Цифрлық карта: қандай жаңалық әкеледі?
Мемлекет басшысы Жолдауында осы мәселені қолға алуды тапсырғанда, көбіміздің түсінбей қалғанымыз рас-тын. Бақсақ, бар мақсаты отбасының барлық құжатын, ақпаратын бір картаға тоғыстыру екен. Ендігі «Отбасының цифрлық картасы» іске қосылып үлгерді. Қазір 19,6 миллион қазақстандықтың 6,5 миллионнан аса отбасыға кіріктірілгені анықталды. Яғни, осынша шаңырақ бар. Біз де цифрлық картаны жай ғана дерекқор деп ұғынған едік, қателесіппіз. Бұл арқылы аз қамтылған отбасыларға қолдау көрсетіледі. Үкімет нақты кімнің мемлекеттің көмегіне шын мәнінде мұқтаж екенін біледі.
Енді, елдегі барын жоқ қылып, мемлекеттен миллион теңге атаулы көмек алуға шын мәнінде тосқауыл қойылмақ. Міне, цифрлық картаның жаңалығы, игілігі осында екен…
Зер салып оқып отырсаңыз, Президенттің кейінгі Жолдауы елдің әлеуметтік мәселелеріне басымдық береді. Әсіресе, атаулы әлеуметтік көмектің (АӘК) бірыңғай жүйесін құруды қолға алады. Мемлекеттік қамқорлығына ең зәру отбасылар анықталып, Үкімет соларға атаулы-адресті түрде жәрдемдеседі.
Келесі жылдан бастап, «Отбасының цифрлық картасы» және «Әлеуметтік әмиян» сияқты тетік-тәсілдерді енгізу жоспарланған. Мамандардың сөзіне сенсек, мемлекеттік қолдаудың түрлі шаралары бір жерге біріктіріледі. Оның бәрі «барынша түсінікті, ең бастысы, атаулы болады әрі алдын ала жасалады».
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың нақтылауынша, Отбасының цифрлық картасы (ОЦК) қазірдің өзінде пилоттық режимде енгізілді. Енді мақсат оны алдағы жылға дейін толыққанды іске қосу болып отыр.
– Бұл іс кезең-кезеңмен жүзеге асырылады. Біріншіден, 1-қыркүйектен жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің 9 түрі бойынша ОЦК пилоттық режимде енгізілді. Екіншіден, алдағы желтоқсан айында, жаңа Әлеуметтік кодекс жобасының аясында ОЦК енгізу үшін «Дербес деректер туралы» және «Ақпараттандыру туралы» заңдарына өзгерістер енгізу жоспарланған. Бұл аталған тетікті заңдастыру үшін қажет. Үшіншіден, жаңа 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап әлеуметтік қорғау саласында мемлекеттік кепілдіктер бекітіліп, беріле бастайды. Төртіншіден, 2024 жылғы 1 қаңтардан денсаулық сақтау және білім беру салаларында барлық мемлекеттік кепілдіктер, қызметтер осы карта арқылы ұсынылады. Ал, 2025 жылғы 1 қаңтардан цифрлық карта мемлекеттік кепілдіктердің, әлеуметтік көмектің барлық түрін қамтитын болады – дейді ведомство басшысы.
Қарап отырсаңыз, Отбасының цифрлық картасы барлық шаңыраққа қажет. Біз айтып отырғанымыздай, тек мемлекеттен көмек алу үшін ғана емес. Шаңырағыңызға шыр етіп сәби келсе, жұмыссыз қалса, асыраушысынан айырылса, зейнеткерлікті рәсімдесе және басқа жағдайларда осы карта арқылы жүгіне аламыз.
Отбасының цифрлық картасы «әрбір отбасының отбасылық құрамы мен әл-ауқаты деңгейіне қарай мемлекеттік жәрдемақылар, төлемдер алуға құқығын жүзеге асыруды қамтамасыз етеді». Мысалы, 1 (келесі жылы 1,5) жасқа толмаған баласы бар отбасы бала туу бойынша жәрдемақы алады. 4 және одан көп балаға ие отбасы олар 18-ге толғанша, ай сайын жәрдемақы алып тұрады. Оның бәрі осы карта арқылы жүзеге асады. Тағы бір жаңалығын айта кетсем, цифрлық карта жәрдемақыларды проактивті форматта, яғни көмек алушыдан өтініштің түсуін күтпей-ақ тағайындауды қарастырады. Мысалы, жұбайыңыз босанып, отбасыға жаңа мүше қосылса, мемлекет нәрестелі болған ананың өтініш, құжаттар көшірмесін әкеліп, бала туғанын дәлелдеуін күтпей-ақ, оған жәрдемақы төлей бастайды. Себебі, сәбидің өмірге келген дерегі базада пайда болады, – дейді жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүніспекова.
Иә, қалай қарағанда да «Отбасының цифрлық картасы» озық бастама болып тұрғанын анық көруге болады. Басқарма басшысы, Әсем Айтжанқызы облыста да аталған жоба бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын алға тартып, алдағы уақытта толық игілігін, жемісін береді деп сендірді…
Қасымхан ҒАЛЫМ.