42 500 теңге кімдерге беріледі?
Төтенше жағдайға байланысты табысынан айырылған қазақстандықтарға әлеуметтік жәрдемақы төленеді. Олар әр ай сайын 42 500 теңге көлемінде төлем алады. Бұл көмекті алуға 1,5 млн. адам үмітті. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі арнайы бұйрық шығарған. Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев хабарлады.
“Бұл төлемдер әлеуметтік сақтандыру мемлекеттік қорынан төленеді. Төлем екі түрлі болады. Бірінші, төтенше жағдайларға байланысты ақысыз еңбек демалысына шыққандарға оның көлемі айына 42 мың теңге. Бұл ұсақ, шағын және орта бизнес қызметкерлері болуы мүмкін. Олар соңғы жылы мемлекеттік қорға 3 рет аударым жасаған болуы қажет”, – деді министр.
Сонымен қатар, жұмыссыз қалған азаматтар мұндай көмекті бір айдан жарты жылға дейін ала алады. Жәрдемақымен қамтылатындардың көбі шағын және орта бизнесте еңбек ететін жұмысшылар. Қызметкерлердің кәсіпорынынан не үшін жұмыстан шыққаны маңызды емес. Төленетін жәрдемақы тұрғындар табысының 40%-ын құрайды. Көмекті алуға, “Электронды үкімет” порталы арқылы өтініш беруге болады.