғайынан кесіп алған шүберекті әлгі тесікке тыға салып, қозғалмай тұра беріпті. Көздегені мүлт кетпеген Қалдан Серен бұған аң-таң болып, ұрыс аяқталған соң, Абылай ханнан Ту ұстаушысын көрсетуін өтінеді. Алдына келген Олжабайдың үңірейген жарасының орнын көрген ол «Күлдірмамай» деп аталатын бұл мылтығын батырға сыйлапты. Кейін оны батырдың ұрпағы Әлкей Марғұлан Омбы мұражайына тапсырып, сонда осы күнге дейін сақтаулы. Міне, біздің батыр бабаларымыз қандай болған!
Сол сияқты жау ордасына Ту тігу жеңгендік болып саналған. Мұның жарқын мысалын неміс фашистерінің соңғы бекінісі Рейхстагтың күйреген маңдайына Жеңіс туын тіккен Рақымжан Қошқарбаевтың ерлігінен көреміз.
Ту қай кезде де мемлекет үшін, сонда тұратын әр адам үшін қастерлі де киелі болуы тиіс. Ләйім, Туымыз жығылмасын!
Ержан ИМАШ