Жаңалықтар

Үкіметке ұсыныс: Жаңа облыс шекарасы сызылды

Облыстық мәслихаттың кезектен тыс ХІІ сессиясында Қарағанды және Ұлытау облыстарының шекарасы нақтыланды. Сессия қорытындысы бойынша Үкіметке нақты ұсыныстар енгізіледі. Ал, ұсыныс бойынша жаңадан құрылатын Ұлытау облысының құрамына Жезқазған, Қаражал және Сәтбаев қалалары, сондай-ақ, екі аудан кірмек. Олар – Жаңаарқа және Ұлытау аудандары.

Бұған дейін бес аймақтың жергілікті әкімдерінің бірлескен шешімдері шығып, қабылданған. Яғни, олардың барлығы халықтың әл-ауқатын, тұрмыс салтын жақсартуға бағытталған, – деді облыстық мәслихат хатшысы Серік Өтешов.

Облыстық экономика басқармасының басшысы Азамат Мұқановтың айтуынша, Қарағанды облысының әкімшілік-аумақтық құрылымын анықтау жобалары әзірленген.

Жезқазған, Қаражал, Сәтбаев қалаларында, Жаңаарқа, Ұлытау аудандарында 12-13 сәуір аралығында жоғарыда аталған өңірлерді Ұлытау облысына қосу мәселесі бойынша мәслихаттың қалалық-аудандық сессиялары өткізілді. Сессия қорытындысы бойынша жоғарыда аталған өңірлердің мәслихаттары мен әкімдіктерінің тиісті бірлескен шешімдері алынды. Қалалар мен аудандардың экономикалық жағдайы ескеріліп, шешім қабылданбақ. Сонымен қатар, әкімшілік-аумақтық шекараларды көрсете отырып, Қарағанды облысы мен Ұлытау облысының жүйелі картасының жобасы әзірленді, – дейді Азамат Ибрагимұлы.

Басқарма басшысының дерегі бойынша Ұлытау облысының ауданы 18 893 661 га. Ал, халық саны – 227200. Жаңа облыс құрамына Жезқазған, Қаражал және Сәтбаев қалалары, сондай-ақ, Жаңаарқа және Ұлытау аудандары кіреді.

Ал, Қарағанды облысының құрамына Қарағанды, Балқаш, Саран, Теміртау, Шахтинск және Приозерск қалалары кіреді. Абай, Ақтоғай, Бұқар жырау, Қарқаралы, Нұра, Осакаров және Шет аудандары облыс құрамында қалады.

Қарағанды облысының ауданы 23 904 635 га болса, халық саны – 1 млн 145 мың.

Азамат Мұқанов өңірді бөлудің орындылығы туралы ғалымдардың оң қорытындысы алынғанын да айтады. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті ғылыми сараптама жүргізіп, одан бөлек, экономикалық есептеулер жасалған.

Жалпы, мұндай шешім халыққа ыңғайлы болсын деген мақсатпен қабылданған. Сессияға қатысқан аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек солай дейді. Облыс әкімінің айтуынша, жаңадан құрылатын облыстардың барлығы мемлекет тарапынан қолдау табады.

Облыстық мәслихат депутаты Ерболат Сатыбалдиннің «Облыстар бөлінгеннен кейін жаңа облыс еңсесін қалай тіктей алады, жүйе құраушы кәсіпорындар қалай бөлінеді?» деген сұрағына осындай жауап берді.

Халықтың пікірін ескере отырып, шешімге келіп отырмыз. «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС бөлімдері еліміз бойынша бірнеше облыста жұмыс істеп жатыр. Сондықтан, бөлінген кезде ол үлкен проблема болмайды деген ойдамыз. Жалпы, Ұлытау облысының орталығы – Жезқазғанға ғана емес, моноқалаларға да қаржылай қолдау көрсетіледі, – деді Жеңіс Махмұдұлы.

Ал, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС әкімшілік корпусы алдын ала қабылданған шешім бойынша Жезқазғанға көшеді де, қызметкерлері жаңа облыстың құрамында қалады.

Халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында облыс әкімі Ұлытау ауданы, Жезқазған қаласы, Жаңаарқа аудандарында тұрғындармен кездесетінін де айтты. Жеңіс Қасымбек кездесіп қана қоймай, жеке қабылдау да жүргізеді.

Сессия жұмысы барысында Қарағанды облысының 2022-2024 жылдарға арналған облыстық бюджет шешіміне өзгерістер енгізу мәселесі де қаралды.

Салтанат ІЛИЯШ. 

Басқа материалдар

Back to top button