Руханият

Зерек туған Зүфнүн

Ер-азаматын «хан» сайлап, өзі «ханшадай» ғұмыр кешетін ерек бітімді әйелдер болады. Өзі ел көзіне көрінбесе де, туысы мықты әйел екенін көреген жұрт сезеді. Өйткені, қосағы сорлы еркектің еліне емін-еркін қызмет етуі де екіталай. Биыл туғанына 125 жыл толатын аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Нығмет НҰРМАҚҰЛЫНЫҢ да көптеген биікті еңсеріп, халық игілігіне қалтқысыз еңбек етуіне қомақты үлес қосқан аяулы жары Зүфнүн ЫБЫРАЙҚЫЗЫ еді…

Жілігінен май арылмаған ауқатты, зиялы әулеттен шыққан Зүфнүн Нұрмақова – атақты Жақып Ақбаевтың бауыры Ыбырайдың бес ұлының арасында еркелеп өскен жалғыз қызы. 1904 жылы Семей қаласында дүниеге келген. Көзі ашық, көкірегі ояу әкесі оны орыс гимназиясында оқытқан. Сонда оқып жүріп, болашақ жары Нығметпен танысады. 1920 жылы шаңырақ көтерген сәттен бастап, Зүфнүннің ерлік жолы басталды деп есептеуге болады. Өйткені, осы кезеңде Қазақ автономиясы құрылып, Нығмет Коммунистік партия қатарына қабылданып, Орталық атқару комитетіне мүшелікке өткен. Яғни, жоғары қызметке орналасып, елге қызмет ету басталған тұс еді. Арқа жұртына абыройы асқақ, беделі биік отбасында тәрбиеленген кейіпкеріміз өмірінің соңына дейін осы ұстанымынан танбағанын, жүріп өткен өмір жолынан көреміз.

Өз туған-туысқандары тоз-тоз болып, жер аударылып, итжеккен жақта жүріп қаза болады. Атылғандары атылады. Өсіп-өнген дарынды ұрпақ тып-типыл болса да, өзі қанша азап шексе де жарқын болашақтан үмітін үзбеген.

Медицина ғылымдарының докторы, про фессор Аман Нұрмақовтың естелігіне сүй енсек, Нығмет Нұрмақов тұтқындалған соң, арада бір ай өтпей 1937 жылы 20 шілдеде зайыбы Зүфнүн тұтқындалады.

– Көршіміз маршал Тухачевскийді алдын да ұстап әкеткен болатын… Кейін Нығметпен кездесуге рұқсат сұрап, НКВД-ға талай бардым. Күнде «ертең кел» дейді. Ақыры жолым болмай сергелдеңге түсіп жүргенімде көп ұзамай, яғни, 20 шілде күні өзім тұтқындалдым. Мәскеудің Бутырка түрмесінде төрт жарым ай отырдым, – деп еске алған екен Зүфнүн анамыз.  

Әуелі ату жазасы қолданылсын деген шешім шығарылған. Кейін балаларының жасын елеп, ол жаза он жылға лагерьге жіберілсін деген шешімге ауыстырылыпты. Зүфнүн Ыбырайқызы басында Мәскеудегі Бутырка түрмесіне қамалып, одан соң Карелия, АЛЖИР (Ақмола) лагерьлеріне жіберіледі. Лагерьде мезгілін өтеген соң, Қарағандыдағы туыстарына келіп, шахтада жарық беруші болып істейді. Себебі, 1956 жылы ақтау туралы жарлық келгенше, оған Мәскеу мен Алматыда тұруға рұқсат болмаған. Нұрмақов ақталған соң, Мәскеу қаласында тұрып, оның мұраларын көзінің қарашығындай сақтайды. 1991 жылы Жәмел Нұрмақұлының қызы Рабиға Алматы қаласына көшіріп әкелген. 1996 жылы 9 қаңтарда өмірден өтіп, «Кеңсай» зиратында жерленген.

– Зүфнүн анамыз сол әділдіктің орнағанын көріп өмірінің соңында аяулы жар атағының аясында, аруағын елімен бірге ардақтап тыншу ғұмыр кешті. Өкініштісі, екі баласының үлкені Тамара жетімдер үйінің «рақатына төзе алмай ол дүниелік болды (маған сол әпкемнің есімі беріліпті), жалғыз ұлы, Кеңес офицері Ноян өмірге Нығмет, Елена есімді екі бала әкеліп, зобалаң жылдар қалдырған сырқат салдарынан бертінде, Мәскеуде анасымен бірге тұрған шағында қайтыс болды, – деп жазған екен Нығмет Нұрмақовтың жиені Тамара Смағұлова 2005 жылы «Азия Транзит» газетіне жарияланған «Халқына арнап өткен бар ғұмырын» атты мақаласында.

Қаламы қарымды қаламгер Мағира Қожахметованың «Айқын» газетіне берген бір сұқбатында «Нығмет Нұрмақовтың әйелі Зүфнүн апамызбен әңгімелескен блокнот та сақтаулы. Ұзақ жыл түрмеде отырған еді ғой, марқұм…» деген дерек бар. Бұл жөнінде алдағы уақытта жазу ниетіміз бар…

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button