Мемлекет тұрмысы төмен отбасы балаларына берілетін кепілдендірілген әлеуметтік пакетке кіретін заттардың тізімін анықтады.
Елімізде балаларға арналған кепілдендірілген әлеуметтік пакеттің тағайындалуы аз қамтылған азаматтарды әлеуметтік қорғау бағытындағы маңызды жаңашылдықтардың бірі болды. Кепілдендірілген әлеуметтік пакет – бұл 1 жастан 18 жасқа дейінгі баласы бар аз қамтылған отбасының әрбір баласына берілетін көмек.
Көмек пакеті шартсыз немесе шартты ақшалай көмек алатын тұрмысы төмен отбасыларға беріледі. Алты жастан он сегіз жасқа дейінгі балалары бар отбасыларға кепілдендірілген әлеуметтік пакет тиісті оқу жылы алдында беріледі.
1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға арналған кепілдендірілген әлеуметтік пакет ай сайын азық-түлік жиынтығы және тоқсан сайын тұрмыстық химия тауарларының жиынтығы түрінде ұсынылады.
Азық-түлік тізімі Үкімет қаулысымен бекітіліп, осы жастағы балалардың физиологиялық ерекшеліктерін, тағамдық және энергетикалық құндылығын ескере отырып жасалған. Әлеуметтік пакет құрамында анемия, рахит, дисбактериоздың алдын алу үшін кальций және басқа микроэлементтермен байытылған дәрумен, пробиотиктері бар әртүрлі (сүт, көкөніс, жеміс) өнімдер енгізіледі.
Орта білім беретін ұйымда оқитын 6 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға арналған кепілдендірілген әлеуметтік пакетке:
1) мектеп формасы немесе спорттық киім, мектеп құралдары;
2) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган белгілеген нормаларға сәйкес оқу жылы кезеңінде оқу орнында (оқу күндері) күнделікті бір рет ыстық тамақ;
3) қоғамдық көлікте (таксиден басқа) билеттің толық құнының 50 пайызынан кем емес мөлшерде жеңілдікпен жол жүруі кірген.