Бас тақырыпРуханият

Маздап жанған мәңгі шырақ

Арқада төсіндегі Жаңаарқа жазирасынан шығып, даңқы дүйім Алашқа кеткен сирек тұлға – қазақтың Қорабайы! Испандардың гитарасын қазақ даласында алғаш сөйлеткен әйгілі үнпаз, жеті ішекті аспапты қара домбыраша құбылтып қаққан, қаласа, оркестрше ойнатып соққан бірегей дарын. Осындай өнер иесі, әнші, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қорабай ЕСЕНОВ 70 жас мерейтойында елімен неге қауышпасын? Еліне есеп бермесін бе? Қарағандыдағы Кеншілер мәдениет сарайында өткен «Мәңгі шырақ» атты шығармашылық кешін айтам Қорабай ағаның.

Суретті түсірген
Д.КУЗМИЧЕВ

Ашығын айтқанда, қазақ Қорекеңмен мақтанады ендігі уақытта. Бұған дейін де солай болған. Бұдан кейін де солай қала бермек. Қазақ ән өнеріне еңбегі сіңген елеулі өнер иесін ел жақсы біледі. Ұлы Даламызда бұрын соңды болмаған гитарды қазақтың қара домбырасындай шерткен саңлақтың шығармашылық кешіне облыс әкімі Ерлан Қошановтың өзі қатысып, соңына дейін тамашалады. «Қуатты ойдан бас құрап» (Абай) сөз сөйледі әкім. Аз сөйледі, бірақ, саз сөйледі. Қорекеңнің қадіріне жеткеріп айтты. «Дүниеде елдің, жұрттың ыстық ықыласынан артық ештеңе жоқ» деп бір қайырса, «Халықтың мұнша ықыласына ие болған Сіз бақытты жансыз» деді енді бірде. Көрерменнің қошеметімен кеш иесінің иығына шапан жапты аймақ басшысы.

Қорабай ағамыздың әнімен өскен ұрпақтың ұлы өнерге деген құрметі деңіз. Тәуелсіздік жылдарының төлі бүгінгі жастар бұл кісіні тек таспадан тыңдап өстік. Ал, Қорекеңнің қатарластары һәм ол кісіден үлкендері де сол кезде Қорабайдың әнімен ұйықтап, Қорабайдың әнімен оянатын кез болғанын жасы ілгерілер жырдың күйіндей қылып айтады. Халық айтады, бажайлап, біліп, анық айтады!

Кеш иесі концертін «Жас қалам» әнімен ашты. Гитара шертісі әлі сол біз таспадан тыңдағандай күйде. Шын жүйрік жүрісінен жаңыла ма?! Өзінің шәкірті, әнші Сейіл Аяған Қорекеңнің жеті ішекті гитара тартқанын әспеттегенде: «сөз жоқ, чудо!» дегенін талай естіп едік. Кезінде Мәскеудегі қазақ өнерінің онкүндігінде қазақтың бұлбұлы Күләш Байсейітова ән салғанда Ғабең де (Ғ.Мүсірепов) басын шайқап осы сөзді айтқанын оқып едік. Кездейсоқ емес! Мен бұл жерде Ғабең мен Сейіл ағаны салыстырып тұрғам жоқ, әрине. Білетіндердің айтуынша, қазақта жеті ішекті гитарды Қорекеңдей шерткен өнерпаз жоқ көрінеді. Расын да, автор «Жас қалам» әнін орындағанда, жалғыз гитарасының өзі оркестрдей естілетінін мойындамау мүмкін де емес.

Концерттің атының өзі Есенов есімінің анықтауышындай емес пе? «Мәңгі шырақ»! Өзі де өнер кеңістігінде маздап жанар мәңгі шырақтай. Бұл әнді де орындады қазақ гитара өнерінің атасы. Әншінің шығармашылық кешіне арнайы келген атақтылар жетіп артылады. Қазақ ұлтының классикалық әндерін салушы әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ғалым Мұхамедин ағамыз Қорекеңнің құрметіне «Гәккуді» шырқады. Қазақ әндерінің еркесі – «Гәкку»! Қобыздан скрипка шыққандай, Қорабай аға гитарадан қазақы үнқалықтатса, жастайынан осы «Гәккуге» қанып өскенінде болар. ҚР еңбек сіңірген әртісі, әнші Серік Оспанов болса, Ақселеу Сейдімбектің «Сарыарқа» әні мен Жәнібек Кәрменовтің «Жаңаарқа» толғауын салды. Бүгінде қазақ радиосының Алтын қорынан Қорабай ағамыз жас күнінде шырқаған 13 әнін тауып қойыпты бұл кісі.

Жанына гитараны серік еткен Қорабай ағамыз домбыраны да сөйлете береді. Шертпе күйден шертті кешінде. Композитор Жағыпар Әлімханов домбырада, кеш иесі гитарада біраз ән шырқады. Шырқалмаған ән, шертілмеген күй қалмады дегізгендей қылды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, дәулескер күйші, профессор Жанғали Жүзбаев ағамыз да арнайы келіпті. Төлеген Момбековтің «Салтанатынан» кейін «Қорабай» күйін тартты. «Күй кеш иесіне ертеректе туып еді, енді шығарып тұрмын» дейді күйші Жанғали ағамыз. Қазақ эстрада жұлдызы Сейіл Аяған ағамыз Шәмшінің әнін шалқытты. Сахнада Қорабай ұстазының рұқсатымен Жанболат Бабақовтың сөзіне жазылған Шыңғыс Мұқаевтың «Суретші сыры» әнінің тұсауын кесті.

Қазақтың бард әншісі атақты Табылды Досым кезінде сонау Атыраудан арнайы іздеп келіп, Қорабай ағадан бата алғанын білеміз. Бүгінде сол Табылды ағамыздың өзі жоқ, әні мен жыры жаттаулы жүрегімізде. Қазақ өнерінің қара нарындай ән-ағаның одан да басқа шәкірттері жетерлік қой. Ұлы Даламызда гитара шерткендердің бәрі Қорабай Есеновтың мәңгі шырағына қарап бой түзеген. Түзейді де. Содан қуат алады. Ал, әні Арқадан Атырауға, Атыраудан Алатау, Алтай асып кеткелі қашан?! Енді ол Тәңірінің берген өнерін ешкім тоқтата алмасы анық.

 Кеш соңында облыс әкімі Ерлан Қошановтың атынан ықылас гүлі ұсынылды.

Жәнібек ӘЛИМАН,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button