Жаңалықтар

Мығым дайындық – жеңіске кепіл

Алматы қаласында 911-ші қазақ сыныптары оқушыларының арасында қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша IV республикалық Абайтану олимпиадасы өтті. Оған Қарағанды облысынан 9 оқушы қатысып, екеуі жүлдегер атанды һәм жетеуі Құрмет грамотасына ие болды.

Аталған олимпиада қатысушыларына Абай Құнанбайұлының «Қара сөздері» мен жалпы поэзиясы және Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романының мазмұны бойынша эссе жазу талабы жүктелді. Аталған тапсырманы қос жерлесіміз ойдағыдай орындап, жүлдегерлер қатарынан көрінуі – Арқа мектептеріне ортақ қуаныш.

Шығармашылық байқаудың қорытынды нәтижесіне сәйкес, II дәрежелі дипломмен – Қарағанды қаласындағы №61 орта мектептің 10-шы сынып оқушысы Жанар Жұмабекова, III дәрежелі дипломмен Жамбыл атындағы мамандандырылған мектеп-интернатының 11 сынып оқушысы Аружан Бөкенова марапатталды.

Олимпиадаға бір ай бойы үзбей дайындалдық. Бірінші турдан қиналмай өттік. «Абай жолы» романындағы әке тәрбиесіндегі жеке бейне» тақырыбында эссе жаздық. Ал, екінші тур күрделірек болды. Десе де, оны да бар білімді салып орындап, жүлдеге ие болдым, – дейді Аружан Бөкенова.

Ал, №61 орта мектептің үнемі республикалық білім додаларынан жүлделі орындарға ие болып, облыс намысын лайықты қорғап жүргенін білеміз.

Биылдың өзінде озат оқушыларымыз 6 рет республикалық білім сайысына қатысып, үздіктер қатарынан көрінді. Бұған дейін де талай сайыста топ жарған мектебіміздің білім алушылары. Мұнымен де тоқтамаймыз. Бар күшін салып, әр минутын тиімді пайдаланып дайындалса, әр талапты бала жеңіске жетеді. Ізденген сайын білім әлемінің есіктері өздігінен ашыла береді – дейді Жанар Жұмабекованы сайысқа дайындаушы ұстазы, «Білім беру саласының үздігі» Дидар Төрегелдина.

Олимпиадаға еліміздің барлық аймағынан құрамында 130-дан астам оқушысы бар 32 құрама қатысқанын атап өткен жөн.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button