Жаңалықтар

Теміртаулықтар қалыс қалмайды

«Ел тарихындағы елеулі оқиғаға белсенді қатысу – басты міндет» деп пайымдайды Теміртау жұрты. Қала тұрғындары референдум актілерін талқылауға Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығында бас қосты. Шараға қалалық мәслихаттың хатшысы Алексей ЛОМАКИН, Республикалық тау-кен металлургия кәсіпорындары қауымдастығы атқарушы директорының орынбасары Төлеген МҰХАНОВ пен қала әкімінің орынбасары Самат ЗИЯШЕВ қатысты.

Бұған дейін біраз ұжыммен кездестік. Әрине, маңызды дүниені халыққа түсіндіру, жеткізу – біздің құзырдағы шаруа. Теміртау – металлургтер мен кеншілердің қаласы. Сондықтан, кезекті шараны арнайы осы жандар үшін өткізіп отырмыз. Келесі кездесу студент, түлектермен болады деген жоспарда бар. Оларға таңдауын еркін білдіруге мүмкіндік жасауымыз қажет. Олардың таңдауы – маңызды. Кейбірі «Біздің таңдау ештеңені шешпейді. Ештеңені өзгертпейді» дейді. Бірақ, біз осы елдің азаматы екенімізді естен шығармауымыз керек. Сондықтан баршаңызды дауыс беруге шақырамын, – деді Алексей Ломакин.

Қалада 30 мыңнан астам зейнеткер, 40 мыңға жуық жас бар. Солардың ішінде 1 500-ден астам жас алғаш рет дауыс бергелі отыр.

Кездесу барысында депутаттар түсіндіру жұмыстарымен қатар, көпшіліктің өтініш-тілектерін тыңдады. Тұрғындардың қаланың экологиясы мен әлеуметтік мәселелері жөнінде қойылған сұрақтарына да жауап қатты.

Бұл Президент 2019 жылдан бастап келе жатқан саяси реформалардың жалғасы деп айтуға болады. Мұнда бүкіл халық қатысуы керек. Ең бірінші демократияны дамытып, халықтың қал-жағдайын түзету керек. Осы мәселенің бәрі референдумда қаралады. Сондықтан, әр азаматтың пікірі маңызды. Мысалы, зейнет жасын қысқарту – үлкен мәселе. Ал, қала тұрғындарының жартысы – зауытта жұмыс істейді. Ауыр жұмыс істеген соң денсаулық та кетеді. Зейнет жасы болса – тым әріде. Сондықтан, қала тұрғындарының бәрі референдумға қатысып, пікір білдіріп, үлкен өзгерістерге үлес қосуы керек. Халықты референдумға қатысуға шақырамын, – деді Төлеген Мұханұлы.

Ербол ЕРБОЛАТ.

ТЕМІРТАУ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button