Қымбат маска індеттен қорғай алды ма?
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысы елдегі төтенше жағдай режиміне байланысты және медициналық жабдықтармен тез қамтамасыз ету керек болғандықтан, осындай шешімге барғанын жеткізді.
– Бұл қарапайым маска емес. Бұл маскалар реанимация бөлімдерінде жұмыс істеуге арналған. Ол жерде өкпені жасанды желдету аппараттарында жатқан науқастар. Сондықтан, дәрігерлердің қорғанышы жоғары болуы тиіс, – деді басқарма басшысы Ержан Нұрлыбаев.
– Маскалар бетті толығымен жауып тұрады. Ауыстырылатын көмір сүзгісі бар аэрозольдерден қорғайтын 3М түріне жатады. Коронавирус ауа арқылы жұғатындықтан, мұндай маскалар көз, ауыз қуысы мен мұрынды науқастың аэрозольді бөлінділерінен қорғап, тыныс алу органдарының қорғанысын қамтамасыз ете алады, – деп түсіндірді басқарма басшысы.
Оқырмандардың бір қатары маскалардың бағасының қымбаттығын айтса, келесі біреулері сатып алу шараларының дұрыс ұйымдастырылмағандығын алға тартады.
Маскаларды сатып алғандығы туралы ақпаратты шығарған Zertteu Research Institute қоғамдық қоры сарапшыларының айтуынша, сатып алу шаралары дұрыс емес екен.
– «Мемлекеттік сатып алулар туралы» ҚР Заңының 21 бабында сатып алынатын заттың барлық сипаттамасы берілуі тиіс. Бұл жағдайда ондай сипаттама берілмеген. Сондықтан, қандай тауарды сатып алғысы келетіні түсініксіз. Біздің бұл жерде назар аударғанымыз – осы, бағасы емес. Алатын заттың нақты сипаттамасы болмаса, жемқорлық тәуекелінің артатыны рас, – деді Zertteu Research Institute қоғамдық қоры сарапшысы Ғалымжан Оразымбет.
Ал, басқарма сатып алу шараларының ерекше тәртіп бойынша жүргізілгенін мәлімдеді.
– Аталған маскалар ведомствоаралық комиссия мақұлдаған тізімге енгізілген. Сатып алу мемлекеттік сатып алу нормаларымен емес, бір көзден сатып алу нормаларымен жүргізілді. Бұған пандемия әсер етті. Баға ұсыныстарын жолдаған әлеуетті жеткізушілердің арасынан ең төменгі деген бағаны таңдап алдық,– деп түсіндірді Ержан Шәкірұлы.
Карантин салдарынан барлық медициналық құралдар мен дәрі-дәрмектің бағасы еселеп артып кетті. Сол дүрбелеңді пайдаланып біраз адам қалтасын қампитты. Қазір, төтенше жағдай режимі алынып тасталғаннан кейін аталған маскаларды әлдеқайда арзан бағамен сатып алу мүмкіндігі бар. Интернеттегі satu.kz сауда-саттық алаңында 3М түріне жататын маскалар 20 мың теңгеден бастап 50 мың теңге аралығында саудалануда. Бағасын 28 мың деп қойған солардың біреуіне хабарласып көргенімізде, маскалардың барлығы қазір Қытайдан әкелінетінін, көп көлемде және құжаттарсыз алатын болсақ, ақшасын түсіріп беретінін айтты.
Қалай болғанда да, шұғыл қажеттілікке байланысты қымбат құрал алынды. Ержан Нұрлыбаевтың айтуынша, тіпті, тозайын деп қалыпты. 13,6 миллион теңгеге алынған маска шынымен дәрігерлерді вирустан қорғай алды ма? Әуелдегі көздеген мақсаты орындалды ма? Осыны білмек болып, облыс реаниматологтарынан пікір сұраттық. Алайда, ол мүмкін емес болып шықты. Басқарманың баспасөз қызметі хабарлағандай, «басқарма басшысының мәлімдемесінен кейін реаниматологтар пікірінің қажеті жоқ. Директорлары рұқсат бермеді».
Тәжтажалмен бетпе-бет келген қанша дәрігердің ауырғаны туралы да айтылмады.
Керісінше, Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев жақында ғана Қазақстан коронавируспен күресу үшін жалпы сомасы 1,5 миллиард еуродан асатын екі несие алатындығын мәлімдеді. Ол қаражаттың мақсаты қандай екен?! Уақыт көрсетер…
Жансая ОМАРБЕК.