Жаңалықтар

Біздің болашақ бекхэмдер

Қарағандының футболшылары алдыңғы қатарда. Оған жас аяқдоп шеберлеріміздің Шымкент қаласында өткен 2009 жылы туған жасөспірімдер арасындағы футболдан ел чемпионатында II орын алғаны дәлел. Айтулы біріншілікке барлығы 12 команда қатысқан.

Аймақтың намысын чемпионатта «Жастар» облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер олимпиадалық резерв мектебінің 18 жас футболшысы лайықты қорғады.

– Чемпионат 10 күнге созылды. Жас футбол шеберлері аға жаттықтырушылар Олег Беляев пен Алексей Пацуковтың басшылығымен жақсы нәтиже көрсетіп, турнирдің II орынына табан тіреді. Былтыр олар ел чемпионы болған еді. Құраманың әлеуеті зор, – деп атап өтті «Жастар» ОРМБЖМ басшысы Балғабай Нұрланов.

Олимпиадалық резерв мектебінде қазір 7 жастан 18 жасқа дейінгі 1500 бала жаттығуда. Сабақтар тегін, оларды жоғары білікті жаттықтырушылар өткізеді. Мектептің филиалдары облыстың барлық қала, аудандарында бар. Мектеп 2000 жылы ашылғанда «Рахат» облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі деп аталып, кейін «Жастар» болып ауысқан. Қазір балалар мен жасөспірімдердің спортпен айналысуына және өңірде футболды дамытуға басты назар аударады. Жас футболшылар «Шахтер», «Литейщик» стадиондарының алаңдарында және «Аманат Арена», «Адэль», GGG спорт кешендерінің спорт залдарында жаттығады.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button