Білім

40 күнде қалай мұғалім атануға болады?

Президент ұстазды қоғамдағы басты кейіпкер ретінде дәріптеу маңызды екенін айтқан. Себебі, елдің дамуына бірден-бір үлес қосып жатқан педагогтердің еңбегі ерен. Осы орайда кадр тапшылығын жою үшін Президент тапсырмасымен мұғалімдер арасында көшбасшыны іріктеу әрі даярлау бойынша арнайы жобалар іске қосылған.
Білім беру жүйесіндегі педагог маманға қажеттілік мәселесін шешіп, теңсіздікті жоюға бағытталған жобаның бірі – «Teach for Qazaqstan». Бұл жоба педагогикалық білімі жоқ жас мамандарды білім беру саласына бағыттайды. Мысалы, математика мамандығын игерген, бірақ педагогика бойынша диплом алмаған мамандар, педагогиканы оқытатын арнайы курстан кейін мектепте мұғалім бола алады деген сөз.
Бағдарлама әр баланың қадір-қасиеті мен даралығы құрметтелетін қауіпсіз орта құрады. Қызықты бастама жастарға жаңа саланы үйретіп, келісімшарттық кезеңмен жұмысқа тұруға мүмкіндік беруде. Бүгінде Қарағанды облысында «Teach for Qazaqstan» бағдарламасының ықпалымен 32 педагог жұмыс істейді. Олардың дені – еліміздің өзге өңірлерінен.

«Мәселе мектеп салуда емес»

Педагогикалық білімі жоқ мамандардың мектептерде сабақ беруі, ол үшін олар арнайы курстан өтуі қажеттігін депутат Асхат Аймағамбетов атап өткен. «Мемлекет басшысының «2025 жылға дейін 1000 мектеп салу керек» деген тапсырмасы бар. Жалпы, қоғам мен сарапшылар көбінесе мектеп салудың күрделілігін ғана айтады. Мәселе мектеп салуда емес, осы білім ордаларында жұмыс істейтін 150 мың педагог даярлауда. Яғни, проблеманы шешудің басты кілті – мұғалімдер даярлау», – деген болатын министр.

Осылайша кадр тапшылығы мәселесін шешуде дүниежүзілік тәжірибе ескерілетін болды.

– Яғни, биылдан бастап белгілі бір сала мамандары арнайы курс оқыған соң мектепте сабақ бере алады. Мұны ведомство басшысы: «Мысалы, математика мамандығын игерген, бірақ, педагогика бойынша диплом алмаған мамандар бар. Енді заңнамаға енгізілген өзгеріске сәйкес, математиктер педагогиканы оқытатын арнайы курстан кейін мектепте мұғалім бола алады. Осы рәсім бойынша мектепке сапалы мұғалімдерді тартамыз. Педагог болуы керек деген міндет жоқ. Басты шарт – математиканы жақсы білу», – деп түсіндірді.

Алайда, қоғамда «Шымшық сойса да, қасапшы сойсын» деген даналықты алға тартып, «Әр пәнді өзінің маманы бергені дұрыс, бұл балаларымыздың келешегі үшін де аса маңызды» деген пікірлер де пайда болды. Бірақ, «Мұғалім жоқ» деген сөзден гөрі, «Мұғалім тапшылығы жойылды» деген пікірді алға тартып, түрлі сала мамандарын педагогикаға кіріктірген «Teach for Qazaqstan» жайлы айтпақпыз.

15 мектепке маман керек

Жобаға қатысушыларды «Teach for Qazaqstan» қоры тегін оқытады. Сондай-ақ, келісімшарттық кезеңі аяқталғанға дейін қолдау көрсетеді. Осы орайда «Teach for Qazaqstan» қоғамдық қорының директоры Гүлнара Салмен жас мамандарды білім беру саласына тартуға бағытталған жоба жайлы жан-жақты айтып берді.

– Жоба басталмас бұрын алдымен педагогикалық мамандарға қажеттілігі жоғары мектептерді анықтау үшін ұйымдарға сауалнама жүргізілді. Осылайша біз өзімізге баса назар бөлетін мектептерді анықтап алдық. «Teach for Qazaqstan» қорының өкілдері ауылдық өңірлер мен шағын қалалардың мектеп ұжымдарымен кездесулер өткізді. Кездесу нәтижесі білім беру ұйымдарымен берік байланыс орнатуға көмектесті. Біз педагогикалық кадрларға қажеттілігі бар 15 серіктес мектепті анықтадық. Бұл осы білім беру ұйымдарының қажеттіліктерін қанағаттандыруға бар күш-жігерімізді бағыттауымыз керек.
2023 жылдың сәуір айында облыстық білім басқармасы қормен меморандумға қол қойды. Бұл біздің серіктестігіміз бен ынтымақтастығымызды нығайтатын құжат, – деді Гүлнара Салмен.

Нақтылай өтсек, «Teach for Qazaqstan» қоры конкурстық негізде кандидаттарды анықтап, оларды қайта даярлау курсынан өткізеді. Жеңімпаздар сертификат алғаннан кейін серіктес мектептерге жұмысқа орналасады. Қор жобаға қатысушыларға әдістемелік көмекпен қатар кураторлық пен коучингтік қолдау көрсетеді. Екі жылын өңірлік мектептерде сабақ беруге арнауға дайын түрлі сала мамандарын іріктеп, оқытады.

– Бағдарлама аясында қатысушылар өңірлік мектептерге ресми жұмысқа орналастырылып, толық қаржылай, әдістемелік және жетекшілік қолдау табады. Бағдарламаның қатысушылары еңбекақыға қосымша 300 000 теңге көлемінде ай сайынғы шәкіртақы алады. Қатысуға педагогикалық та, сондай-ақ, басқа бағыттардың да жоғары білімі бар мамандары шақырылады. Қатысушылар ұстаздық қызметпен қатар қоғамдық жұмыстармен де айналысады және өңірде мәдени-ағартушылық жобаларды да қолға алатын болады. Жобаға қатысушылардың бұдан бұрын педагогикалық салада қызмет атқармағанын атап өткен жөн. Қазіргі уақытта 31 қатысушы Қарағанды облысындағы 9 мектепте ұстаз ретінде жұмыстарын жалғастыруда, – дейді Гүлнара Салмен.

Қатысушылар қуанышты

Сол ұстаздардың бірі, «Teach for Qazaqstan» қатысушысы – Ұлбосын Сәрсенбай. Бағдарламаның алғашқы түлегі атанатын Ұлбосын – бүгінде Шахтинск қаласындағы Новодолинка мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі. Ұлбосыннан жаңа жердегі өмірі, тұрмыс ерекшеліктері жайлы айтып беруін сұрадық.

– Мен Түркістан облысында «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәні мұғалімі мамандығын игердім. Кейін «Ernur.kz» сайтында журналист болып қызмет атқардым. Педагогтер арасына келіп, тәжірибе жинау оңай болған жоқ. Мені алаңдатқан мәселе – шалғай ауылдардағы мұғалімдер тапшылығы. Оған қоса қазіргі заманда шетелде және мегаполистерде оқу мүмкіндігі тұрғанда ешкім ауылды таңдамайтыны тағы бар. Ауыл балаларына білім беріп, көмектескім келді. Екі жылдық тәжірибе жинау барысында мектептегі мұғалімдер көп қолдау көрсетті. Алдағы уақытта Астана қаласына ауысып, мұғалімдік жолды жалғастырмақпын, – дейді Ұлбосын.

Жас маманға басында Арқаның ауа райы мен орыс тілін меңгеруде қиындықтар болған. Кейінде жас маман жергілікті халықтың тұрмыс-тіршілігіне үйреніп кеткен.

– Бұл жерді соншалықты жақсы көріп кетемін деп ойлаған жоқпын. Басында көңілім қалмас үшін үлкен үміт артқан да жоқпын, бірақ, бәрі ойдағыдай болды. Қала кішкентай болғанына қарамастан, 40 000 адам тұрады. Мұнда инфрақұрылым жақсы дамыған. Шахтинск қаласының азаматтары әрқашан көмекке келуге дайын. Көшеде балалар мені көрсе, қуанады, – дейді жас педагог.

Ал, Петропавл қаласының тумасы Сая Есмахан қазіргі таңда Балқаш қаласына қарасты Қоңыраттағы Ы.Алтынсарин атындағы №1 мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі болып жұмыс істейді.

– Университетте қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі мамандығын оқыдым. Осы бағдарлама арқылы басқа қаланы таңдаған себебім – өзгеріске бейім адамдармен бір ортада болғым келгендігі. Жоба көп үйретті, мұнда білікті мамандар жұмыс істейтіндіктен, педагогика саласына жан-жақты бейімделдік. Жоба тұрғылықты жерімізге дейін кепілдік беріп, барлық жағдайды жасап отыр. Менің бағдарлама аясындағы келісімшарт мерзімім аяқталуға аз қалды. Екі жыл өте шықты. Бірақ осы аймақтағы тұрғындарға, мектепке, оқушыларға үйреніп қалдым. Мектепте жұмысымды жалғастыра беремін деген ойдамын, – дейді Сая Есмахан.

Жоба қатысушысының бірі Сайёра Нарқұлова – Балқаш қаласында тұратын және жұмыс істейтін география пәні мұғалімі. Оның әңгімесін тыңдай отырып, педагогикалық бейінін бірден сезіндік.

– «Мектептегі керемет күн қай күн?» десе, ойланбастан «1 қыр­күйек» дер едім. Директордың орынбасары Маржан Мағазқызы бір шоқ гүл сыйлап, «Біздің алтын ұямыздағы жаңа оқу жылы құтты болсын!» деп сәттілік тілеген сәті сондай ұмытылмас әсер қалдырған болатын.

Мен Ы.Алтынсарин атындағы мектепте жұмыс істеймін. Бұл мектеп 500 оқушыға арналған, сонымен қатар, 40-қа жуық мұғалім жұмыс істейді. Ұжым жылы қабылдап, жағдайымызды сұрап, қамқорлық танытып отырады. Жаңадан келген сәтте өзге адамның жылы қабақ танытқаны, күлімсіреп қарағанының өзі зор қолдау екенін мойындау керек.

«Гастроном» дүкеніндегі сатушы алғаш танысқанымызда «Жаңадан келген мұғалімсіз бе?» деп сұрады. «Менің жиеніме сіздің сабақ ұнапты, үйде айтып отырады» дегені тіпті, шабыттандырды. «Оқушылар мені қалай қабылдады?» дейтін сұрағыма жауапты кездейсоқ таптым, – дейді Сайёра Нарқұлова.

Турлов қолдау көрсетті

Директор сөзіне сүйенсек, «Teach for Qazaqstan» қорына демеуші бола отырып, түрлі салаларда айтарлықтай қолдау көрсетуге болады. Жоба осы орайда мониторинг жүргізеді және оның нәтижелерін бағалайды. Бағдарламаның негізін қалаушы және қоғамдық қор директоры – Гүлнара Салмен.

Жалпы, «Teach for Qazaqstan» жобасының негізгі серіктестері – Freedom Holding Corp. Бұл компания – миллиардер, инвестор және CEO Freedom Holding Corp (FRHC) негізін қалаушы Тимур Турловқа тиесілі.

2008 жылы шағын инвес­тиция­лық компания ашып, кейін оны әлемнің 20 елдерінде өкілдіктері бар халықаралық қаржы тобына айналдырған Тимур Турлов жобаның жүзеге асырылуына қолдау көрсеткен.
Бүгінде кәсіпкерлер ықпалымен жүзеге асқан жаңа «бүйірлік» білім беру жобасы «Teach for Qazaqstan» – сәтті жұмыс істеуде. Қарағанды облысының білім беру ұйымдарында 24 мыңнан аса педагог жұмыс істейтіндіктен, 16 374 педагогтің жаңа жүйе бойынша біліктілік санаты бар. Дегенмен, өткен жылдары педагогтерге қажеттілік 127 адамды құрады.

Аяулым СОВЕТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Суреттер ұйымдастырушылардан

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button