Ресми

Тарихи жобалар жүзеге асты

Бүгінгі таңда облыста «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында мәдени ескерткіштерге археологиялық қазба жұмыстары жүргізілуде. Талды тарихи-археологиялық паркі аумағындағы ескерткіштерге зерттеу жұмыстары толық аяқталғаннан кейін тарихи-археологиялық паркі  ашылмақ. Бұл жөнінде облыс  әкімінің орынбасары Абзал НҮКЕНОВТЫҢ төрағалығымен  өткен кеңесте  айтылды. Жиында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы  аясындағы мәдени әрі спорттық  іс-шаралардың аймақта жүзеге асырылуы жөнінде баяндалды.

Жалпы, биыл облыста «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында мәдениет және өнер мекемелерінің атсалысуымен 23 жобаны іске асыру көзделген болатын.  Алайда, еліміздегі жағдайға байланысты көпшілікке арналған бірқатар жобаларды өткізбеу туралы шешім қабылданғаны белгілі.  Осы орайда мәдениет және өнер мекемелері тиісті жұмыстарын онлайн форматқа көшірді. Мәселен, «Қазақстанның рухани киелі жерлері», «Қазақстанның сакралдық географиясы» арнайы жобасына сәйкес 4 жоба жүзеге асырылды.  Өлкенің тарихын зерттей отырып, мәдени мұраның орасан зор маңызын ескеру міндеттелді. Оған қоса облыстың тарихи және мәдени ескерткіштерін сақтау да күн тәртібіндегі мәселе болды. 13 тарихи және мәдени ескерткіштерге реставрациялық зерттеу бойынша жұмыстар ұйымдастырылды. Оның ішінде ерекше қорғауға алынған батырлар мен билердің кесенелері бар.

– Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында мәдениет және өнер саласы ұйымдары мен қызметкерлерінің арасында өткізілген «Рухани қазына – 2020» ІІI республикалық конкурсында Қарағанды облысының мәдениет саласы қызметкерлері 7 номинация бойынша жеңімпаз атанғанын мақтанышпен айтамыз, – деді «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңсесінің басшысы Айтбай Жұмағұлов.

Биылғы жүргізілген ғылыми-зерттеу жұмыстары жайлы Қарқаралы ауданының археологиялық ескерткіштерінің картасы мен Қарағанды облысының ескерткіштері бойынша кітап-альбом жарық көретінін айта кеткен жөн.

Онлайн өткен жиында сондай-ақ, Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасында жүзеге асқан ілкімді істер сөз болды. Басқарма мамандарының мұрындық болуымен “Рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында 3 жоба іске асты. Бұл жөнінде дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Темірхан Абылаев мәлімдеді.

Басқарма басшысының сөзіне сүйенсек, 2018 жылдан бастап 5 арнада “Қарағанды спортының 100 есімі” атты 12 бағдарлама жарық көрді. Олар Қазақстанның Тәуелсіздік жылдарында Қарағанды өңірінде спорттың даму тарихын нақты жеке мысалдар арқылы көрсетті. Бағдарламада облыс тұрғындарына спорт мектептерінің құрылуы, олардың негізін қалаушылар және бүгінгі таңда жұмыс істеуі жөнінде баяндалады.

–Екінші  церебралды сал ауруы бар балаларға арналған “Футбол барлығы үшін” жобасы (10 млн.тг.). Жобаны іске асыруды біз 2019 жылы бастадық және жыл соңына дейін церебралды сал ауруы бар 50 баланы футболмен жүйелі шұғылдануға тартуды жоспарлап отырмыз. Карантинге байланысты жаттығулар онлайн режимде өткізілді, – деп атап өтті ол.

Қазіргі таңда спорт басқармасының ықпалымен үшінші жыл ұлттық спорт түрінен қазақ күресін дамытуға және насихаттауға бағытталған жоба жүзеге асырылуда. Жобаның бастамашысы және демеушісі “ЗАККАР” спорт клубының президенті Абай Зикиров.

Темірхан Серікбайұлы сондай-ақ, 2019 жылы “Рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында жүзеге асқан  “Қазақстанның 100 жаңа есімі” жобасының “Спорт” номинациясы бойынша 5 жеңімпаздың арасында облыстың екі өкілі бар екенін атап өтті. Олар бокстан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері – Абылайхан Жүсіпов және ауыр атлетикадан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы – Иван Снегуров.

Жиында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жобаларының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар саласы да сөз болды. Бұл жөнінде жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүнісбекова мәлім  етті.

Абзал Нүкенұлы басқарма басшыларына алдағы уақытта да бағдарлама аясында жүзеге асатын жұмыстардың уақытында әрі сапалы орындалуын қадағалауды тапсырды.

 Аяулым СОВЕТ.

Басқа материалдар

Back to top button